Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Кака қазақ футболын көгерте ме?

Футзалдан Алматының «Қайрат» клубын жаттықтырып жүрген бразилиялық маман Кака Қазақстан құрамасының бас бапкері болып ресми түрде бекітілді.

Қырық жастан асқан айтулы маман­ның есімі футзал әле­мінде кеңінен танымал. Бап­кер­лік кәсіпті бастағалы бері ол Ресейдің «Спартак-Щелково», ЦСКА және «Динамо-Ямал» клубтарында жемісті еңбек етті. Кейіннен Бакудің «Нефтчиі» мен Әзірбайжанның жастар құрамасын жаттықтырып, сол командалардың біраз белес­терді бағындыруына сүбелі үлес қосты. Қап тауы бөктерінде біраз жыл еңбек еткеннен кейін қайта Ресейге оралып, әйгілі «Газпром-Юграның» тізгінін ұстады. Үстіміздегі жылдың көктем айларында Қазақстанға ат басын бұрып, Алматының «Қайратын» баптай бастады. Міне, енді Кака Қазақстанның ұлттық құрамасын да жаттықтырады.
Бразилиялық маманның жетекшілігімен футзалдан Қазақстанның ұлттық құрамасы жолдастық матчта Әзербайжан командасын жеңді. Бакуде өткен ойын қазақстандық команданың пайдасына 1:3 есебімен аяқ­талды. Отандық команданың құрамында голды Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов пен Игита соқты. Аталмыш мачт құраманың жаңа бапкері Пауло Рикардо Кака үшін жаңа қызметіндегі алғашқы ойын болды.
Ал футболдан Еуропа Лига­сының топтық кезеңінде «Аста­на» мен киевтік «Динамо» командаларының ойыны 2:2 есебімен тең түсті. К тобының бірінші кезеңінің ойыны Украина астанасы Киевте өтті. Ойынның 11 минутында «Динамоның» жартылай қорғаушысы Юрий Цыганков есепті ашса, 21 минутта босниялық қорғаушымыз Марин Аничич есепті теңестірді. Бірінші таймның соңғы секундтарында киевтік команда екінші голын соғып үлгерді. Жартылай қорғаушы Марин Томасовтың орнына шыққан Ұлттық құрамамыздың форварды Роман Муртазаев 95 минутта гол соғып, ойынды тең аяқтады.

Айжан ЖАСБАТЫР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру