Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІ ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Төрткүл дүниемен қатар жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан еліміздің алдында дамудың жаңа мүмкіндіктеріне орай тың міндеттер тұрғаны белгілі. Осы ретте экономиканы жаңғыртудың үшінші толқыны аясында тұрақты даму мен өсімнің қозғаушы күшінің бірі ретінде стратегиялық сала – ауыл шаруашылығының маңызы артып отыр. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнім экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Дамудың жаңа кезеңінде Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндетін жүктеді. Егін салып, бітік астық өсірген бұрынғы жетістік бүгінге жеткіліксіз. Енді әлемдік нарықтарға жоға­ры сапалы дайын өніммен шы­ғуымыз қажет. Осы ретте агро­өнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың жаңа мүмкіндіктері – ақылды технологиялар, оны трансферттеу мен отандық жағ­дайға бейімдеу, аграрлық ғы­лымды дамыту мен білім беру жүйесін реформалау, саладағы цифрландыру, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, салық саясатын жетілдіру, сауда нарық­тарын кеңейту және өзге де уақыт талабымен өзектес маңызды ша­ралар кешені қарастырылған.
Бүгінгі күні ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілері үшін қаржыландыру мен өнім өткізу нарықтарының қолжетімді болуы және экспортты дамыту мақ­сатындағы жұмыс басты назарда. Қазіргі уақытта әлемдік на­рықтағы ахуал тұрақсыз, жылдам өзгеріс­термен ерекшеленеді. Осы тұрғыда валюталық несие түрінде жүктемесі бар аграрлық сала біршама қиыншылық жағдайында даму үстінде. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін және бүкіл аграрлық секторды қолдаудың қосымша іс-шаралар пакетін дайындады. Басты мақсат – саланың серпінді дамуы мен тұрақты өсімге қажетті жағдай жасау, жаңғыртудың қарқынын төмендетпеу, күрмеулі мәселе­лердің шешімін табу.
Аталған іс-шаралар қата­рында агроөнеркәсіп кешені кәсіп­орындарына түсетін борыш­тық жүктемелерді азайтуға және олар­дың қарыз ауыртпашылығын же­ңіл­детуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл «ҚазАгро» холдингінің та­лаптарын қайта құрылымдау және долларсыздандыру, агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жаңа құралдарын пайдалану арқылы іске асырылатын болады. Сондай-ақ іс-шаралар жинағында қаржылық институттардың, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша серіктес банктердің жұмысына серпін беретін бірқатар қаржылық тетіктер қарастырылған. Осы ретте «Агробизнес – 2020» бағдарламасы мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын іске асыруға белсенді атсалысып келе жатқан қаржы ұйымдарының бірі ретінде «Цеснабанк» АҚ атап көрсетілген. Оның үлесіне саланы несиелендірудің 65 пайыздан астамы тиесілі. Сондықтан «Цеснабанк» АҚ «ҚазАгро» холдингімен бірлесе отырып, берілген валюталық несиелер мен қарыздарды қайта қаржыландыруды және олардың мерзімдерін ұзарту мәселесін қолға алды. Осы жұмыстар аясында Үкімет пен Ұлттық банк Цеснабанктен 450 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы несиелер қоржынын сатып алу тетіктерін пысықталуда делінген бірлескен мәлімдемеде. Бұл банктен қарыз алушы агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарын қаржылық сауықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ «Цеснабанктің» қаржылық тұрақталығын нығайтады. «Цесна­банктің» акционерлері банкті капиталдандыру арқылы жеке қаражаттары есебінен қарыз алушыларды сауықтыруға қатысады. Қосымша іс-шара­лар кешенін іске асыру отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүддесін қорғай­ды, несиелендіру көлемін арт­тырады және аграрлық сектор­ды жаңғыртудың ойдағыдай жүр­гізілуіне үлес қосады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру