Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Торғайда қоңыр көмірдің қоры мол…

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазақтың тұңғыш кен барлаушысы Аппақ Байжанов Қарағанды көмір кенін ашқан тарихи сәтті отандық энергетиканың төңкерісті кезеңі деп сипаттауға болар. Міне, содан бері сынаптай жылжып өткен уақыт осынау түйінді саланың тарихында бедерлі із қалдырды. Бүгінде көмір өндіру ел экономикасының маңызды ресурстық өрістерінің бірі болып табылады. Шартты отынның тоннамен алғандағы жиынтық тұтынуындағы оның үлесі 74 пайызды құрайды. Еліміз дәлелденген көмір қорларының көлемі бойынша әлемде 7-ші орынды алады.
Бізде көмір өнеркәсібінің барлық құрылымы қамтылған, дегенмен энергетикалық көмір өндіру мен пайдаланудың алар орны бөлек. Мұндағы қоңыр және ұзын жалынды көмір үлесі 30 пайыз шамасында. Соның арқасында көмір өндіру бойынша әлемде 10-шы орынды иеленіп отырмыз. Аталған отын нарығында «Восточный», «ШұбаркөлКөмір» бөлінісі кіретін «ENRC» компаниясы жиынтық өндірудің 30 пайызға дейінін қамтамасыз етсе, өндіру көлемі бойынша екінші және үшінші орынды әрқайсысы 20 пайыздан иемденетін «Самұрық-Энерго» және «Русал» компаниялары еншілеген, бұдан кейінгі орындарға «Қазақмыс», «Қаражыра», «AнгренсорЭнерго» және басқалар жайғасқан. Өндірілетін энергетикалық көмірдің негізгі үлесі тиісінше 51 пайыз және 31 пайыздан электр энергетикасы саласының мұқтаждарына және экспортқа, қалған көлемі тиісінше 13 пайыз және 5 пайыздан халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері мен өнеркәсіп орындарына келеді. Кокстендірілетін көмір нарығының 95 пайызы «AрселорМиттал» компанияларына тиесілі. Мұндай көмірдің негізгі үлесі, шамамен алғанда 95 пайызы байыту рәсімінен өтеді, содан кейін концентраттың 70 пайызы компанияның коксқа деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұмсалып, қалған концентрат Украина мен Ресейге экспортқа жіберіледі. Барланған көмір қорларының 90 пайыздан астамы еліміздің солтүстігінде және орталық бөлігінде шоғырланған. Энергетикалық көмірдің ресурстық базасы едәуір, шамамен 29,2 млрд тонна, алайда ол күл мөлшерінің көп болуымен және жылу беруінің төмендігімен ерекшеленеді. Энергетикалық көмір қорының едәуір үлесі қоңыр көмірге тиесілі, бұл шамамен 56 пайыз, ұзын жалынды тас көмір қорлары 14 пайыз, ал битуминоздық сападағы тас көмір қалған 30 пайызды құрайды. Битуминозды маркалы тас көмір қорлары Екібастұз бассейнінде шоғырланған және күлінің өте көп, 42 пайыздай қалуымен ерекшеленеді.
Экспорттық шектеулерге орай Ресей нарығында энергетикалық көмірдің артылуы 2025 жылға қарай өндіру көлемінің 50 пайызға дейінін құрамақ. Бұл ретте ұзақ мерзімді келешекте бұл елдің импорттан бас тарту қаупі бар. Ресей компанияларының жоспарларына сәйкес орта мерзімді келешекте 2020 жылға дейін қазақстандық көмірмен жұмыс істейтін қуаттарды ішінара қысқарту жобаланып отыр. Әдетте электр стансаларының көпшілігінің қызмет ету мерзімі 40 жылдан асады, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 60-80 жыл белесіне жетеді. Осы ретте олардың қуаты ішінара кемуі мүмкін. Көрші ел энергетикасын дамыту бағдарламасы Орал электр станцияларының Екібастұз көмірін пайдаланудан біртіндеп бас тартып, Кузнецк көмірін тұтынуға бірте-бірте ауысуын межелейді. Ал, жұмыс істеп тұрған ресейлік электр стансаларының газға ауысуы мұндай шаралар құнының жоғары болуына байланысты қазіргі таңда ақиқатқа айналуы екіталай. Aтап айтқанда, Жоғарғы Тагил және Рефтин стансалары жүктелген өткізу қабілеті 95 пайыздан артық Уренгой-Челябі газ құбырының бойында орналасқан. Aлайда, тұтастай алғанда Ресейде көмір отыны түбінде бәсекеде газдан ұтылады, нәтижесінде стансаларда газ тұтыну үлесі артады. Жаңа жобаларда газ пайдасына қарай көмір жобаларынан бас тарту үрдісі байқалып отыр. Қазақстандық энергетикалық көмірдің Еуропаға экспорты сапасының салыстырмалы түрде төмендігі және жоғары көлік шығындары салдарынан бәсекеге қабілетсіз. Күлді көп шығаратындықтан және салыстырмалы түрде жылу шығаруының төмендігінен отандық көмір экспорттық нарықтарда тек қана 30 пайыздан 50 пайызға дейін елеулі дисконтпен сатыла алады. Ірі кен орындары ішінен Шұбаркөл бұлардан бөлек, оның көмір сапасы тұтастай алғанда экспорт стандартына сәйкес келеді. Энергетикалық көмірге әлемдік бағаның төмендеуін, жоғары көлік шығындарын ескергенде, отандық көмірге сұранысты 2030 жылға дейін әлемдік экспорттық нарықтар емес, ішкі нарық қамтамасыз ететіндігі белгілі болып отыр. Қуаттарды іске қосу жөніндегі жоспарларға сәйкес 2030 жылға қарай жаңа көмір электр стансаларының қуаты белгіленген жиынтық қуаттың 20 пайызын құрап, ескілерінің үлесі ағымдағы 60 пайыздан 39 пайызға дейін қысқарады. Энергетикалық көмірге жалпы қажеттілік 2030 жылға қарай ағымдағы 53-тен 76 млн тоннаға дейін, яғни 50 пайызға өседі.
Энергетикалық көмірдің баланстық қорларының 21 пайызы шоғырланған Торғай бассейнінің ұзақ мерзімді келешекте көмір өнеркәсібін дамытудағы рөлі ерекше болмақ. Торғай бассейнінің негізгі қорын қоңыр көмір құрайды, ол 26 пайыздай орташа күл қалуымен, 0,9-1,1 пайыз төмен күкірттігімен және құрамында ұшпа заттардың көп, 49 пайыз болуымен сипатталады. Салыстырмалы түрде төмен жылу шығару қабілетіне қарамастан, Торғай көмірін өндіру үшін ашық әдіс қолайлы, бұл өндірудің өзіндік құнының төмен болуын қамтамасыз етеді. Торғай бассейнін игеру алдында көмірдің сапалық көрсеткіштерін зерттеу қажет болады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру