Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Іс-шаралар сапалы болуы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы егін жинау науқанының барысы қаралды. Бұдан бөлек, Астананың 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары мен Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасы мақұлданды.

Биыл дәнді дақылдар 15 млн гектар алқаптан жиналса, оның ішінде бидай – 11,1 млн гектарды, майлы дақылдардың егін алқаптары 2,8 млн гектарды құрайды. Өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын-ала мәліметтерін келтірген Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің айтуынша, жалпы еліміз бойынша астық жиыны 20 млн тонна деңгейінде болады деп болжанып отыр. Майлы тұқымдар өндірісінің көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде болатыны күтілуде. Осы көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын – 1,0 млн тоннаға дейін жеткізуге, құрама жем және май өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал қазірге дейін дәнді дақылдар 8,9 млн гектардан астам алқаптан жиналды, бұл жиналатын алқаптың 59%-і. 11,2 млн тонна астық бастырылып, түсімділік гектарына 12,5 центнер болды. Оңтүстік облыстарда 86%, батыс облыстарда 89%, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда 56% дәнді дақыл жиналды. Егер ауа райы қолайлы болып тұрса, онда қолдағы астық жинау комбайндарының шамамен 800 мың гектарға шақталған тәуліктік өнімділігі арқылы егін жинау жұмыстарын қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар. Шілде-қазан айларының аралығында егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттігі 394 мың тоннаны құрайды. Қажетті көлем Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыстардағы мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген болатын. Сонымен, 14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель – 68% жөнелтілді. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды, яғни нарықтық бағадан 14% арзан. Ө.Шөкеевтің айтуынша, жауын-шашынның мол түсуі салдарынан қазірде элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары болып тұр. Бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіп­орындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді. Жалпы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы 96% дайын және егін жинау жұмыстарына қатысуда. Шаруаларда 14 мыңнан астам өнімділігі жоғары астық жинайтын комбайндар бар, олармен дәнді дақылдар алқабының 70% астамын жинау көзделіп отыр. Сонымен қатар қазіргі кезде елімізде жалпы сыйымдылығы 13,6 млн тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді, олар әкімдіктер беретін лицензия негізінде астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметін көрсетеді. Астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базаларын жаңа жиын-терімді қабылдауға дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қолда бар астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 26,7 млн тоннаны құрайды, бұл күтіліп отырған жиын-терімді ескергенде, астық сақтау үшін жеткілікті.
Үкімет басшысы жауын-ша­шын­ның әсерінен негізгі астық егетін өңірлер былтырғы жылмен салыс­тырғанда егін жинау кестесінен 20-25% қалып келе жатқанына назар аударып, егін жинау жұмысын уақытылы аяқтауды тапсырды.
Жиында инженерлік-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары мақұлданды. Елорда әкімі Б.Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кешенді жоспар әзірленіп, игеру аумағының шекаралары 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылғанын және бес перс­пективалы құрылыс салу аймағы анықталғанын атап өтті. Кешенді жоспарды іске асыру қаланың, жалпы ел экономикасының дамуына оң әсерін тигізбек. Бұл ретте 5 жылдың ішінде бюджетке 7 трлн теңге түседі, сондай-ақ 6 трлн теңге жеке инвестициялар тартылады деп күтілуде.
Мәселені қарауды қорытынды­лаған Премьер-министр Астана әкімдігіне және барлық мүдделі мем­лекеттік органдарға Кешенді жос­пар­дың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Жиында сондай-ақ жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы қаралды. Осы орайда назар аударылған NEET түсінігі «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын» деген мағынаны береді. Бұл проблеманың өзектілігі ескеріліп, NEET-жастар тақырыбына жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілген. Қоғамдық даму министрлігі 18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы NEET-жастарды, соның ішінде түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдау шараларын жүргізді. Қоғамдық даму министрі Д. Кәлетаев жастардың жағдайы мен көңіл-күйлеріне жалпы жұмысқа тұрудағы тапшылық әсер ететіндігіне тоқталып, жол картасы NEET жастарымен кешенді жұмыс жасауды талап ететінін айтты.
Өз кезегінде білім және ғылым министрі Е. Сағадиев республикада соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарғанын және түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылағанын айтып өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова биылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% құрағанын жеткізді. Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіп­теріне оқытылады. Осы жоба бойынша жастар қатарынан 38 мың адам оқытылған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру