Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Долларсыздандыру тұйыққа тірей ме?

Соңғы кезеңдегі әлем бойынша аса күрделі экономикалық жағдайлар, соның ішінде белді әрі (бұған дейін саналып келген) беделді қаржы көзі – доллардың құнын жоғалтуы талай елде дүрбелең туғызып отыр. Сондықтанда қайсысы жеңер екен – долларсыздану ма, әлде сол көк қағаздардан мүлде бас тартуға жетелеген саналы таңдау ма? Жалпы алғанда, осы өзіміздің ұлттық валютамыз халықты қашан байлыққа кенелтеді? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Қай валютада сақтаған тиімдірек

Мәселен, 1000 АҚШ доллары соңғы 25 жыл бойына сандығыңыз түбінде сақтаулы жатты деп есептелік, сол ұлт­тық валютамыздың соңғы кездегі бағамы құбылуына орай, дәл осы күндері сонау баяғы 4000 теңгеден бүгіндері 375 000 теңгеге (2018 жылғы 10 қыркүйекке) айналыпты. Яғни 1000 теңге сандықта 25 жыл сақталса, қазір сол уақыттағы бағаммен 250 долларыңыз 3-ақ долларға айналмақ. Бұдан кейін: «Қор жинағыңызды қай валютада сақтаған тиімді?» сауалына қандай жауап аларыңыз өзінен-ақ белгілі.
Әйтсе де, осыдан үш жыл бұрынғы, біздің теңгенің күрт әрі терең құнсыздануға ұшы­раған 2015 жылғы «қаралы тамыз» аралығынан бергі статистикаға назар аударып көрелік. Тап сол кезде ұлттық валютамызға сенім айтарлықтай ортайып қалып, Үкімет «долларсыздандыру» деп аталған жобаны санамызға сіңірген болатын. Қарапайым тілмен айтқанда, алып бара жатқандай күрделі емес қарабайыр тәсіл­дермен-ақ халық арасында теңгені тартымды қылып, доллардың экономикадағы құзырын төмендету, сондай-ақ халықтың ұлттық валютадағы жинақтары үлесін арттыру еді бұл.
Сонымен, бірінші жылғы долларсыздандыру сезімі, яғни 2015 жылдың тамызындағы девальвация жағдайы сәтсіз болды. Оның айғағы: бір жылдан соң 2016 жылдың тамызында жеке тұлғалардың барлық банктік салымдарының 72%-ы валютада еді, 28% ғана – теңгеде болды. Оның үстіне тек 4 облыста (Ақмола, Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан) ғана халықтың жартысынан астамы өз жинақтарын теңгеде сақтаған, қалған аймақ­тардың басым бөлігі валютада сақтаған екен. Ең қызығы, Алматы қаласы тұрғындарының 85%-ы ақшаларын валютада сақтапты, ал астаналықтардың – 71%-ы. Айта кету керек, Алматы қаласы тарихи тұрғыда теңгеге сенімсіздік бойынша көшбастаушы болып табылады.

Сөйте тұра, алматылықтардың (валютадағы жинақтарының 74%-ы) және астаналықтардың (валютада 60%-ы) әлі күнге дейін өз жинақтарының негізгі бөліктерін теңгеде сақтаудай «еліктірер» идеядан бас тартып отырғаны таңқалдырады. Демек, Қазақстанның жаңа және ескі астаналары тұрғындарының сыни ой-өрістерінің деңгейі айрықша жоғары немесе оларға теңгенің болашағына қатысты ақпарат өзгелерден гөрі қолжетімді.

Теңгеге сенім артса да…

2018-ші жыл. Биылғы жылдың сәуірінен бері доллар жаңа бағамдық биіктерді сенімді түрде – сәуірдің басынан бастап 320 теңгеден бүгіндергі 375 теңгеге дейін бағындыруына қарамастан, статистика халықтың ұлттық валютаға сенімі артқанын көрсетеді, бұл теңгедегі банктік депозиттердің валютадағы депозиттерге қатысы бойынша айқындалуда.
Мәселен, Ұлттық банктің есептемелері бойынша:
• халық сәуірде ақшаларының 48%-ын теңгеде және 52%-ын валютада сақтаған;
• мамырда – 49%-ы теңгеде, 51%-ы валютада;
• маусымда – 50%-ы теңгеде және 50%-ы валютада;
• шілдеде маусымдағыдай – елуде-елу.
Атап айту керек, Ұлттық банк­тің экс-төрағасы Григорий Мар­ченконың арманы орындалды: ха­лық жинақ­тарын теңдей сақтай бас­тады – 50%-ы теңгеде және 50%-ы валютада.
Қазақстандықтар депозиттерінің барлығында 7,5 триллион теңге немесе ағымдағы бағам бойынша 20 миллиард долларға жуық сақталуда.
Халық барған сайын теңгеге құмар бола түскен және өз жинақтарын сонымен сақтауға тырысуда. Шын мәнінде, таңқаларлық жайт және ұлттық валютаға осыншалықты айнымас сенім қайран қалдырады – міне, ұлттық патриотизм дәлелі қайда жатыр! Ал, теңге халықтың осындай құлшынысына қалай жауап беруде? Өз иелерінің байлығын теңгеміз сақтай ала ма?
Теңге пайда болған 1993 жылға қайтып оралсақ, ол кезде мен отызды енді орталаған жаста едім – ұлттық валютамыздың өмірге келгеніне өлгенше қуанғанның бірі мен-ақ болармын. Бастапқыда бір доллар түрлі-түсті құнды қағаздарға басылған төрт теңгеге бағаланды. Қазақстандық биржада оның сол кездегі ең төменгі бағамы: $1 (1 АҚШ долларына) 4,68 теңге деген белгі әлі күнге сақталған.
Осы жерде мынадай қарапайым ой да мазаламай қоймайды: «Егер де мен 1994 жылдың қаңтарында банктің төлейтін пайыздарына ай сайынғы қосымшаларымен депо­зиттік сомасына (пайыздарды капиталдандыра отырып) 24 жыл 8 айға бір мезгілде $1000 (1000 АҚШ долларын) депозитке жылына 1%-бен және сонымен баламалы 4680 теңгені жылына 10%-бен салғанымда не болар еді? Егер теңгелік депозитке қазіргідей 10 есе көбірек өтемақы ұсынса, менің ақшаларым қаншалықты молаяр еді?».
Есептеп көрсек, содан 296 ай өт­кен­нен бергі банкте ашылған депо­зиттің:
• 1000 доллары бар-жоғы 1280 долларға (25 жылға жуық уақыт үшін түк те емес) айналады екен;
• 4 680 теңге 54 584 теңгеге (қом­пиып көрінсе де) айналар-мыс.
Ал енді ағымдағы 1 АҚШ долларына 375 теңге бағамы бойынша аударып көрелік. Сонда бұл былай болады екен:
• $ 1,280 = 480 000 теңге;
• 54 584 теңге = $146.
Қарапайым осы есептеуіміздің өзі: екі жарым онжылдықтан кейін де, білдей бір ұрпақ ауысымы аралығында, теңге жиынтығын ұлғайтпақ түгілі жоғалтып алған. Шығар қорытынды – долларсыздандыру санасы тікелей кедейлікке жетелейтін сияқты.

Валюталық нарық күрт жанданды

Теңгенің тамыздағы жеделдеген құнсыздануы, бірнеше айға созылып кеткен, биржадағы валюталық нарықтың күрт жандануына ұласты, дейді белгілі экономист Төлеген Асқаров.
Доллардың спот-нарықтағы айналымдары құлауы, Қазақстан қор биржасында (KASE) сауда көлемі сәуірмен салыстырғанда 28,5%-ға қысқаруымен, мамыр айында басталды. Мамырда маусымға қарағандағы төмендеу тағы 3%-ды құрады, ал шілдеде өткен аймен салыстырғанда – 4,8%-ға, ағымдағы жылдың айлық минимумына 2 млрд 885,3 миллионға жетіп жығылды. Бұл түсінікті де – мәселен, шілдеде доллар тек 1,3%-ға ғана қымбаттап, 2-ші шілдедегі орташа өлшемді деңгейі 341,72 теңгеден 31-ші шілдедегі 346,07 теңгеге дейін жеткен.
Ал, тамызда тіпті KASE-нің спот-нарығында доллармен саудалар көлемі шілдемен салыстыру бойынша – үштен бірден аса (35,5%) 3 млрд 908,7 млн АҚШ долларына дейін күрт өскен. Ал, бұл аз емес – қазіргі Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың басқаруы кезінен бері тек 2015 жылдың желтоқсанында ($4 млрд 666,9 млн) ғана және ағымдағы жылдың сәуірінде ($4 млрд 367,3 млн) осылай болған!

Доллардың  табыстылығы өсті

Екінші деңгейдегі банктер шет­елдік валюталарды (негізінде бұлар соның өзінің долларлары) Ұлттық банктен қарызға алатын KASE-нің своп-нарығы да жандана түсті. Мұндағы айналымдардың құлауы биыл ертерек – сонау ақпанда басталған. Шілдеде олар 2018 жыл­дың айлық минимумына $5 млрд 515,4 миллионға дейін, қаңтардағы ($12 млрд 798,9 млн) жеткен максимумынан да аз деңгейге – 2,3 есеге құлдыраған. Бірақ тамызда мұнда да шілдемен салыстырғанда – 14,7%-ға, $6 млрд 324,8 миллионға (KASE мәліметтерінің ағымдағы жылдың 8-ші және 7-ші айлары аралығындағы айырмашылық ретінде есептелген, өйткені биржадағылар своп-нарықтың айлық мәліметтерін жариялауды тоқтатқан). Ал, біз тарапынан бұдан бұрын да бірнеше рет атап көрсетілгендей, KASE-нің своп-нарығындағы айналымдардың ұлғаюы, әдетте, теңгенің долларға қарағанда девальвацияға ұшырауына әкеп ұрындарады, дейді Т.Асқаров.
Қорыта айтқанда, долларсыздану тығырықтан шығу емес, онсыз да күрделі қаржы нарығын одан сайын керісінше ширата түскен сыңайлы. Демек, жыл аяғына дейін тағы біраз құбылмалылықты бастан кешер жайымыз бар.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру