Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Кәсіпкерлерге арналған бірегей жоба

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) еліміздегі Шағын бизнесті қолдау тобы «Шелл Қазақстан» компаниясымен бірге Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерге арналған бірегей жоба – «Сәттілік марафоны» форумын өткізді.

Жоба Батыс Қазақстандағы өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің инновациялық әрі бизнес идеяларын қолдау және дамытуға бағытталған «Shell LiveWIRE» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлердің басқару білімі мен дағдысын дамыту, жергілікті халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына ықпал ету, бәскелестік қабілетті арттыру, бизнес жүргізудің әлеуеті мен тиімділігін көтеру. Сонымен қатар жоба стартаптарға арналған инкубациялық, жетілді­руші бағдарламаларды дамытуды қамтиды, кеңес берушілер мен тәлімгерлердің біліктілігін көтеру арқылы кеңес беру және тренинг қызметтері нарығын дамытуды қарастырады.
Форумның ашылу салтанатында қатысушыларды құттықтап, сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Міржан Сатқанов аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру үшін мұндай жобалардың маңызы зор екенін, ЕҚДБ мен «Шелл Қазақстан» тәрізді ірі компаниялар облыстың және тұтас елдің дамуына үлкен үлес қосып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде ЕҚДБ-ның Қазақ­стандағы шағын бизнесті қолдау бағдарламасының менеджері Алма Қасымова жобаның шарттары мен кезеңдері туралы кеңінен айта келіп, биыл қазан айында жоба аяқталар сәтке дейін ең кемі 15 қатысушыда мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың ШОБ қолдау жөніндегі қолжетімді бағдарламалары арқылы жүзеге асыруға және қаржыландыруға болатын бизнес-жоба болатынына үміт артты. «Осындай бағдарламаларды өткізу тәжірибесі көрсеткендей, екі-үш модуль ғана өткен қатысушылардың өзі қандай-да бір себептермен бизнес-жобаларын аяқтамаса да, кәсіби біліктіліктері артқанын және алған білімін өз жұмысында пайдалана білетіндігін көрсетеді», – деп атап өтті ол.
Өңірде «Шелл Қазақстан» жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар туралы компанияның мемлекеттік органдармен байланыс және сыртқы қарым-қатынастар жөніндегі директоры Зарина Бакенова айтып берді. «Жаһандық Shell LiveWIRE жобасы жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнесін бастауға көмектеседі. Қазір бағдарлама әлемнің 18 елінде жұмыс істеп тұр. 1982 жылдан бері бағдарлама 9,2 миллион жас кәсіпкерге көмектесті. Биылдан бастап жергілікті кәсіпорындарға қосымша мүмкіндіктер бере отырып, осы бағдарламаны елімізде іске қостық», – деді З.Бакенова.
Басқосудың екінші бөлімінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Марат Нұрқуатов аймақты дамы­тудың басым бағыттары мен кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банк өкілдері «Қаржыландыруға қалай қол жеткізуге болады?» панельдік сессиясында кәсіпкерлерге қаржы­ландыру көздері мен осы бағыттағы өз жобалары туралы кеңінен түсін­діріп берді.
Іс-шара барысында қазақ­стан­дық табысты кәсіпкерлер «Печа Куча» форматында өз табыстарының тарихымен бөлісті. Олар дағдарыс кезінде қалай әрекет ету, клиенттермен қарым-қатынасты қалай құру және қиындықтан қашпай, қалай алға жылжу керек екенін айтып берді. Сонымен қатар форум аясында қатысушылар үшін еліміздің жетекші тәлім­герлерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Осылайша, «Сәттілік марафоны» форумы кәсіпкерлер үшін басқару білімі мен іскерлік дағдыларын меңгерудің тамаша мүмкіндігі болды.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру