Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ӨРІСІ

Өткен жұмада Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарымен танысты. Жер көлемі мен қазба байлығы, өнеркәсіптік қуаты жағынан республикадағы ең ірі облыс – Қарағанды өңірі ежелден еліміздің маңызды индустриялдық орталығы болып саналады. Республиканың өнеркәсіптік өндірісінде жоғары орын алатын облыс өнеркәсібінің құрылымында негізінен өңдеуші саланың үлесі басым, 81 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысы өңір өнеркәсібінің жетекші салалары – тау-кен – металлургия кешені (бағалы және сирек кездесетін металдар өндірісі, қара және түсті металлургия мен металл өңдеу), көмір, машина жасау, химия және фармацевтика, құрылыс материалдары өндірісі өрісті дамыған облыстың экономикалық даму көрсеткіштерінің оң қарқынын айрықша атап өтті.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында «Maker» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің Қарағанды құю-машина жасау зауытында болып, роботтандырылған зама­науи құрылғылармен және ав­томат­тандырылған басқару жүйесімен жабдықталған жаңа зауыттың өндірістік үдерісімен танысты. Осы ретте облыстағы инвестициялық жобалардың іске асырылу жоспары баяндалып, «Қазақмыс» корпорациясы» компаниясының жұмыстары таныстырылды. Кәсіпорын ұжымымен және Қарағанды мемлекеттік техникалық универ­ситетінің студенттерімен кез­десуде Елбасы экономиканы дамытудың заманауи үрдісіне сай дуальді білім берудің және кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап айтты.


Елбасы келесі кезекте өңір­дегі жаңғырту жобаларының бірі – озық құрылғылармен жаб­дықталған, қуаттылығы жылына 4 миллион биотехно­логиялық дәрі-дәрмек бумасын шығаруға мүмкіндік беретін «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС-ның өндірістік кәсіпорнында болып, облыстағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жоба­лардың іске асырылу барысымен танысты.
Мемлекет басшысы Қараған­ды қаласының жаңа орталығы – «Оңтүстік-шығыс» ауданында салынып жатқан тұрғын үй алабының құрылысын аралап көрді. Жаңа орталық аумағында бірқатар әкімшілік ғимараттар мен спорт кешендері, концерт залы, балалар мен жасөспірімдер үйі, логистикалық көтерме-тарату орталығы және мектеп салу жоспарланған. Елбасыға қаланы дамыту үшін тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салудың барысы мен құрылыс жұмыстарының, сонымен қатар «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының іске асырылу барысы, оның ішінде «Балқаш – Бурылбайтал – Қапшағай» жолының құрылысы мен облыс аумағындағы жолдарды қайта жөндеу нәтижелері жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы Достық үйінде этно-мәдени бірлестік­тердің жұмысымен танысқаннан кейін өңір жұртшылығымен кездесуі аясында өткен әлеу­меттік-экономикалық даму мә­селелеріне арналған кеңесте об­лыстың даму көрсеткіштерінің оң қарқынын айрықша атап өтті.
– Бес жыл ішінде 1,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жөнінен бұл өңір республикада төртінші орында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қарағанды өңірінің еліміздегі ең урбанизацияланған аймақ екенін, облыстағы бар­лық елдімекенде әлеуметтік ин­фрақұрылымды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміз­дің көлік-транзит әлеуетін пайдалануға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған стратегиялық даму бағ­дар­ламаларының одан әрі іске асы­рылуына ерекше назар аударды.

Елбасы облыс әкімінің баяндамасын тыңдап, жұртшылық өкілдерімен әңгімелескен соң, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету мақ­сатында бірқатар басты мәселе­лерді шешу қажеттігін айтты.
– Облыста арнайы эконо­микалық аймақ құрылған. Бүгінде мұнда бар­лығы 15 кәсіпорын тіркелсе, соның тек алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Әкімдікке арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін жандандыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Ірі инвесторларды құрылыс, химия және медицина индустриясы, сондай-ақ металл өңдеу салаларына тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Мемлекет басшысы тұрғындарға жағдай жасау және олар­дың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіпорындардың әлеуметтік жауап­кершілігін арттыру қажеттігін ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар жоғары сұранысқа ие импортталатын тауарлар өндірісі мен қызмет түрлерін көрсету ісін жолға қоюды тапсырды.
– Төрт ірі кәсіпорында Индус­трия 4.0 элементтерін енгізу жоспарланып отыр, ал 2 кәсіпорын «үлгілі цифрлық фабрика» ретінде айқындалды. Роботтандыру, жасанды интеллект, өнеркәсіптік интернет кәсіпорындардың еңбек өнімділігі мен өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар тұрақты жүргізілуге тиіс, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­меттерді цифрландыру бағытын­дағы жұмысты жандандыруды, Қарағанды қаласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Ел экономикасындағы бизнестің маңызды рөлін атап өте келіп, Мемлекет басшысы Қарағанды облысында Бизнесті дамыту картасын әзірлеуді, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы аясында тұрғындарды кәсіпкерлікке белсенді тартуды тапсырды.
Сондай-ақ кеңес барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматындағы жаңа жобаларды әзірлеу жүктелді.
Мемлекет басшысы «Бес әлеу­меттік бастаманың» іске асырылу барысына арнайы тоқтала келіп, оның одан әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жоғары білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысының сапасы және өңірдің туристік әлеуетін дамытуға қатысты көзделіп отырған мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін атап айтты.
Кеңес барысында жылумен қамту, өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл технологияны енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
– Бір жылда облыстағы өнер­кәсіп кәсіпорындарынан ауаға 600 мың тоннаға жуық зиянды заттар шығарылады. Бұл – республика бойынша қоршаған ортаны ластайтын заттардың төрттен бір бөлігі. Әкімдікке Үкіметпен бірлесе отырып, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын соңында Мемлекет басшысы халықтың бірлігін нығайту жолындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып, облыстың одан әрі дамуы үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының маңызы зор екенін атап өтті.
Қарағанды облысына жұмыс сапарының екінші күні Елбасы жас жұбайлардың неке қию рәсімі өтіп жатқан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер­дің қаражатына салынған жаңа «Ақ сарай» салтанат сарайына барды.
Мемлекет басшысы жас отау иелерін құттықтап, олардың шаңырақ­тарына бақыт, құт-береке тіледі.
– Ертең Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Көп адам үшін бақыт дегеніміз – отбасы және балалары. Сіздерді өмірлеріңіздегі ең жарқын оқиғамен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайтудың және еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Жас отау иелері Қазақстан Прези­дентіне жас отбасыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан саясаты үшін, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы үшін алғыс білдірді.

Сол күні Мемлекет басшысы «Қазақстан магниткасы» атанған әйгілі металлургия комбинаты, қара металдар прокатын шығаратын об­лыстағы ірі кәсіпорындардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» акцио­нерлік қоғамына барды.
Елбасы сұрыпты прокат өндіру технологиясымен және металлургия комбинатын одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Мемлекет басшысына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кәсіпорындарын қайта құру жоспары, сондай-ақ өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қа­тысты шешімдер туралы баяндалды.
Металлургия комбинатын аралау барысында Елбасы кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, әңгіме­лесті.
– Қазір зауыт аумағында мені ерекше бір сезім баурап алды. Мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деп еске алды Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы комбинат ме­таллургтері мен жұмысшыларының еңбегі ауыр екенін атап өтіп, Теміртау қаласы мен зауыттың ахуалын үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Елбасы әңгіме барысында компания басшылығына қала тұрғын­дарының тұрмысын жақсар­ту үшін бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі зор екенін ескертіп, қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажет­тігін атап өтті.
Өз кезегінде зауыт еңбек ұжымы­ның өкілдері Қазақстан Прези­дентінің бастамаларына және еліміз­де жүзеге асырылып жатқан мем­лекеттік бағдарламаларға қолдау біл­діретіндерін жеткізді.
Елбасы жұмыс сапары барысында Теміртау қаласының мәдениет және демалыс саябағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Мемлекет басшысы бюджеттен тыс қаражат есебінен саябақ аума­ғында салынған нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев саябақта қаланың өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылымды тамашалады.
Металлургтер қаласы тұрғын­дары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі – жаңарып, көркейген саябақта Елбасы өз замандастарымен және кезінде металлургия комбинатында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестерімен жүздесіп, әңгімелесті.
Осылайша, Мемлекет басшы­сы­­ның өміржолында өзіндік орны бар Қарағанды өңіріне жұмыс сапары жүрекке жылы жүздесулермен өр­нек­телді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру