Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Палатаның пәрменді ұсыныстары

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанда кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасау болып табылады. Ол үшін бірқатар бастамалар ұсынылып, белсенді жұмыс жүргізілуде.

Алматыда өткен қазақстандық заң форумы барысында «Атамекен» палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов ұлттық палата 2015 жылдан бастап Қала құрылысы кодексін әзірлеу қажеттігі жөніндегі мәселені көтеріп келе жатқандығын айтты. Мұндай актіні қабылдау заңға тәуелді реттеулердің, сілтемелік және бланктік нормалардың көптүрлілігін жойып, әр мағыналы түсіндірулерді болдырмайды. Бұл ретте Қала құрылысы кодексі жобасын әзірлеудің орындылығын анықтауға бағытталған, оның ішінде, халықаралық тәжірибені зерделеумен қатар сәулет, қала­құрылысы және құрылысты дамыту саласында зерттеулер жүр­гізілуде.
«Атамекеннің» тағы бір бастамасы – ЖШС кірістерін жылдық қорытынды бойынша ғана емес, сонымен қатар тоқсандыққа, жартыжылдыққа бөлу мәселесі. Спикер атап өткендей, заңды тұлғалардың таза табысын бөлу туралы Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесімен ұқсас көршілердің тәжірибесі мұқият зерделенген. «Ұлттық палата қатысушыларға таза кірістерді жылдың қорытындысы бойынша ғана емес, сонымен қатар тоқ­санға, жартыжылдыққа бөлу туралы шешім қабылдауға мүм­кіндік беретін өзгерістер енгізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысын Үкімет және Парламент Мәжілісінің депутаттары бірауыздан қолдады», – деді Рустам Жүрсінов.
ҰКП басқарма төрағасының орынбасары сондай-ақ ҚР Экологиялық кодексінің жаңа жобасына түсініктеме берді. «Қолданыстағы Экологиялық кодекстің проблемаларының бірі – оның фискалдық және жазалау сипаты болып табылады. Кодексте келтірілген залалды қаржылай өтемақы төлемес бұрын қалпына келтіру басымдығы қа­растырылмаған, сондай-ақ қор­шаған ортаға келтірілген залал туралы факті мен келтірілген зиян мөлшерін дәлелдеу қажеттілігі де жоқ, сондай-ақ залал келтірушінің әрекеттері салдарына қатысты себеп-салдарлық байланыс та жоқ. Тек лимиттен асу фактісі ғана белгіленеді, – деп түсіндірді басқарма мүшесі. – Осыған байланысты «Атамекен» жаңа кодексте қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу жөніндегі нормаларға экологиялық залал келтіру фактісі дәлелденген жағдайда ғана ерекше назар аудару керек деп есептейді».
Әрі қарай спикер биылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартына және «Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» кодексіне түсініктеме берді.
Атап айтқанда, ҚР Кедендік кодексіне «Атамекен» тарапынан 500-ден астам түзету енгізілді. Ірі бизнес субъектілері үшін жаңа Кедендік заңнамадағы негізгі жетістіктер: кеден органына құжаттардың негізінде толтырылған кедендік декларацияны аталмыш құжаттарды көрсетпей-ақ ұсыну мүмкіндігі, жер қойнауын пайдаланушылар үшін шартты шығару мерзімінің қысқартылуы және жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін 2010 жылға дейін әкелінген жер қойнауын пайдаланушылардың барлық тауарларының бақылаудан алынуы болды. Сондай- ақ инвестициялық келісім-шарттар аясында тауарларды беруге дейін, яғни кедендік декларациялауға дейін шығару мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан әрі ол кәсіпкерлік мүд­делерін қозғайтын заң жобалары тұжырымдамаларына және барлық нормативтік-құ­қықтық актілердің жобаларына сараптамалық қорытынды беру бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстар туралы айтып өтті. «Атамекен» құрылған сәттен бастап нормативтік-құқықтық актілер жобаларына 23 833-ден астам сараптамалық, оның ішінде – 556 заң жобалары бойынша және 93-тұжырымдамалар бойынша қорытынды берілді. «ҰКП қызмет атқарып жатқан бес жыл ішінде ескерту жасау режимінен жобаларды бірлесіп зерттеуге көшті. Осының арқасында бизнестің ескерілген ұсыныстарының пайызы айтарлықтай өсті», – деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Р.Жүрсіновтің айтуынша, ҰКП жыл сайын заңнамалық шараларды әзірлеу арқылы кәсіпкерлік ортаны түбегейлі жақсарту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Жұмыс атқарып жатқан жылдар ішінде «Атамекен» 800-ден астам рұқсат түрін қысқартуға қол жеткізді. Осы бағыттағы жұ­мыстың қорытындысы бойынша бизнестің жылдық қар­жылық шығындары 4 млрд тең­геге дейін төмендеді. Сонымен қатар палата Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп бизнесті қайта реттеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, профилактикалық бақылау енгізілді, тексерулер мерзімі 15 күнге дейін, жоспардан тыс тексеру мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерді тексеру барысында қойылатын талаптардың 58%-ы қысқартылды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес бизнесті реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулердің жетінші жиынтығын дайындау бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңнамалық актілерге 80 түзету енгізу бойынша кесте әзірледі, онда 5 кодекс пен 10 заң қамтылған.

ӘЛИЯ КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру