Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Өзекті мәселелер талқыланды

Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер қоғамдағы демографиялық құрылымның өзгерістеріне байланысты зейнетақы саласындағы өзекті мәселелермен бетпе-бет келуде. Біздің еліміз де бұл мәселеден айналып өте алмайтыны анық. Осыған орай Парламент Сенатында зейнетақы жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Талқылауға Ұлттық банк, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Сенатта өткен «Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы басшылығымен кездесуде әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова соңғы кезде жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдары зейнетақы жарналары төлеу мәсе­лелеріне жиі назар аударып отырғанын айта келіп, бұл басқосудың мақсаты – Қазақстан азаматтарын алаңдатып отырған зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін бірлесіп талқылау және зейнетақы жүйесінің болашақ даму бағдарларын қарастыру болып табылатынын атап өтті.
Осы тұрғыда «БЖЗҚ» акцио­нерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева өз баяндамасында қордың қызметі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы депутаттарды хабардар етті. Атап айтқанда, қазір мемлекеттік бюджет төлемдері басым болса, болашақтағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі бойынша жеке зейнетақы жинақтары үлесі ұлғаятыны айтылды. Мәселен, қазір 2017 жылдың қорытындысы бойынша барлық төлемдер 12 пайызды құраса, 2050 жылға қарай төлемдер үлесі 46 пайызға дейін өсетін болады. БЖЗҚ деректері бойынша, зейнетақы жинақтарының жылдық орташа өсімі шамамен 20 пайызды құрайды. Елдің жалпы ішкі өнімі мен зейнетақы жинақ сомасының қатынасы жылдан жылға өсіп келеді. БЖЗҚ құрылған сәттен бастап бұл көрсеткіш өткен жылы бір жарым есеге (10-нан 15 пайызға дейін) артты. Биылғы1 шілдедегі жағдай бойынша, зейнетақы жинағының көлемі 8,4 трлн теңгеге жетті, оның 63 пайызы салынған жарналардың есебінен, ал 37 пайызы инвестициялық табыс есебінен құралды.
Қор басшысы өткен жыл мен биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысында зейнетақы активтерінің кірісі инфляция деңгейінен жоғары болғанын атап өтті. Жалпы алғанда, жинақтаушы жүйе жұмыс істеп келе жатқан жиырма жылдың ішінде жинақталған зейнетақы активтерінің табыстылығы 481,1 пайызды құрап, инфляция деңгейінен (474,2%) асып түсті.
2017-2021 жылдардағы БЖЗҚ дамуының басты мақсаты – зейнет­ақы жөніндегі қызметтерді сапалы көрсету, халық арасында зейнетақы жоспарлау мәдениетін дамыту, жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бағыттары бойынша заңнамалық бастамаларды жүзеге асыру. Н.Наурызбаева депутаттарға осы салалардың әрқайсысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтып берді. Қор қызметі сенімділік, ашықтық, тұты­нушыларды бағдар тұту, салымшылар алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтарға негізделгендігі атап өтілді. Сонымен қатар тікелей және алыстан қызмет көрсету, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесін дамыту арқылы тұрғындардың зейнетақы қызметтеріне бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш салынып жатыр. Сонымен қатар 2018 жылдың қыркүйегінде «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы трансфер-агенттік қызмет көрсету жоспарланған. Биыл алғашқы жартыжылдықта орындалған операциялардың жалпы көлемі 10,5 миллион бірлікті құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға көп (8,3 млн). Көрсетілетін қызмет саны электрондық қызметтерді белсенді түрде дамытудың арқасында өсіп отыр. Егер 2014 жылдан бастап 2017 жылдың басына дейін тек шоттан берілетін үзінді-көшірмелер ғана электрондық форматта қолжетімді болса, 2017 жылдың екінші жартысынан күні бүгінге дейін негізгі қызметтердің барлығы дерлік электрондық форматта көрсетіледі. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Осылайша бүкіл қызметтің ішін­де электрондық форматтағы қызметтердің үлесі 2016 жылғы 45 пайыздан 62 пайызға дейін өсті (2018 жылдың бірінші жартысына қарай).
Басқарма төрайымы қордың жақ­сы нәтижелерге қол жеткізгенін және тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту жұмыстары одан әрі жалғаса беретіндігін жеткізді. Өйткені болашақта зейнетақымен қамсыздандыру – зейнетақы жарна­ларының толық көлемде және тұ­рақты түсіп тұруына тікелей байланысты. Осы ретте қор биыл ақпан айынан бастап зейнетақы жарналары түспейтін шоттарды өңдеу жұмысын бастады. Осылайша бірде-бір рет жарна түспеген, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бірақ соңғы жылдары жарна түспеген шоттар анықталды. Сөйтіп, 218 мыңнан астам салымшымен нақты байланыс орнатты. Нәтижесінде 51 мыңға жуық адам өз шоттарына жарна ретінде 1 миллиардтан астам теңге аударды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйе­сінің дамуы, оның кірістілігі, парапарлығы көп жағдайда елдегі экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Яғни нақты экономика секторларының дамуы еңбек өнімділігінің және халық табысының өсуіне сеп­тігін тигізеді. Инфляцияның төмендеуі, экономикадағы баға­ның тұрақтылығы зейнетақы жинақ­тарының нақты құнына оң әсер етеді. Халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру оларға болашақ зейнетақы үшін өз табыстары есебінен қорға тұрақты түрде жарна аударып тұруларына мүмкіндік береді.
Баяндамадан кейін депутаттар тарапынан сауалдар қойылып, зейнетақы салымдарын қорғау, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы бірқатар ұсыныстар айтылды.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру