Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Алматы халықаралық хаб болуға лайық

Оңтүстік шаһарда Гонконг кеңсесі ашылды

Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері Азия мен Еуропа түйісуіндегі Қазақстанның бірегей геоэкономикалық позициясын айқындай түсуде. Осы ретте Қытай Алматыны халықаралық сауда-логистикалық хаб ретінде қарастырып отыр.

Алматыда Гонконг саудасын дамыту бойынша кеңестің HKTDC (Hong Kong Trade Development Council) кеңсесі ашылды. Қазақстандағы өкілдіктің ашылуына HKTDC төрағасының орынбасары Реймонд Ип және Қытай мен Гонконгтың 70 ірі көлік, құрылыс, инвестициялық, сауда және қаржы корпорациялары өкілдерінен құрылған бизнес делегациясы қатысты.

HKTDC Гонконг саудасын дамыту бойынша кеңесі – 1966 жылы ҚХР үкіметі қаулысымен бекітілген ресми орган. Ұйым сауда компаниялары, тауар өндірушілер мен қызмет жеткізушілерге әлемдік аренада көмек көрсетеді. HKTDC жаһандық желісінің әлемдегі 40-тан астам өкілдігі сыртқы саудаға жәрдемдесу үшін қызметтердің кең ауқымын ұсынып, Гонконгты Қытайдың Азиямен бизнес жүргізуіне арналған платформа ретінде алға жылжытуға ықпал етеді. Ортаазиялық өкілдіктің қызметі аясында тамыз айында Гонконгта өткен Food Expo халықаралық көрмесінде, Hong Kong Fashion Week жеңіл өнеркәсіп көрмесінде қазақстандық павильон ұйымдастырылып, оған отандық тауар өндірушілер қатысқан болатын. Ал қазан айында Electronics Asia (электроника) және Light Expo (жарық беру құралдары), Eco Asia Expo Asia («жасыл» технологиялар) көрмесіне қазақстандық делегация қатысады деп жоспарланған.
Шараға қатысқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дінмұхамед Әбсаттаров өз сөзінде Ұлттық палатаның негізгі қызметіне тоқталып, отандық тауар өнді­рушілерді қолдау, бизнестің құ­қығын қорғау, реттеу саласын оңтайландыру, сонымен қатар бизнесті нақты индикативті деректермен сервистік сүйемелдеу құралдары туралы айтты.
– Жыл сайын жеке секторды шағын несиелеу механизмдері кеңейіп келеді, халықты кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту жүзеге асырылуда. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударылған. Ұлттық палата бәсекеге қабілетті бизнесті ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдауды ұсынып отыр. Ал бизнес өз тарапынан өндірістерді орнықтыруы керек, – деді Д.Әбсаттаров.


ҰКП басқарма төрағасының орынбасары берген ақпарат бойынша Қазақстанның ЕАЭО мүше мемлекеттерімен бірыңғай кеден-экономикалық кеңістіктегі мүшелігіне байланысты елімізде шетелдік инвесторларға жақсы мүмкіндіктер ашылып отыр. Кәсіпорындарға жүргізілген паспорттау елімізде және серіктес мемлекеттерде импортты алмастыруға үлкен әлеует бары анықталды. Өңдеу өнеркәсібінің 8 саласы бойынша Еуразия бестігіне мүше елдер импорты 270 млрд АҚШ долларын құрап отыр, Қазақстандыкі – 27 млрд АҚШ доллары. Осы ретте отандық компаниялардың 57% көрсеткіште орташа жүктелуін есепке алсақ, өндірістің өсу дәлізі айтарлықтай кең.
Д.Әбсаттаров Қытай тарапын Алматыда Гонконгтан кейінгі әлемдегі 8-ші сауда-логистикалық хабты құру бойныша жұмысты бастауға шақырды. Ол үшін барлық көліктік және геоэкономикалық мүмкіндіктер бар.
– Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын Жаңа Жібек жолының орталығында орналасқан. Келешекте үш экономикалық блок – Солтүстік Америка, Азия мен Еуропа әлем экономикасын қалыптастыратын болады. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы жүретін транзит көлемінің 36 млн тоннаға, ары қарай күніне 50 млн тоннаға дейін өсуі күтілуде. Еуропалық одақ және ҚХР арасындағы сауда алдағы екі жылда 800 млрд АҚШ долларынан асады, – деді басқарма мүшесі.
Сондай-ақ шетелдік делегация алдында Қазақстан дүниежүзілік ІЖӨ-нің үштен екі бөлігі бақы­ланатын әлемнің бөлігінде орна­ласқаны айтылды. ЕАЭО мемле­кеттерінің халық саны 180 млн адамды құрайды, орта Азия елдерінің халық саны – 50 млн адам, ал Батыс Еуропаның халқы 300 млн адамды құрап отыр. Осы макроаймақта Қазақстанның оңтүстік астанасының көліктік-сауда мүмкіндіктері, оның гео­стратегиялық орналасуы мен тарихи қалыптасқан сауда арналары жақын болашақта Алматы қаласын халықаралық сауданың өңірлік орталығына айналдыратыны сөзсіз.
Өз кезегінде HKTDC Гонконг саудасын дамыту бойынша кеңес төрағасының орынбасары Реймонд Ип осы ұсынысқа толық қолдау білдірді. Ол Астана қаласында жұмыс істеп тұрған Халықаралық қаржы орталығы (AIFC) және Алматыдағы трансмемлекеттік сауда хабының юрисдикциясына ағылшын құқығы мен субъектілерді қорғаудың (Гонконг арнайы автономды өңіріндегі балама бойынша) англо-саксондық жүйесін енгізу мүмкіндігін айтты.
Қазақстан мен Орта Азиядағы HKTDC өкілдігінің басшылығына Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары, Қазақстан Сыртқы сауда палатасы төрағасының кеңесшісі Ақеркін Эралиева тағайындалды. HKTDC өкілдігінің кеңсесі Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында орналасады.

ӘЛИЯ КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру