Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Мұнай өнімдері биржасын құру қажет пе?

«Атамекен» ҰКП президиумы мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің 26-отырысы өтті. Комитет төрағасы Данияр Абылғазин жетекшілік еткен жиынға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары Елдос Рамазанов пен Рустам Жүрсінов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем Қабжанов, сонымен қатар салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.

Жиында Әсет Мағауов хатта­ма­лық тапсырмалардың орын­далуы мен «KAZENERGY» қауым­дас­тығының ағымдағы қызметі бойынша есеп берді.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселеге орай «KAZENERGY» кеңесшісі, «Avantgarde Group» ЖШС серіктесі Жанат Мұсабаев «Жанар-жағармай нарығын жетілдіру. Биржалық сауда» тақырыбында баяндама жасады. «Есептеудің басы жоқ, яғни Қазақстанда жанар-жағармайдың «әділ» құнын анықтаудың тәжірибесі жоқ, сондай-ақ ойын ережесі де қалыптаспаған. Мәселен, бағаға әсер ететін қандай факторларды дәйекті дей аламыз? Және жанар-жағармай нарығының барлық субъектілерінде ресурстарға тең қолжетімділік те жоқ», – деді баяндамашы.
Ж.Мұсабаевтың айтуынша, жанар-жағармайды биржалық саудалау тетігін енгізу бүкіл нарыққа бағалық бенчмаркті қалыптастыруға мүмкіндік беріп, биржалық мәмілелер бағасын биржалық емес мәмілелер ретінде нарықтық деп тануды және жанар-жағармай ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Баяндамаға өзек болған тақырып бойынша «ЕТС» АҚ басқарма төрағасы Құрмет Оразаев Ресей мен Өзбекстанның биржалық нарықты ұйымдастырудағы тәжірибесін мысалға келтіріп, биржалық нарықты іске қосудың талаптарына тоқталып өтті.
Жиынға қатысушылар мұнай өнімдерінің ұйымдастырылған тауарлық нарығында әлеуетті қатысушыларды аккредиттеу мәселесіне назар аударды. Бүгінде бұл нарықтағы қатысушы компаниялар саны 80-нен асып отыр. «Мұны егжей-тегжейлі талқылау керек деп ойлаймын. Нарықтың барлық өкілдерінің, жанар-жағармай, мазут бойынша мүдделі тараптардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басын қосып, осы мәселені шешу керек», – деді Данияр Абылғазин.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – экологиялық заңнамадағы өзгерістер бойыншаРүстем Қабжанов сөз алды. Қазіргі таңда Энергетика министрлігі Экологиялық кодекс жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамаларын әзірлеуде. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Осы ретте спикер салалық қауым­дастықтардың барлық ескерт­пелері мен ұсыныстары есепке алынғанын атап өтті. Сонымен қатар «KAZENERGY» қауым­­дастығы «Эрнст энд Янг – кон­сультациялық қызмет­тер»ЖШС-мен бірлесіп, ЭЫДҰ мемлекеттері тәжірибесін назар­ға ала отырып экологиялық заңна­мадағы өзгерістерге талдау жүр­гізуде.
Заңнамаға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, салалық кәсіп­орындар тексерілетін болады. Демек үлкен инвестицияларды талап ететін жаңғырту жұмыстары қажет. «Осы ретте жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, Экологиялық кодекстің салдары қандай болатынын түсіндіру керек. Бизнес өзгерістерге дайын болып, құжатты әзірлеу кезеңіне белсенді қатысқаны жөн», – деп атап өтті Данияр Абылғазин.
Жиында жеңіл мұнай өнімдері экспорты туралы баяндалды. Қазіргі уақытта Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары сынақ-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде тұр. Жылдың соңына қарай 300 мың тоннаға жуық жеңіл мұнай өнімдерінің артықшылығы күтіледі. Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстанға мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес ҚР-дан жеңіл мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынған болатын. Сондықтан экспортты жаңарту мақсатында осы келісімге өзгертулер әзірленді. Бұл тұрғыда бізде барлық ішкі мемлекеттік процедуралар аяқталған болса, Ресей хаттаманы мақұлдау деңгейінде тұр. Одан кейін бұл өзгертулер ратификациялануы керек. Сондай-ақ Энергетика министрлігі жеңіл мұнай өнімдерінің артылғанын Қырғызстанға тасымалдау жөніндегі мәселені қарастыруда.
Алайда жеңіл мұнай өнімдері үшін экспорттық кедендік баж мөлшерлемелеріне қатысты түйткіл туындап отыр. Оларды қайта қарау керек. Қазіргі таңда экспорттық кедендік баж мөлшерлемесінің көлемі 1 тоннаға 168,88 АҚШ долларын құрайды. Мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж мөлшер­лемесін Ресей Федерациясы әдіс­темесімен тікелей байланыстыру қажеттігі айтылды. Өйткені кейін орын алған тепе-теңсіздік салдарынан қазақстандық өнім сыртқы нарықта ресейлік өніммен бәсекеге түсе алмайды.
Жиынды қорытындылай келіп, Данияр Абылғазин бұл күн тәрті­біндегі өзекті мәселе екенін, баға­ның күрт өсуіне жол бермеу мақ­сатында нарықтың өзіне талдау жасау қажеттігін айтты.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру