Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жүктелген іске жауапкершілік керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары баяндалды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов атап өткендей, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында экономиканың оң өсу үрдісі сақталып отыр. Дегенмен, экономикалық даму әлемдік нарықтардағы сын-тегеуріндер мен құбылмалылықтардың күшеюі жағдайында жүріп жатыр. Есепті кезеңде ІЖӨ өсуі 3,8% құрады. ІЖӨ өсімі бойынша 4% мақсатқа жету үшін, ай сайынғы өсімді ағымдағы жылдың соңына дейін орта есеппен 4,2% деңгейінде қамтамасыз ету қажет.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы жеті айда 3,5% қарағанда 2,4% құрады. Бәсеңдеу Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы егін жинаудың төмендеуінің салдарынан өсімдік шаруашылығының 1,5% төмендеуімен байланысты. Мал шаруашылығы 3,9% өсті. Құрылыс саласы 3,6% мақсатты көрсеткіш кезінде бар болғаны 0,8% өсті. Жеті айда өсім 1,3% болған. Көрсетілген қызметтер өндірісі ағымдағы жылғы қаңтар-шілдедегі 3,8%-тен 3,7% дейін бәсеңдеді. Мақсатты көрсеткіш 4,1% құрайды. Бұл ақпарат және байланыс қызметтерінің, ғылыми және техникалық қызметтің өсім қарқындарының бәсеңдеуіне байланысты орын алып отыр. Сонымен қатар сауда – 5,8%, көлік саласы – 4,8% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,4% өсті, оның ішінде жеке инвестициялар – 26,8%. Сыртқы сауда айналымы жоғары өсім үрдісін тұрақты сақтап тұр. Ол жеті айда 20,1% – $51,9 млрд ұлғайды. Экспорт 26% – $34 млрд өсті. Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 4,1% – $9 млрд құрады. Импорт 10,3% – $17,9 млрд артты. Негізінен өсім импортталатын инвестициялық тауарлар – машина және жабдықтар есебінен қамтамасыз етілді. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жалақы бірқалыпты қарқынмен өсуде.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов осы жылдың сегіз айындағы бюд­жет­тің орындалуының негізгі көр­сет­­кіштері туралы баяндады. Бюджеттің негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсартылған. Мысалы, трансферттерсіз мемлекеттік бюджетке 5,252 трлн теңге кіріс түсті. Бұл сома 2015 жылдың жалпы жылдық көлемінен 74 млрд теңгеге артық. Экономиканың барлық салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, оның ішінде мұнай мен металл бағасының өсуі, кірістердің өсуіне бірден-бір себеп болды. Сондай-ақ бұған салықтық-кедендік әкімшілендіру рәсімдерінің тиімділігінің артуы да ықпал етті. «Бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет – 104,7%, республикалық бюджет – 103,7% және жергілікті бюджет – 107%. Нақтыланған жоспардың жылдың аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ», деп баяндады сейсенбіде әлі қаржы министрі қызметінде болған Б.Сұлтанов. Шығыстар есепті кезеңде 7,439 млрд теңге сомаға атқарылды. Олардың ішінде 55% әлеуметтік салаға жіберілді. Шығыстар бойынша игеру деңгейі айтарлықтай жоғары: мемлекеттік бюджет – 97,9%, республикалық бюджет – 98,6% және жергілікті бюджет – 97,8%.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыруға биылғы респуб­ликалық бюджетте 476,3 млрд теңге қарастырылған. Ал кешенді жоспардың 887 объектісінен ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 515 объектісі сатуға қойылған болса, оның ішінде сомасы 246 млрд теңгенің 435 объектісі сатылды. Сату экономикалық жағынан тиімсіз болуына және үш объектінің сауда-саттық нәтижелері бойынша сатылмағандығына байланысты, 269 объекті қайта ұйымдастыру және тарату сатысында. Осылайша ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі қайта ұйымдастырылған және таратылған объектілерді ескере отырып, Жекешелендірудің кешенді жоспары 79,4% орындалды. Жалпы жекешелендіру процесі сату кестесіне сәйкес жүруде, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 70 объекті, оның 15 республикалық меншік объектісі, 24 коммуналдық меншік объектісі, 31 ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтері сатуға қойылады.
Ұлттық экономика, Қаржы минис­трліктерінің есептерін тыңдаған­нан кейін, Үкімет басшысы бюджеттік қа­ра­жаттар елеулі сомада игерілмей қалған министрліктерге талап қойды. Мәселен, Қорғаныс министрлігінде республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген қаражат сомасы – 15,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігінде – 11,1 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде –10,9 млрд теңге, Ішкі істер министрлігінде – 9,5 млрд теңге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде – 5,7 млрд теңге. «Мұндай қомақты қаржыға көптеген мектеп, аурухана, балабақша салып, жолдарды жөндеуге болады. Бұл қаражаттар уақытылы игерілуі тиіс», дей келе, Б.Сағынтаев игерілмеген қаражаттар ведомстволардың тең­герімінен алынып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын баса айтты.
Сонымен қатар экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген өңірлерге де жекелей назар аударылды. Премьер-министр ұлттық экономика министрінің баяндамасын тыңдағаннан кейін 11 өңірдегі төменгі көрсеткіштер экономикадағы қолайлы үрдістерге сай келмейтінін айтты. Сондай-ақ көрсеткіштердің төмендеуі құрылыс және инвестициялар салаларында байқалады. Әрине, экономикалық өсімнің төмендеуіне сыртқы факторлар мен турбуленттілік те әсер етуде. Бірақ бұл тапсырмаларды орындамауға себеп емес. Сондықтан мәселеге мұқият жауапкершілікпен қарау қажет. Президенттің тапсырмаларын іске асырып, осы жылды табысты аяқтай алатындай барлық мүмкіндік бар екенін баса айтқан Үкімет басшысы, әкімдерге ағымдағы жағдайға талдау жасап, экономикалық өсімнің мақсатты көрсеткіштерінің орындалмауына жол берген басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру