Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Тұрақты өрлеу тренді

KEGOC дивидендтері ұлғаюда

Ұлттық электр торабының дамуы саладағы біртұтас жүйенің тиімді қызметі арқылы қамтамасыз етіледі. Ол үшін жүйелік оператор – KEGOC басқаруды жетілдіру, алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану, транзит пен экспортты жүзеге асыру қадамдарын ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттармен ұштастыруда.

Қазақстан қор биржасында KEGOC үшін «Эмитент күні» өткізіліп, іс-шара барысында компанияның ағымдағы опе­рациялық және қаржылық көр­сеткіштері мәлім етілді. Де­рек­терге назар салсақ, теңгенің құбылмалы ахуалына қарамастан, қаржылық өзгерістер әзірге әсер ете қоймаған энергетикалық холдинг өткен жылдың бірінші жартысында 17,976 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Сол қарқынмен биылғы алты айда өсім көрсеткіші 46%-ке жетсе, негізгі қызметтен түскен кіріс 17%-ке артып, 87 млрд теңгені құрап отыр. Бұл ретте қызметтер мен тарифтер көлемінің ұлғаюы өсімнің басты қозғалтқышы болып қалуда. KEGOC өкілдері алға тартқандай, биылдың бірінші жартысында электр энергиясы өндірісі 7,6%-ке, тұтыну көлемі 6%-ке өсті. Көрсетілген қызметтер көлеміне өсім жағымды әсер етіп, 9,3%-ке артқан, яғни, қазақстандықтар электр энергиясын көбірек тұтынған. Атап өтерлігі, компа­нияның еншілес ұйымы арқылы жаңартылған энергия көздерінің сатылымы бойынша елеулі өсім тіркелген. Бұдан бөлек, қызметтерді сатудың өзіндік құны 45,5 млрд теңгеге, жалпы және әкімшілік шығыстар 6,64 млрд теңгеге, EBITDA көрсеткіші 46 млрд теңгеге, операциялық түсім 35 млрд теңгеге артты.
Есепті кезеңдегі табыс сарап­шылар күткендегіден асып түсіп, алғашқы жартыжыл­дық үшін қаржылық есеп жария­лан­ғаннан кейін компания акциялары айтарлықтай қым­баттай түсті. Сәйкесінше, KEGOC қағаздарының құны 30%-ке өсуі мүмкін. «Фридом Финанс» қаржылық сараптама департаментінің директоры Е.Әбдіркәрімов EBIT рента­бельдігі: 2016 жылы – 27%, 2017 жылы – 33%, биылғы жарты жылда – 40% деңгейінде ерекше қарқынмен жақсарып келе жатқандығын атап өтті. Ал «Халық Финанс» зерттеу департаментінің сарапшысы А.Ибраимова эмитент акционерлері көбірек дивидендтер алатынын топшылады. Ол 2018 жылдың бірінші жартысындағы 46% таза табыс өсімін ескере отырып, компания дивиденд­тер төлемінің коэффициентін 70% деңгейінде сақтағанда, дивидендтердің тиісінше ұлғаюын күтуге болатынын айтты. «Фридом Финанс» сарапшыларының пайымдауынша, биыл бағаға қатысты дивидендтік кірістілік түбегейлі өзгереді. Егер өткен жылы бір құнды қағазға 40 теңге төленсе, биылдың жарты жылдығы бойынша бұл төлем 75%-ке өсіп, 70 теңгені құрайтын болады.
Жалпы, 2014 жылы IPO-ға шыққан сәттен бері KEGOC акциялары 3 есеге дейін өскен, қазіргі күні дивидендтерді есептемегенде, кірістілік 192%-ті құрайды. Сонымен қатар халықтық IPO-ға қатысқан инвесторларға дивидендтік төлемдер 4,787 млрд теңгеге жеткен. Сөйтіп, 2016 жылдан бері дивидендтер мөлшері орташа есеппен жылына 58%-ке арта отырып, KEGOC 70%-ке дейін дивиденд түріндегі таза табысты жарты жылда бір рет тұрақты төлеуде. Компанияның таза қаржысы қазіргі сәтте 50 млрд теңгені құраса, бұл соманың бір бөлігі дивидендтерді төлеуге, бір бөлігі үшінші транзит құры­лысының жобасын аяқтауға жұм­салмақ.

Бүгінде KEGOC-тың даму стратегиясы 5 ірі жобаны инвестициялауды қарастырады. Әйтсе де жоспардың жүзеге асуы оның қаншалықты орынды екендігіне байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, болжамды инвестициялар көлемі – 544 млрд теңге. Аталмыш қаржы Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің (БЭЖ) Батыс, Оңтүстік аймағындағы электр желілері мен Түркістанды сыртқы электрмен қамту схемасын күшейтуге, Солтүстік-Оңтүстік тұрақты ток желісін салуға жұмсалуы мүмкін. Сондай-ақ 220-500 кВ Ауа электр беру желілерін реконструкциялау жүргізілуде. Бұл жобалардың барлығы ұзақмерзімді болып табылады. Солтүстік-Оңтүстік тұрақты ток желісін салу тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге посткеңестік кеңістік бойынша алғаш қолға алынып отыр. Жаңа электр энергиясын өндіру желісі өз кезегінде дәстүрлі желілермен салыстырғанда ток желісі қуаттылығын 4-5 есеге артық жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мұндағы интеллектуалды технология ұзақ қашықтықтан электр энергиясының жеткізілуін басқаруды жүзеге асыратын болады. Ақтоғай-Талдықорған-Алма желісінің құрылысы ұлттық электр желісінің Солтүстік-Оңтүстік бағыттағы транзиттік әлеуетін ұлғайтуға ықпал етеді. Оған қоса, Орталық Азия желістерін пайдалана отырып, артылған электр энергиясын Оңтүстік Азия елдеріне экспорттаудың да кезегі келеді. Осы жылы аяқталады деп күтіліп отырған жобаның жалпы құны – 96,4 млрд теңге. Қазіргі кезде нысанның барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Жобамен жалпы ұзақтығы 1700 км-ден асатын 500 и 220 кВ жоғарывольтты электр беру желілерін және қуаттылығы 500 кВ болатын үш жаңа – «Семей», «Ақтоғай», «Талдықорған» қосалқы станцияларын құру жүзеге асырылады. Сондай-ақ қолданымдағы «Екібастұз», «Алма», «Өскемен», «Шүлбі СЭС» станциялары кеңейтілді. Елдің оңтүстігіндегі электр тапшылығын ескерсек, жоба үлкен әлеуметтік маңызға ие.
Энергия жүйесінде жаңа технологияларды жоспарлы түрде енгізу оның тиімділігін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын да жақсартуға септігін тигізетіні белгілі. Сондықтан қазірде көп айтылып жүрген интеллектуалды энергия жүйесінің тұтастай энергетикалық секторға ұсынар артықшылығы мол. Бұл сондай-ақ экономиканы дамытуға жағдай жасайтын берік электр энергетикалық инфрақұрылымды құруға, саладағы компаниялардың желінің өткізу қабілетін, ал электр станцияларының қолда бар өндірілген қуатты барынша тиімді пайдалануларына жол ашады. Өз кезегінде тұтынушы зияткерлік санауыштарды, шатырлардағы күн панельдерін, аккумуляторлар мен электромобильдерді қолдану есебінен шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік алады. Осыған орай, «KEGOC» АҚ басқаратын Ұлттық электр торабы әлемдегі жетекші энергия жүйелеріне сай жабдықталып, сандық технологияларды енгізудің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Компания Ұлттық электр торабында цифрлы релелік қорғау және автоматика құрылығылары, диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйесі (SCADA), электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭЕАЖ), 500 кВ басқарылатын шунттаушы реакторлар, фазабұру құрылғылары, талшықты-оптикалық байланыс арналары секілді зияткерлік энергия жүйесінің элементтерін енгізген. Цифрлы технологияларды қолдану бойынша жүйелі жұмысты жалғастыра отырып, «KEGOC» АҚ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі режимдерін басқаруды автоматтандыру» жобасын іске асыруға кірісті. Сол арқылы компания нақты уақыт режимінде желілерді басқарудың жаңа алгоритмдерін енгізу мен бақылау деңгейін арттыру есебінен қолданыстағы желі арқылы электр энергиясын жеткізуді арттыру, отандық электр станциялары қуатын барынша тиімді пайдалану және Ресей энергия жүйесінен электр энергиясын сатып алу көлемін қысқарту, технологиялық бұзылыстар болған жағдайда тұтынушылардың ажыратылу көлемін азайту секілді маңызды шараларға мойын бұрып отыр.


Компания алдындағы тағы бір маңызды шаруалардың бірі – жарық энергиясын таратушы компаниялардан бәсекеге қабілеттілікті талап ету. Осы орайда ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында алғашқы аукцион өткізіліп, оның қорытындысы бойынша жалпы қуаты шамамен 200 МВт-ты құрайтын күн, жел, биогаздық және гидроэлектр станцияларын салу бойынша 19 жаңа жоба іріктеліп алынған. Алдағы қазанда осы аукционның екінші кезеңі өткізілмек.
Бүгінгі таңда компания қызметтің тиімділігін арттыру, бизнес-процестер мен құрылымдарды стандарттау мен оңтайландыру, біртұтас ақпараттық кеңістік пен біріктірілген басқару жүйесін құру, сондай-ақ үнемі жетілдіріліп отырылатын корпоративтік мәдениетті құру мақсатында трансформация үрдісін сәтті жүзеге асыруда. Бұл тұрғыда басты ресурс – адам, сондықтан бағдарлама мақсаттарына сай жаңа білімдер мен дағдыларды тереңдете отырып, қызметкерлердің дамуына қолдау көрсету, олардың кәсіби шеберлігін шыңдап, құнды іс-тәжірибе жинақтауға, өзінің барлық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік жасау – жаңа заманға лайық жетекші компанияның бетке ұстар басым бағыты болып қала беретіні анық.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру