Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Жаңғырту жүйелі жүргізілуде

Елімізде тек соңғы жылдардың өзінде қоғамда орын алып жатқан өзгерістердің бәрі ашық айтылып, экономикалық дамуымыздың ахуалын халық айқын бағалай алуына нақты жағдайлар жасалуда. Бұл ретте Үкімет тарапынан министрліктер мен ведомстволардың жұмысы көпшіліктің назарында болуына жете мән беріліп келеді.

Соның айғағындай осы сейсен­біде, Астана қаласында «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны («АСА» МКК) нысандары бойынша инвестициялық бағдарламаларды орындау және инвестициялық бағдарлама­лар­ды іске асырудан алынған кәсіп­орын активтерін жаңғыртудың айқындығы мен ашықтылығы мақ­сатында баспасөз-туры ұйымдас­тырылды.
Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Астана қалалық департаментінің «Астана су арнасы» МКК нысандары бойынша инвестициялық бағдарламаларды орындау және инвестициялық бағдарламаларды іске асырудан алынған кәсіпорын активтерін жаңғыртудың айқындығы мен ашықтылығы мақсатында депар­таменттің сараптама кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз-турын өткізуге бастамашылық жасағанын атап өткен орынды. «Астана су арнасы» МКК басшылығы баспасөз-турға қатысушылар үшін жаңғыртылып жатқан нысандарға баруды ұйым­дастырды, оның барысында инвестициялық бағдарламаны орын­дау туралы тиісті түсіндірмелер берілді.
Айта кету керек, «Астана су арнасы» МКК – қаланың коммуналдық меншігіндегі 1332 км сыртқы су құбыры желілерін және 806 км кәріз желілерін пайдаланушы кәсіпорын.
2016 жылдан бастап 2016-2020 жылдарға арналған қолданыстағы инвестициялық бағдарлама кезе­ңінде 6,5 млрд теңгеге іс-шара­ларды орындау жоспарланған. Инвестбағдарламаның негізгі жобалары – тозған энергетикалық жабдықтарды ауыстыру, өндірісті автоматтандыру, ССС және КСС сорап жабдықтарын ауыстыру, су құбыры және кәріз желілерін қайта құру, қажетті жабдықтарды сатып алу.
Жоғарыда аталған бағдарла­ма­ға сәйкес, 2017 жылға белгіленген инвестициялық іс-шаралар аясында 1,4 млрд теңге игерілген немесе жоспар 99% жүзеге асырылыпты. «Жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында толығымен аяқталады, қыркүйек айына 2,2 шақырым жетілдіріледі», деп хабарлайды баспасөз баянында. Осы күздің аяғына дейін 373 млн теңгеге 1,3 шақырым аралықтағы кәріз желісі бойынша СМР аяқталады, оның 0,4 шақырымы орындалған. Сондай-ақ қараша айында несие­лік келісім-шарттың талаптарына сәйкес, 116 млн теңгеге су құбырлардың телеинспекция жүйелері орнатылады; ауыз су сапасы бойынша лаборатория үшін жел­тоқсан айында 32 млн теңгеге жасалған келісім-шарттардың шеңберінде жабдықтар орнатылатын болады; 379 млн теңгеге СКЕАЖ жүйесін енгізуді аяқтау көзделген, ағымдағы орындалуы – 196 млн теңге деп жоспарланған.
Осы шара барысында Астанадағы Г.Әлиев көшесінен Ж.Тәшенов көшесіне дейінгі 1 шақырым жерді алып жатқан аумақта диаметрі 600-1000 мм құбырлар тартылғаны және ол жұмыстардың нақты қалай жүзеге асып жатқаны іс үстінде көрсетілді. Шын мәнінде, мұндай ауқымды жұмыстарды «АСА» МКК тендер жариялау арқылы мердігер компаниялардың күшімен жүргізеді екен.
– Мұның бәрі ашық түрде, талаптарға сәйкес ұйым­дасты­рылады. Біз тапсырыс бермес бұрын атқарылар жұмыс ауқымын, қажетті құрал-жабдықтарды, басқа да тиісті құжаттарды алдын-ала тиянақты әзірлейміз. Содан соң ғана мердігер компаниялар белгіленіп, іске кіреседі, – дейді «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасары Елдар Асқаров.
Мердігерлік компаниялар тарапынан тек осы жаз айларының өзінде қыруар жұмыс атқарылған. Мәселен, диаметрлері 150 см-ден 500 см-ге дейін құбырлар елордамыздың Абылай хан даңғылын бойлаған бірнеше тұрғын үйлер қапталына, дәл осылайша М. Жұмабаев, Жирентаев, Петров және Маяковский көшелерін бойлай да жалпы көлемі 4,5 шақырымды құраған құбырлар тартылған.
«Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өндірістік бөлімінің басшысы Виктор Шефердің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы да тиянақты және белгіленген мерзімдік ауқымда абыройлы атқа­рылуда.
– Көшелерді бойлай созылып жатқан құбырлардың дені сонау 60-70-ші жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан жабдықтар. Әрине, әбден тозығы жеткендері де бар. Бір қуанарлығы, біз қазір жаңғыртып жатқан құбырларымыз – өзіміздің отандық өнімдер. Сырттан тасымай-ақ, кейде импорттық құрал-жабдықтардың бағасы қымбаттығынан бас тартуға да тура келеді. Осы ретте қазақстандық компаниялардың нарықтық қатынастарға толықтай жауап беретін құбырларды шығарып жатқанына рахмет айтамыз, –дейді ол.
Шара аясында журналистерге қаланың солтүстік-батысындағы басты кәріздік жүйенің біріндегі насос стансасының жұмысы іс үстінде таныстырылды. В.Шефердің мәлімдеуінше, мұн­дағы бес насос та – былтыр ғана орнатылған жаңа жабдықтар. Бұлардың басты ерекшелігі – тікелей электр қуатымен жұмыс істеуде, соның арқасында тереңде орналастырылған насостар то­лықтай су астында қалғанның өзінде, тоқтап қалмай, жұмыс істей береді екен.
Сонымен қатар бұл жабдық­тар: қаланы бойлай, кәріздер желісі арқылы осында жеткен лас суды тазартатын көрінеді. Мұны біз көзімізбен көрдік және сумен қоса ағып келген қоқыстар бөлек оңашаланып, арнайы қондырғы оларды преспен жұмарлап, кішкентай қатты кесектерге айналдырады. Ал, бұлар, өз кезегінде, насостың бүйірін ала орналасқан қоқыс контейнеріне толтырылуда. Ол аспалы кранмен жоғары көтеріліп, қоқыс жинайтын машинамен тысқа шығарылады. Бұл жұмыстардың барлығы автоматты түрде атқарылып, бәрі де арнайы осында кезекшілікте отырған операторлардың күшімен компьютерлерде атқарылады екен.
Тағы да нақты мәліметтер келтіре кетсек. Атап айтқанда, 2018 жылдың инвестициялық іс-шаралары бойынша 31 тамызға дейін 479 млн теңге игерілген немесе бұл жоспардың 36%-ы, яғни 1 329 млн теңге сомасына мынадай жұмыстар жүзеге асырылған: 8 кәріздік сорап станцияларында (КСС) 50 млн теңге сомасына 18 сорғылар ауыстырылыпты; КСС 4 станцияларында тозған жабдықтардың орнына 25 млн теңгеге күштік трансформаторлар орнатылған; бекітілген 354 млн теңге сомасына 4,5 шақырым су құбырлары қайта құрылған.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру