Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

«Астана» марафоны

Кіл жүйрікте кім жүйрік?!

Астанада жыл сайын өтетін халықаралық дәстүрлі «Astana Marathon 2018» марафоны болып өтті. Бұқаралық спорттық шараға Германия, Ресей, Жапония, Италия, Өзбекстан, БАӘ, Швеция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ, Қырғызстан, Франция, Түркия, Аустралия, Кения, Грузия, Люксембург Испания мемлекеттерінен барлығы 5 мыңнан аса адам қатысты.

18-ден асқан қатысушылар 42,2 шақырым және 16-дан асқан жасөспірімдер 10 шақырым қашықтыққа жүгірді. Жарыс жолына шыққан қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 18-39, 40-49, 50-59, 60-69 және 70 жастан асқандар болып бірнеше категорияға бөлінді. «Astana Marathon 2018» қатысушылары Бейбітшілік және келісім сарайы мен Хазірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек, Назарбаев Университеті және Астана Аренаның жанынан жүгіріп өтті. Әр қашықтықтың әрбір бесінші шақырымында қатысушыларға арналып су берілетін орындар әзірленді.
Көптеген шетелдік агенттер Astana Marathon-ды өтетін аумақтағы жердің жазықтығына және табиғатына байланысты таңдайды, өйткені, бұл жағдайлар жүгірушілерге қашықтықты оңай бағындыруға және әлемдік рекордтар орнатуға мүмкіндік береді. Аталмыш марафонға әлемнің 20 мемлекетінен қатысушылардың келуі, бүгінгі елорданың жанға жайлы, көрер көзге тартымды және ауқымды, қоғамдық іс-шараларды өткізуге қолайлы екенін аңғартады. Бүгінде марафон өткізу әлем бойынша қарқынды дамып келеді және ол адамдар арасындағы бірлікті арттыруға, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік сыйлайды. Соңғы жылдары жалпы халықтық марафон өткізу Қазақстанда да дәстүрлі үрдіске айналған. Биыл «Astana Marathon» Халықаралық марафондар және жүгірулер қауымдастығына (AIMS) енді, сонымен қатар, Астанадағы жүгіру марафоны Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының Bronze Label құрметті сертификатын алуға үміттеніп отыр.
Ең ұзақ қашықтықтағы марафон сайысында кениялық қара маржан желаяқ Эрик Керинг 42,2 шақырымды 2 сағат 17 минут 57 секундта басып өтіп жеңімпаз атанды. Екінші орынды жүлдегердің жерлесі Роберту Гаито ие болса, алғашқы үштікке отандасымыз Әмір Байтұқанов ие болды. Әйелдер арасындағы бәсекеде кениялық Салина Джебет 2 сағат 31 минут және 9 секунд нәтижесімен мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынды тағы да кениялық ару Люси Ндунгу иеленсе, алғашқы үштікке қырғызстандық Юлия Андреева ілікті.
10 шақырымдық қашықтықта да кениялық желаяқтар шашасына шаң жұқтырмады. Ерлер арасында бірінші және екінші орын африкалық стайерлер Шадрак Коеч және Кеннет Ротичке тиесілі болды. Үшінші орынды жерлесіміз Алексея Гусаров үздік нәтижемен түйіндеді. Ал әйеледер сайысында кениялық арулар Норах Джеруто және Дэйзи Джепкемей топжарып, өзара бірінші және екінші орындарды иеленді. Үшінші орынды қазақстандық Светлана Саунинаға бұйырды.
Осылайша, 42,2 шақырым қашықтықта үздік атанған кениялық спортшыға 905 000 теңге мен «Air Astana» бағыты бойынша кез келген бағытта ұшуға арналған билет, «Astana Marathon» белгісімен Amir Watches сағаты табысталды. Екінші орынға 452 500 теңге, «Air Astana» бағыты бойынша кез келген бағытта ұшуға арналған билет, ал үшінші орынға 226 250 теңге берілді. Ал 10 шақырымда үздік көрінгендерге қарапайым сыйлықтар, атап айтқанда бірінші орынға – 30 мың, екіншіге – 25 мың, үшіншіге – 20 мың теңге спортшыға сыйланды. Атап айту керек, былтыр «Astana Marathon 2017» марафонында 4,5 мың адам қатысып, 42,2 шақырымда үздік көрінген кениялық желаяқ Саймон Кипругут Кируйге 850 мың теңге ұсынылған болатын. Осылайша, Астанадағы марафондық жарыстың сыйлығы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын аңғаруға болады.
Сонымен қатар дүбірлі дода барысында әртүрлі жас дәреже­сіндегі спортшылар арасында жүлдегерлер анықталды. Жеңім­паз пен жүлдегерлер мақтау қағаз­дарымен, қажетті тұрмыстық, кеңселік техникалармен: ноутбук, фотоаппарат, ұялы телефон және басқа да құрылғылармен марапатталды. Дәстүр бойынша қатысушылардың барлығына ескерткіш сыйлықтар – тапсырылды. Марафон соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Cалтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру