Венада өтіп жатқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясының 62-ші сессиясында Қазақстанның ядролық қару-жарақты таратпау және атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жетістіктері туралы айтылды.
Конференция мінберінен сөз алған қазақстандық делегацияның басшысы, энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мақсатындағы жаһандық бастамалары, Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың даму барысы мен болашақ бағдарлары турасында кеңінен айтып өтті.
Қазақстандық делегация құрамында Энергетика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ұлттық ядролық орталық және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.
Конференция аясында қазақстандық тарап МАГАТЭ-нің мақсаттарын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне арналған жан-жақты шара ұйымдастырды. Іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары қатысып, ядролық қаруды таратпау, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне жоғары баға берді.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясының басшысы Сауд Арабиясы корольдігінің Энергетика және өнеркәсіп министрімен, Сауд Арабиясы королі Абдалла атындағы Атомдық және жаңартылатын энергия жөніндегі академиялық қалашықтың Президентімен, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасымен, Үндістанның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясы төрағасымен, Украинаның энергетика және көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасарымен және «Росатом» мемлекеттік атом энергетикалық корпорациясының Бас директорымен екіжақты кездесулер өткізді.
МАГАТЭ Бас конференциясының жұмысы 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы іс-шара барысында 140-тан астам мүше мемлекеттердің делегациялары МАГАТЭ-нің ядролық қауіпсіздік туралы есебі мен жыл сайынғы баяндамасын, сондай-ақ агенттіктің есебін, бағдарламалары мен бюджетін қарайды.
Бас конференция жұмысының барысында ядролық энергетиканы дамыту перспективалары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ядролық энергетиканы және ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалану және оларды қолдану, техникалық ынтымақтастық, кепілдіктердің тиімділігі мен оны арттыру мәселелері талқыланады.
Айта кетейік, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік 1957 жылы құрылған болатын. Қазақстан 1994 жылғы 14 ақпанда МАГАТЭ-нің 121-ші мүшесі атанды.
БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ