Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Салымдарды сақтаудың жаңа мүмкіндіктері

Бірінші қазаннан бастап банктерде ұлттық валютада жаңадан ашылған депозиттер бойынша шарт талаптары өзгереді. Осы ретте салымдар мерзімді, мерзімсіз және жинақ болып үш санатқа жіктеледі. Ендігі жерде депозитке салған ақшаңызды керек болған сәтте шешіп ала аласыз. Яғни таңдау еркіндігі бар.

Салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері салымның түрі мен мерзіміне, мерзімінен бұрын алу құқығы мен толықтыру құқығына байланысты сараланатын болады. Осыған байланысты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) сыйақы мөлшерлемелерінің жаңа ең жоғары шегін бекітті.
Қазіргі таңда 27 банк еліміздің депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады. ҚДКБҚ кепілдігі жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің барлық депозиттеріне таралады. Банк қызметі мәжбүрлеп тоқтатылған жағдайда ҚДКБҚ депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк­тердегі жеке тұлғалардың барлық банк шоттарындағы ақша қара­жаттарының қайтарылуына (соның ішінде барлық салымдар түріне, төлем карталары мен ағымдағы шоттардағы ақшаға) кепілдік береді.
Шетел валютасындағы салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзіміне қарамастан бірыңғай және 1% деңгейінде болатын қолданыстағы тәсіл сақталады.
Салымдарды жіктеу және сыйақы мөлшерлемесінің жаңадан бекітілген ең жоғары шегі 1 қазаннан кейін қабылданатын немесе ұзартылатын жеке тұлғалардың салымдарына қатысты. Ал, бірінші қазанға дейін қабылданған салымдарға бұрын жасалған шарт талаптарына сәйкес қызмет көрсетілетін болады.
Салымдарды жаңаша жіктеу халықтың жинаған қара­жатын сақтаудың қосымша мүмкін­діктеріне жол ашады. Яғни са­лым­дардың мерзімді, мерзімсіз және жинақ депозиттер болып жіктелуі жинақ ақшаны орналастыру үшін жаңа опциялар жасайды. Енді жеке тұлғалар үшін өтімділік пен табыстылық деңгейі әр түрлі үш санаттағы салымдар қолжетімді болады. Жинап, сақтағысы келген ақшасын әркім өзінің қалауына қарай мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдарға орналастыра алады.

Түсініп отырғанымыздай, мерзімсіз салымдар төменірек табыстылықпен сипатталады, бірақ салымшыларға өздерінің депозиттерін қажет болып тұрған кезде қиындықсыз шешіп алуына мүмкіндік береді. Екінші санат – мерзімді салымдардың өтімділігі төменірек болып табылады, бірақ табыстылығы жоғары.
Жинағыңыз бойынша ең жоғары табыстылыққа ақшаны жинақ салымға орналастыру арқылы қол жеткізе аласыз. Дегенмен онда ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін жоғары талаптар қарастырылған.
Сонымен қатар салымның мерзімі сыйақы мөлшерлемесінің көлеміне де әсер етеді. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесінің шегі ең жоғары болатын ұзақ мерзімді салымдармен салыстырғанда, мөлшерлеменің ең төменгі шегі қысқа мерзімді салымдар бойынша белгіленеді.
Депозитті толықтыру құқығы­ның болуы мұндай құқыққа ие емес ұқсас депозитке қарағанда мөлшерлемелер шегінің төменгі мәндерін тудырады. Атап айтқанда, ұлттық валютамен 12 айға салынған қалыпты салым 12 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен шек­теледі, ал депозитті қосымша то­лықтыру құқы бар салым бойынша мөлшерлеме 11 пайызға дейін төмендейді.
Депозиттерді жаңаша жіктеудің негізгі мақсаты халық жинақтарын сақтау үшін қосымша мүмкіндіктер жасау болып табылады. Бұған дейін салымшылар депозиттері бойынша 12,00 пайыздан жоғары табыстылық алмаған болса, енді банктік салым шартының талаптарына сәйкес, мерзімі бір және 2 жылдан асатын жинақ салымдар бойынша 13,00-13,50 пайызға дейін сыйақы қарастырылған. Салымды ұлттық валютамен және тиісінше сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары шегін таңдағанда, салымшы 6,00 пайыздық инфляция кезінде 7,5%-ға дейін нақты кірістілікті қамтамасыз етеді.
Валютадағы салымдар бойынша табыстылық немесе шығын айырбастау бағамының өзгеруіне байланысты бірдей туындайтындығын есепке алсақ, ақшаңызды сақтаудың неғұрлым тартымды және тұрақты құралы жинақ салымдары болмақ. Жинақ салымдар алдын-ала ескертілген табыстылықты белгілейді, төмен тәуекелдермен сипатталады және 15 миллион теңге көлеміндегі сомаға дейін ұлғайтылған ҚДКБҚ кепілдігімен қамтамасыз етіледі.
Шетел валютасындағы салымдар белгіленген төменгі, 1%-дан аспайтын табыстылықпен, ҚДКБҚ кепілдігінің ең төменгі мөлшерімен сипатталады және депозитті ашу кезінде жоғарғы және жабу кезінде төменгі бағам бойынша ұлттық валютаға қайта есептегенде белгіленген шығын тәуекеліне ұшырайды.
Мерзімді және жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерле­месінің ең жоғары шегі жеке тұлғалардың биылғы шілдеде қалып­тасқан салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің орташа нарықтық мәнін және ағымдағы қаржы нарығының жағдайы мен тәуекелдерін көрсетеді. Депозиттер нарығының конъюнктурасы күрт өзгергендей жағдай орын алса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың жаңадан қабылданған салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері мен спредтердің көлемін мерзімінен бұрын қайта қарастыруға құқылы.
Бірінші қазаннан енгізілетін сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары шегі мен салымдарды жаңаша жіктеу халықтың жинаған қаражатын сақтаудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, жинақты ұлттық валютада ұзақ мерзімде сақтауға ынталандырады және банктік нарықтағы қаржылық тұрақтылыққа жағдай жасайды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру