Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Чунцин көрмесі

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қытайдың мәдениет күндері аясында «2018 – Чунцин: танысу» атты бірегей фотокөрме және «Қытай мәдениет күндерінің» ашылу салтанаты өтті.

Көрме Чунцин қалалық халықтық үкіметі баспасөз қызметінің, Чунцин қалалық халықтық үкіметі сыртқы істер департаментінің, ҚХР Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында ҚХР мен Қазақстан арасындағы мәдени, экономикалық және сауда қарым-қатынастарының дамуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Көрменің ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің кеңешісі Мамай Ахетов, ҚХР Алматыдағы Бас консулының орынбасары Мяо Хунбо, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, ҚХР халықтық саяси консультативті кеңесінің төрағасы Ван Цзюн сөз сөйледі. Ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Көрменің ашылу рәсіміндегі сөзінде ҚХР Алматыдағы Бас консулының орынбасары Мяо Хунбо: «Бас консулдық атынан кезекті көрмені таныстырғым келеді. Биыл «Бір жол, бір белдеу» бастамасына да 5 жыл толады. Осы жылдар ішінде 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдар бұл бастамаға қолдау көрсетті. Соның ішінде Чунцин мен Алматы қалалары өте тығыз байланыста. Чунцинде 500-ден астам қазақстандық студент білім алады. Оңтүстік-батыс университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті бірлесе жұмыс істеуде. Екі қаланың өзара серіктестігі одан әрі нығая түсеріне сенемін», – деп атап өтті.
Қытайдың қарыштап дамып келе жатқан Чунцин қаласы көріністеріне арнал­ған фотокөрмеге келушілер шаһардың мәдени және тарихи ескерткіштерімен, атақты тарихи мұражайларымен, ғи­ба­датхана кешендері, бай сәулет өнерімен таныса алады. Сондай-ақ келушілер назарына талай жылдық тарихы бар Цзяньчжи өнерінің де ерекше үлгілері ұсынылды.
Салтанатты ашылу рәсімі аясында қытай халқының ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, кітап сыйлау, дәстүрлі шәй ішу рәсімі өтті. Соңында «Ұста» фильмі көрсетілді.

Айнұр Бақдәулетқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру