Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Валюталық қарыздар теңгеге ауыстырылады

Ұлттық банк басқармасы биыл наурызда 2015 жылғы сәуірде қабылданған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды бекітті.

Бағдарламада жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін теңгемен алынған валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландыру көзделеді. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға бас банктің қаражаты есебінен 150 миллиард теңгеден астам сома бөлінді. Өз кезегінде, банктер қарыздарды қайта қаржыландырған кезде 136 миллиардтан астам сомаға сыйақы, өсімпұл (тұрақсыздық айыбы) және комиссиялар бойынша қарыз алушылардың берешегін кешіретін болады. Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болды. Осы ретте Ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев: «2016 жылы 1 қаңтарда шетел валютасында табысы жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздар беруге тыйым салынғанын ескерсек, бағдарламаны жүзеге асыру банктер қолжынындағы шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды жоққа шығарады және халық үшін келешекте валюталық тәуекелді болдырмайды», – деп хабарлады.
Қаржы реттеушісінің өкілі банк­тердің валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі биыл 30 желтоқсанда, ал қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі одан екі апта бұрын, яғни 15 желтоқсанда аяқталатынын атап өтті. Қарыз алушылар өз берешегінің бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін кредитор банкке өтініш беруі қажет.
Қазіргі таңда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «Bank RBK» АҚ, «KZI Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕБ, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға кірісті. Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметтерге сәйкес, екінші деңгейлі банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мақсатында 22,2 миллиард теңге сомаға 2 504 өтінімді мақұлдап, 11,7 миллиард теңге көлеміндегі сомаға 1 551 қарызды қайта қаржыландырды.
Қаржы реттеушісінің өкілі сонымен қатар бағдарламаның 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Аталған кезеңде алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банк 130 миллиард теңге бөлді. Сондай-ақ сотқа талап арыз бергенде банктер төлейтін мемлекеттік баж салығы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың 300 миллион теңгеден астам сома көлеміндегі берешегі Ұлттық банктің қаражаты есебінен өтеліп, проблемалық валюталық қарыздар бойынша 8 миллиард теңгеден астам сомаға бағам айырмасы төленді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдайды айтар болсақ, бағдарлама аясында банктер тарапынан 154,3 миллиард теңге сомаға 24 853 қарыз мақұлданып, 131,5 миллиард теңге сомаға 22 665 қарыз қайта қаржыландырылған. «Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін, бірақ қайта қаржыландыру үшін банкке өтініш бермеген қарыз алушылардың қарыздары бойынша белгіленген қайта қаржыландыру мерзімі аяқталғаннан кейін банктер қолданыстағы заңнамада көзделген қарыздарды өндіріп алу рәсімдерін қайта бастауға құқылы. Бұл ретте Ұлттық банк бұдан былай қарыз алушыларға банктердің өндіріп алу рәсімдерін жүргізуін тоқтата тұруға жәрдемдесе алмайды», – дейді А.Терентьев.
Жалпы алғанда, Ұлттық банк бағдарлама аясында ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін 300 миллиард теңге сомадан астам қаржы бөлген.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру