Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Мәселелердің өзекті шешімі қажет

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру мен оны өзектендіру жайы, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру барысы қаралды. Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметінің жұмысына назар аударылды.

2014 жылы қолданыстағы салалық бағдарламаларды оңтайландыру мақсатында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бірыңғай бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Сөйтіп, бірыңғай бағдарламаға «Аймақтарды дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылықты жаңғыр­ту», «Қолжетімді баспана-2020», сондай-ақ шағын қалаларды дамыту бағдар­ламасының жобасы енгізілген-ді. Еліміздің ұтымды аумақтық ұйымын қалыптастыру жолымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасауды, халық капиталын экономикалық өсімі жоғары орталықтарға шоғырландыруды көздейтін бағдарлама аясында халықтың қай аймақта тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілді. Отырыста аталмыш құжаттың орындалуы қаралып, оның мақсатты көрсеткіштері мен міндеттерін өзектендіру арқылы мемлекеттік бағдарлама етіп қайта құру жолдары талқыланды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары жүзеге асырылып жатқандығын хабарлады. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша төрт агломерация халқының жалпы саны 2015 жылмен салыстарғанда 460,1 мың адамға өсті және 6,2 млн адам болжамында 6,6 млн адамды құрады. Агломерациялар халқы санының қарқынды өсімі биыл да байқалады», деді ҰЭМ басшысы.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Мемлекет басшысы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барлық қаражат көздерінен жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тапсырма берді. Еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының ережелеріне сәйкес, мемлекеттік бағдарламаның мақсаты –басқарылатын кенттену және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту арқылы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Өзектендірілген мемлекеттік бағдарлама аясында бағыттар тұрғысынан функционалдық қалалық аудандарды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфра­құрылымын дамыту міндеттерін шешу ұсынылады.
Отырыстың күн тәртібіндегі келесі тақырып – агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық технологияларды қолдану туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев баяндады. АШМ деректеріне сәйкес, цифрландыру аясында республика бойынша кем дегенде 20 цифрлық ферма және 4000 дамыған фермалар құрылады және процестер мен мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылады. Яғни, цифрландыру фермер және оның қызметін басынан бастап сатуға дейін жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар АӨК-ті цифрландыру процесінде жылдам онлайн-қарыз беру, ауа райын талдау және болжамдау, өсімдік өнімін жоспарлау, баға мониторингінде Канада, Түркия, Австралия, Германия, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесін пайдалану көзделген. Ведомство бастау кезеңінде фермердің ақпарат жинау, кеңес алу, оқу кезіндегі кедергілерін автоматтандыру арқылы шешуді жоспарлауда. Сондай-ақ бірер жылдан бастап онлайн-кеңес беру іске қосылып, ол фермерге кәсіпкерлік, фермерлік шаруашылық, агрономия, тұқым, мал шаруашылығы бойынша қажетті кеңестер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ деректерге сәйкес, нақты егіншілік элементінің бірі болып табылатын танаптардың электронды карталарын құру аясында 23,7 млн гектар жер немесе егістіктің жалпы ауданының 98,8%-і цифрландырылған.
2019 жылы көктемгі дала жұмыс­тарын онлайн-несиелендіру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру, ал 2021 жылы процесті толықтай автоматтандыру жоспарланған. Осы ретте егін егу және жиын-терім жұмыстарына дизельдік отынды электронды түрде бөлу жайына тоқталсақ, А.Евниевтің айтуынша, жыл соңына дейін Павлодар облысының әкімдігімен бірлесе онлайн-өтінім беру арқылы пилоттық жоба жүзеге асырылады. «Қазірдің өзінде 16 594 тонна дизель отынын жөнелтуге арналған 537 электронды өтінім әзірленді. Жоба фермерлердің шығындарын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Алдағы жылы жобаны барлық жергілікті атқарушы органда енгізу жоспарланып отыр», деді ол. Бұдан өзге, бірінші вице-министр АӨК-ті цифрландырудың «Е-кооперация» порталын іске қосу, дәнді-дақылдарды электронды түрде сату, басымдықты терминалдар құрылысының, көтерме сауда орталықтарының логистика картасы, ел ішінде өнім жеткізілуінің мониторингіне арналған электронды ветеринарлық анықтамалар, астық теңгерімінің онлайн-мониторингі, астық бағасы бойынша статистика, нан қабылдау пункттерінің рейтингі, электронды ветеринарлық және фитосанитарлық зертханалар туралы айтып өтті. Сондай-ақ фермерлер қызметінің барлық кезеңдерінде мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін автоматтандыру арқылы жеңілдету жоспарланғанына тоқталды.
Жиында ішкі істер министрі Қ.Қа­сымовтың қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі баяндамасы, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің басшылығына міндеттер жүктеу мен тағайындау өкілеттігі бар әкімдердің есептері тыңдалды.
Мәселені қарастыру барысында Үкімет басшысы ішкі істер ми­нис­трінің назарын жүргізілген заң­намалық өзгерістерге аударды. Қоғам жуырда қабылданған заңнан көп нәрсе күтіп отыр, оның аясында ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып өзгертілді, ал жергілікті полиция қызметі олардың құрамына енді. Б.Сағынтаев сонымен қатар кадрлық мәселелерді шешуге көңіл бөліп, мектеп инспекторлары тәжірибесін дамыту мәселесіне байыппен қарау қажеттігін баса айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру