Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жергілікті үлес ұлғая береді

ҚПО шетелдік мердігерлерді қалай міндеттеуде?

Өңірдің, тұтас елдің экономикасын дамытуда жергілікті үлестің айрықша орны бар. Осыны терең түсініп, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен тартуға басымдық берген кәсіпорындардың бірі – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» екендігі көпшілікке мәлім. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында Қазақстанның мұнай-газ индустриясындағы үлгілі жобада жергілікті үлес 56%-ке жетті.

Қарашығанақ мұнай-газ кенішін ұлғайтудың миллиардтаған инвестициялармен бекітілген бірінші кезеңі жақындап та қалды. Демек, бұл жобаны отандық мазмұнмен толықтыратын кез де алыс емес. Ол үшін отандық өнімдер халықаралық стандарттарға сай болуы керек.

Осы орайда Астанада өткен жиында кенішті ұлғайтудың бірінші кезеңі, кен игеру ісінде қазақстандық қамтуды дамыту стратегиясы, жоба аясында тауарлар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі жоспарлар мен жеткізушілерге қойылатын талаптар таныстырылды. ҚПО Энергетика министрлігімен және «PSA» өкілетті органымен бірлесе ұйымдастырған форумда жобалау, сатып алу және құрылыс саласында қызмет көрсететін 130-дан астам отандық және халықаралық компаниялар өзара әріптестікке шақырылды. Энергетика, Инвестициялық даму министрліктері, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі басшылықтарынан бөлек, ауқымды үнқатысу алаңына Мәжіліс депутаттарының, Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сервистік компаниялар мен машина жасаушылардың салалық одақтарының, Италия-Қазақстан сауда палатасының, сондай-ақ Ұлыбритания халықаралық сауда департаментінің өкілдерінің жиналуы форумның жоғары деңгейі мен жауапкершілігін аңғарта түсті.
Кен орнының қуаттылығын арттыру бойынша алда тұрған жұмыстарға, сондай-ақ Қарашығанақ жобасында жергілікті қамту перспективаларына тоқталған ҚПО бас директоры Эдвин Блом компания бұл бағыттағы саясатын жаңартып, екі жылдық бағдарлама әзірлегенін жеткізді. Сол арқылы ҚПО еліміздің индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға әрекеттестік жасап, күш-жігер бағыттауда. ҚПО қабылдаған әріптестік, ірі мұнай-сервистік келісімшарттар бойынша бірлескен кәсіпорындар құру үшін міндетті шарттарды енгізу стратегиясы соңғы екі жылда отандық компаниялардың басым бөлігін тартуға, оларға күрделі жобаларға қатысуға мүмкіндік берді. Енді бұл тәжірибе Қарашығанақ кенішін ұлғайту жобасында жалғасын тауып, сол арқылы ҚПО Батыс Қазақстан өңірінің, жалпы республика экономикасының дамуына үлесін арттыра түспек.
Жиында белгілі болғандай, компания жақын арада жобалау, жеткізу және құрылыс қызметтерінің тұрақты жеткізушілерін алдын ала дәрежелеуді бастайды. Бұл ретте нарық ойыншыларына қазақстандық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар немесе консорциумдар құру, қазақстандық жабдықтар мен материалдарды міндетті түрде сатып алу, сонымен қатар жергілікті мамандарды дамыту жөнінде шарттар қойылады. Осылайша «КПО Б.В» Қарашығанақтағы шетелдік мердігерлерді қазақстандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттей отырып, мұнай-газ саласына қажетті өнімдерді шығаратын отандық өндірістің өркендеуіне ықпал етеді.
ҚПО бас директорының орынбасары Марат Кәрімовтің айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық өндіріс тауарларын сатып алу құрылымында елеулі өзгерістер орын алды. Егер бұрын бензин, дизель отыны, табиғи газ, сұйық азот секілді салыстырмалы түрде төмен қосымша құнды тауарлар сатылып алынса, қазірде ұзақмерзімді келісімшарттар шеңберінде компания аса ауыр және қалың қабырғалы сепараторлар, модульді электрлі қосымша станциялар, металл конструкциялары, трансформаторлар, жылуалмастырғыштар, бұрғылау қашаулары, бұрғылау құбырлары, шарлы клапандар, химиялық өнімдер секілді технологиялық тұрғыда анағұрлым жоғары, күрделі материалдарды сатып алуда. ҚПО талаптарына сай келетін мұндай материалдар бұрын елімізде өндірілмеген. Бұл ретте ҚПО тендерге қатысушылар­дан республикада «Қазақстанда жа­салған» маркасымен өндірілген, белгіленген параметрлерге сәйкес келетін жабдық­тарды жеткізуді талап етеді. Қазірде жұмыстар мен қызмет көрсету саласында қазақстандық қамту деңгейі 70 процент болса, бұл көрсеткішті әлі де арттыру көзделіп, басты назар қазақстанда жасалған тауарларға аударылып отыр. Өз кезегінде отандық кәсіпорындар халықаралық сапа стандарттарына сәйкестікке ұмтылулары шарт. Бұл консорциумның болашақ­тағы барлық жобаларында жергілікті қамтуды арттыруға тікелей әсер етер еді.
Биылдың бірінші жарты жылында ҚПО-дағы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізу бойынша жергілікті мазмұн үлесі 56%-ке жетіп, бұл ақшалай түрде 200 миллион доллар болды. Жалпы алғанда, 1997 жылы өнімді бөлу жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойылған кезден бастап ҚПО-ның сатып алуындағы жергілікті үлес 6,7 миллиард АҚШ долларын құраған.
Қарашығанақ жобасын жүзеге асырушы компаниялардың басын біріктіретін, әлемдегі ірі мұнай-газ конденсаты кеніштерінің бірінің операторы болып табылатын «Қара­шығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» консорциумы 1997 жылы Қа­зақстан Үкіметі мен халықаралық консорциумда серіктестер қол қойған өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге сәйкес жұмыс істеуде. Бүгінде Қарашығанақ жобасына бес ел – «RoyalDutchShellplc» (Нидерланды, Ұлыбритания), «Eni» (Италия), «Шеврон» (АҚШ), «Лукойл» (Ресей) және «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) қатысып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру