Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жылу тасымалдау жақсарады

Күз айлары қоңыр салқынымен қатар алдағы қыстың қамын ойлауға да еріксіз ой салады. Бұл ретте, әрине, жекеменшік үйі барлар отынын жинап, жағар пешін мұқият әзірлеуге көңіл бөледі. Сол сияқты көппәтерлі үйдегілер де өздеріне қызмет көрсететін мекемелердің келер жылдан қалай алып шығарына алаңдайтыны даусыз.

Осы мақсатта өткен бейсен­біде Ұлттық экономика минис­тр­лігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларын орындау және активтерін жаңғырту айқындығы және ашықтығын кең сипатта жария ету себебімен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдерінің, сараптау кеңесі мүшелерінің және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның құрылыс және қайта жаңарту объектілері бойынша өткізген пресс-туры біраз жайттан хабардар еткенін атап айтқан жөн.
Жалпы алғанда «Астана-Теплотранзит» АҚ Астана қаласында жылу энергиясын беру және тарату қызметтерін ұсыну саласындағы табиғи монополия субъектісі болып табылады. Пресс-тур барысында акционерлік қоғам басшылығы елордамыздағы жекелеген жаңғыртылатын нысандарға барып, ондағы жүргізіліп жатқан нақты жұмыстармен тікелей танысуға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы Василий Курисько инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы жан-жақты түсіндірді.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда инвестициялық салымдардың мынадай басым бағыттары: қаланың жылумен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету, негізгі құралдарды қайта жаңарту, техникалық қайта жарақтандыру және қолданыстағы активтерді мейлінше қолдау жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жылу энергиясын тасымалдау кезінде оның ысыраптарын төмендетуге, тозуды неғұрлым азайтуға, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бағдарламаны орындауға да айрықша көңіл бөлінуде.
«Астана-Теплотранзит» АҚ 2017-2018 жылдары жылу энергия­сын беру және тарату жөніндегі тарифтік сметаның құрамындағы амортизация мен пайда және «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша заемдық қаражат көзі болып табылатын екі инвестициялық бағдарламаны іске асырмақ. Сонымен бірге 2015 жылдан бастап АҚ инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға да тікелей қатысуда.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан жылумен жаб­дықтау объектілерін салу үшін жылына 0,02% жеңілдікті мөлшер­лемемен кредиттік қаражат бөлінді. Бұл маңызды жұмыс та жүйелі жүзеге асуда.
2017 жылы «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы бойынша құрылыс объектілерінде 7 625 млн теңге заемдық қаражат игерілді. Заемдық қаражат есебінен құбырдың 20 962 қ.м. және №13-інші және №№15–17-ші 4 сорғы станциясы салынып, пайдалануға берілген.
Тарифтік смета құрамындағы амортизация мен пайда есебiнен инвестициялық бағдарламаны іске асырудың 2017 жылғы қо­рытындысы бойынша АҚ ин­вес­тицияға 1 228 268 мың теңге мөлшеріндегі соманы жіберді, оның ішінде: жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғыртуға 1 123 757 мың теңге, ескі жабдықты ауыстыру және жаңа жабдық сатып алуға 33 650 мың теңге, лицензиялық бағдарламаларды сатып алуға 6 965 мың теңге, құралдар мен жүйелерді сатып алуға 7 987 мың теңге, көлік және арнайы механизмдерді сатып алуға 55 909 мың теңге жұмсалған. Инвестициялық іс-шараларды орындау нәтижесінде «Астана-Теплотранзит» АҚ 2017 жылы авариялық жағдайлардың болмауы және жылумен жабдықтау сапасына шағымның жасалмауын қамтамасыз еткен.
Сонымен қатар жылу ысыраптары 13,76%-дан 13,0%-ға дейін, табиғи тозу фактілері 0,8%-ға (57,9%-дан 57,1%-ға дейін) төмендеген.
– Ағымдағы жылы «Астана-Теплотранзит» АҚ тариф есебінен инвестицияға 1 323 млн теңге, оның ішінде 1 131 млн теңге (немесе 85%) жылу желілерін жаңартуға және жаңғыртуға бөлген. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылыс объектілеріне 2 млрд теңге заемдық қаражат жіберілді. Құбырдың 6 704 қ.м. және 1 (№12) сорғы станциясын салу жоспарлануда, – деп атап көрсетті «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы Василий Курисько.
Қорыта айтқанда, «Астана-Теплотранзит» АҚ 2017-2018 жылғы жылу маусымына 85-90 пайыз дайын, дейді мекеме басшылығы. Жобалау-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып, тұтынушылар тарапынан айтар­лықтай түсініспестік те орын алмапты. Әрине, «Шанаңды жазда дайында» деген халық даналығын ескерер болсақ, елордалық жылу тасымалдау мекемесінің қазіргі күнге дайындығы көңілден шығатын тәрізді. Бірақ қытымыр қыс не дайындап жатқанын алдағы уақыт еншісіне қалдырамыз.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру