Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Кәсіпкерлік белсенділік арта түсті

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Мемлекет басшысының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі өңірлік бастамасын бірінші болып қолдап, осы елдің әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференция аясындағы меморандумға қол қою рәсімі барысында «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова бұл оқиға екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында тікелей іскерлік байланыстарды орнату үдерісіндегі маңызды қадам екенін атап өтті.
Меморандум аясында Қазақ­станның іскер әйелдері ауған әріптестерімен бизнестегі тәжіри­бемен бөлісу, мемлекеттер ара­сындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ақпараттық және білім беретін іс-шараларды, техникалық тренингтерді өт­кізуге дайын. Ауыл-аймақтағы ынтымақтастықты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелеріне баса назар аударылмақ. Қазақстан шағын индустриялық парктерді құру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, өйткені Ауғанстан әйелдерге арналған осындай парктер құруды бастап кетті. «Ынтымақтастық орнатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Шынымен, елдеріміз арасында ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату ісінде ер-азаматтар ғана қатысатынына үйреніп қалдық. Ал әйелдер арасында осындай іскерлік байланыстар болған емес. Алайда, бұл елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жоқ дегенді білдірмейді. Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының құрылуы – елімізде әйелдер кәсіпкерлігі дамып, қарқын алып жатқанын білдіреді. Екі ел арасындағы меморандум – жақсы нәтижеге әкелетін алғашқы тәжірибе болмақ», – деді Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Манижа Уафек.
Сонымен қатар Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасы «Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бір­лестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мақсат – өнім өткізу нарығын кеңейту.
Қазақстан, Өзбекстан, Тә­жік­стан, АҚШ елдерінің саяси және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткен конференцияда Орта Азия мемлекеттерінде әйелдердің іскерлік дағдыларын дамыту үшін қолайлы құқықтық және әлеуметтік орта қалыптасу үстінде екендігі және әйелдер кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке белсенді араласып отырғаны атап өтілді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру