Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Қуатты тиімді пайдалану жолында

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Шаруашылықты ұтымды ұйымдастырып, тиімді жүргізу тетіктерінің бірі – энергия сыйымдылығы туралы деректер Біріккен ұлттар ұйымының маңызды экологиялық көрсеткіштерінің қатарына жататыны, біздің еліміз жалпы ішкі өнім құрамына кіретін осынау мағлұмат бойынша әлемдегі соңғы орындардың бірін иеленетіні белгілі. Сондықтан да қуаттың жаңартылатын көздерін тарту арқылы парниктік газдарды, басқа да ластауыш заттар шығарындыларын төмендету үшін таза технологияларды дамыту экономикамыздың өзекті міндеттерінің бірі болып отыр.
Қазақстанның табиғи жағдайы жер, күн және су энер­­гияларын барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Жа­ңартылатын энергия көздерін дамыту үшін қажет­ті жағдайлардың барлығы жасалды, атап айтқанда нормативтік-құқықтық база құрылды, тиісті тарифтер бекітілді, қуат әлеуеттеріне зерттеулер жүргізіліп, нысаналы индикаторлар айқындалды және оларға қол жеткізу бойынша қадамдар қабылданды. «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасына сәйкес 2020 жылы жаңартылатын көздер үлесі электр энергиясын жалпы өндіру көлемі бойынша 3 пайызға, 2030 жылға қарай 10 пайызға жететін болады. Сөйтсе де қолға алынып жатқан шараларға қарамастан, жоғарыда атап өткеніміздей, экономиканың энергия сыйымдылығы жоғары болып отыр. Бұл мынадай объективті себептермен түсіндіріледі. Біріншіден, климат суық, күрт-континентті болып табылады. Сыртқы ауаның орташа температурасының төмендігіне орай Еуропа елдерімен салыстырғанда жылыту маусымы едәуір ұзаққа созылады. Екіншіден, энергияны көп қажетсінетін тау-кен руда және металлургия сияқты салалардың үлесі қомақты. Бұларға өндірілетін электр энергиясының 67 пайызына жуығы келеді. Үшіншіден, ел аумағының кеңдігі және осыған байланысты электр энергиясын алыс қашықтықтарға жеткізу қажеттігі электр желілеріндегі едәуір шығындарға әкеліп отыр. Себебі, еліміз әлемде аумағы жағынан 9-шы орын алады, бұл ретте халқының тығыздығы Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда 19 есе аз.
Бастапқы энергия ресурстарын экономиканың негізгі салалары бойынша тұтыну құрылымында энергетика үлесі 47,71 пайызды, өнеркәсіп – 20,36 пайызды, көлік – 16,24 пайызды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен халық – 15,69 пайызды құрайды. Міне, осындай түйткілдерге қарамастан, энергияның тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттырудың едәуір әлеуеті бар. Тілге тиек етіп отырғанымыздай, электр энергиясын жиынтық тұтынудағы өнеркәсіптің қомақты үлесі экономикадағы ауыр өнеркәсіптің басымдығымен ғана емес, өнеркәсіп орындары активтерінің барынша тозуымен, ескірген технологияларды пайдаланумен түсіндіріледі. Стансалардың энергияны өз мұқтаждықтарына және электр қуатын беру кезіндегі шығындарға едәуір артық жұмсауы сондай-ақ пайдаланылатын жабдықтардың моральды тұрғыдан ескіруіне де байланысты болып отыр. Бірнеше ірі кәсіпорындарда жүргізілген энергияны бақылау нәтижелері 40 пайызға дейін қуат үнемдеуге болатындығын көрсетті. Климаты бойынша ұқсас Еуропа елдерімен салыстыру нәтижесі Қазақстанның үй-жайларды жылытуға жұмсалатын жылу энергиясының үлестік шығысы олардан екі есе артық екенін байқатты. Жылу қуатын өндіру мен жеткізу энергия тиімділігінің төмендігімен сипатталады, атап айтқанда жұмыс істеп тұрған қазандықтардың тиімділігі 65-70 пайыздан аспайды. Ал, жаңа қазандықтар пайдаланылған жағдайда тиімділік 85-90 пайызға дейін артуы мүмкін. Есеп құралдары санының жеткіліксіздігінен жылу желілеріндегі ысырапты дәл белгілеу мүмкін болмай отыр. Орта есеппен алғандағы жылу желілеріндегі нормативтік шығын деңгейі 19,6 пайыз шамасында.
Көпжылдық көрсеткіштер ой елегінен өткізіліп, түйінді тұжырымдар таразыға тартылған соң саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Қайта жаңартылатын энергия көздерін қолдау» жобасы қолға алынды. Мұнда саланың қаржы­лық міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында резервтік қор құру, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен өндіруші ұйым арасында келісім жасасу қарастырылды, жаңартылатын көздерді пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілді. Бұған қоса аукциондық тетікті енгізу жобасы жұртшылық талқылауына салынды. Бұл тетік ең тиімді технологияларды таңдап алуға және оларды іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ саланың ел экономикасына жүктемесін кемітуге көмектеседі. Сонымен қатар белсенді халықаралық ынтымақтастық жаңартылатын энергетика секторын дамытудың маңызды құралы болып табылатынына назар аударылды. Бұл салада халықаралық қаржы институттарымен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінді. Аталған мекемелердің Қазақстан Үкіметімен арадағы серіктестігі негіздемелік келісімдер шеңберінде жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің еліміз Халықаралық жаңартылатын энергия агенттігінің толыққанды мүшесі болып табылатынын атап өткеніміз жөн. Агенттік бағдарламаларының бірі «Жаһандық энергияға көшуді жоспарлау» болып табылады. Аса маңызды осынау халықаралық экономикалық құжаттың басты мақсаты 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі есеге арттыруға саяды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру