Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жүлдегерлерге темір тұлпар табысталды

Алматы облысында ұлттық спорт ойындарын насихаттауға жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жарыстар мен дүбірлі додалардың мәні мен мағынасы бөлек. Олардың арасында бүгінде тұрақты түрде өткізіліп отыратын, яғни дәстүрге айналған сайыстар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогына арналған ат спорты түрлерінің республикалық жарысы.

Алматы облысы Жамбыл ауданының «Көкбастау» ипподромында Конституция күніне және Астана қаласының 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Салтанатты түрде ашылған шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, ұлттық ат спорт ойындарының жанкүйерлерін Астананың 20 жылдық мереке­сімен Қазақстанның одан әрі өркендеуі мен қоғамдық келі­сімінің берік кепілі болып табылатын ел Конституциясының 23 жылдығымен құттықтады. Көкбастау атшабарында Президент кубогы үшін биыл осымен жиырмасыншы жыл жалауын көтерген дәстүрлі жарыстың ұлттық құндылықтарымызды сақтап, саламатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтіп, ұлттық ат спортын дамытуда жетісулық атбегілердің еңбегіне табыс, бүгінгі додаға түсетін шабандоздарға сәттілік тіледі. Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 170-тен астам сәйгүлік қатысты.
Көрермендерді қиқулатып, қошеметіне бөлеген тартысқа толы бәйгенің нәтижелері төмендегідей: Тай жарыста 1 орынға Жамбыл ауданының атынан топқа түскен «Хантәңірі» жүйрігі келді. 2 орынды Қарасай ауданының намысын қорғаған «Фердоус» атты жүйрік иеленді. 3-ші орынды Талғар ауданында бапталған «Тұмар» атты жүйрік қанжығасына ілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Жорға аттар жарысында бірінші келген Астана қаласының «Эдельвейсі» болды.
Мәре сызығын екінші болып Алакөл ауданының «Космос» атты жорғасы кесті. Үздік үштікті Сарқан ауданынан топқа түскен «Теміртас» түйіндеді. Жеңімпаздарға сәйкесінше «Лада гранта» автокөлігінің кілті, 150,0 және 120,0 мың теңге табысталды.
Құнан бәйгеде топтан оқ бойы оза келген Қарасай ауданының «Нұрқасқасы» бірінші орынды иеленді. Екінші болып топ жарған Талғар ауданынан жеткізілген «Барбара» сәйгүлігі. Бабы жарасып, үздік үштіктен көрңнген Жамбыл облысының «Астана» атты құнаны. Бұл жолы да жеңімпаздар үштігіне жоғарыда аталғандай сыйлықтар табыс етілді.

АЙНҰР БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру