Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

ПИК-тің заманы өтті ме?

Тұрғын үй қатынастары жүйесіне  реформа керек

Елімізде тұрғын үйлерді басқару құрылымы өзгереді. Пәтер иелері кооперативінен бас тартқаннан кейін мүлік иегерлерінің жаңа жүйесі қалай жұмыс істейтін болады? Қазірде көптеген ассоциациялар басқарудың жаңа формасын – «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы бойынша мүлік иегерлерінің бірлестігін құруды ұсынуда.

Парламент палаталарының бір­лескен отырысында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шешілмеген мәселелерге назар аударып, саладағы қызмет көрсетушілер жұмысы және басқа да бағыттардағы қызметтер тиісті деңгейде жетілдірілмегенін, қызмет көрсетуші компаниялар баспана иелерінің арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз етулері тиістігін атап көрсеткен болатын. Осы ретте жалпы үйге ортақ шаруашылықты басқарудың түсінікті әрі тиімді жүйесін құру жүктеліп, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет тиісті заң жобасын әзірледі. Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша бірқатар тұжырымдамалық түзетулерді көздейтін заң жобасында тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау тетіктерін регламенттеу; басқару органдары қызметіне тұрғындардың бақылауын қамтамасыз ету және меншік иелері, басқарушы компаниялар, қызмет көрсетуші ұйымдар және әкімдіктер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру; мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегін автоматтандыру және түгендеу мәселелері қамтылған. Сонымен қатар заң жобасында жергілікті атқарушы органдар бекітетін пайдалану шығындарының ең төмен мөлшерін белгілеу қарас­тырылған. Ол көппәтерлі тұрғын үйді басқару, санитарлық тазалау, авариялық жағдайларды жою, тех­никалық қызмет көрсету бойынша төлем мөлшерін қалыптастырудың бірыңғай тәсілдерін анықтауды қамтиды.
Үкіметтің баспасөз орталығында өткен конференцияда инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғындар арасында талай дау, қызметінің ашықтығына күмән туғызып жүрген Пәтер иелері кооперативтеріне халық сенгісі келмейтінін айтты. Мәселен, талдаулар көрсетіп отырғандай, ПИК тұрғын үй қатынастары туралы заңнаманың жетіспеушілігін пайдалана отырып, көппәтерлі тұрғын үйді басқарудан бөлек, оны күтіп-ұстау қызметтерін атқаруда. Ал шын мәнінде бұл қызметтерді ПИК жасасқан шарттың негізінде сервистік қызмет субъектілері атқаруы тиіс. Вице-министрдің айтуынша, бұл ретте оларға тек бір ғана ағымдағы шотты ашады. Бұл бір кондоминиум объектісін күтіп ұстау үшін арналған қаражатты жұмсаудың ашықтығын жоғалтады. Сондай-ақ көптеген жағдайларда ПИК әрбір кондоминиум объектісіне жинақ шоттарын ашпайды. Формальді түрде тұрғындардың жиналыстары өткізіліп, жиналған жалған қолдар негізінде шешім қабылданады. Сондай-ақ өз қызметтері туралы есептер ұсынылмайды. Мұндай факторлардың барлығы өз кезегінде ПИК қызметіне азаматтардың сенімсіздігін тудырып отыр. Сонымен қатар Пәтер иелері кооперативтері үйге қатысты мәселелерді тек пәтер иелері ғана шешуі тиіс деген ұстаныммен жұмыс істейді. Алайда пәтерлерден басқа бұл үйде, мәселен, астыңғы қабатта кәсіп көзін ашқан иегерлер бар болуы мүмкін. Олар да осы үй үшін жауапты болып, оның дамуы үшін өз тарапынан қолдау көрсетуі тиіс. Сондықтан жылжымайтын мүліктің барлық иелерінде бірдей құқық болуы үшін жаңа норма енгізілді. Бұл өзгерістер кондоминимумды басқаруда субъектілер арасындағы өзара түсінушілікке, шығынды басқарудағы ашықтыққа, көрсетілетін қызмет сапасының жоғарылауына септігін тигізеді. Сөйтіп, Пәтер иелері кооперативтері жұмысының тиімділігінің төменді­гі­не байланысты, заң жобасына көппәтерлі тұрғын үйлерде мүлік иелерінің, атқарушы органдардың, сервистік қызмет субъектілерінің, басқарушы компаниялардың және мемлекеттік органдардың құқығын, міндеттері мен жауаптылығын регламенттеуге мүмкіндік беретін, коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны – «бір үй – бір ММИБ – бір шот» қағидаты бойынша Мүліктің меншік иелері бірлестігін құруды қамтамасыз ететін норма енгізіліп отыр. Әлбетте, жаңа басқару органы бір мезетте құрыла салмайды. Заң жобасы бойынша қазіргі басқару формаларының мүлік иегерлері бірлестігі болып қайта құрылуына жарты жыл берілген. Мүлік иегерлері бірлестігі пәтер иелері келісімімен өз қызметін басқарушы не сервистік компания ретінде де жалғастыра алады.
Қазірде еліміздің барлық тұр­ғынына арналған е-шаңырақ атты мобильді қосымшасы жасап шығарылып, оған пилоттық жоба ретінде республикадағы 190 үй енгізілді. Бір уақытта барлық тұрғын үйді жүйеге қосу мүмкіндігі арқылы тұрғындар компанияның атқарып жатқан жұмыстарын, материалдар мен есепшоттар қозғалысын көре алады.
Сондай-ақ Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық туралы жаңа заң жобасына сәйкес еліміздегі көпқабатты тұрғын үйдің лифтілерін ауыстыру әкімдіктерге жүктелмек. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта лифт шаруашылығының жұмысын қадағалауға арналған 16 нормативтік құжат бар. Лифт шаруашылығы қауымдастығы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс тобы құрылып, бірыңғай стандарт әзірленген. Бірыңғай стандарттар лифтілердің қайсысын сапалы деп танып, қандай лифтілерді Қазақстанға әкелуге болатынын, лифтілер қалай пайдаланылып, қалай жұмыс істеуі керектігін айқындап береді. Лифтінің өндірісінен бастап, пайдаланылуына дейін барлығы да сол стандартта жазылған. Аталмыш стандарттар техникалық реттеу комитетінің сайтында жарияланып, талқылауға шығарылды. Барлық ұсыныстар ескерілгеннен кейін стандарттар бектіледі.
Дегенмен, нормативті тұрғыда барлығы дайын болғанымен, үй тұрғындары бір мезетте ақша жинап, лифтілерін ауыстыруға қаражат таба бермейді. Мәселен, егер бес кіреберісі бар үйдің бес лифтін өзгерту керек болса, бір лифтінің құны шамамен 50 мың АҚШ доллары. Демек, бес есікті бір үйге 250 мың АҚШ доллары керек деген сөз. Оны тұрғындарға табу мүмкін емес.
– Бұл жерде бірінші кіреберістің лифтін биыл, ал бесінші кіреберістікін бес жылдан кейін деген нұсқа да болмайды. Себебі, барлық тұрғындар бір мезетте қауіпсіз қызмет алуы тиіс. Сондықтан аталмыш заң жобасында әкімнің құзіретін арттырып, олар бюджет қаражаты есебінен лифтілердің ауыстырылуына қаржы бөле алатындай бөлікті енгіздік. Демек, нормативті тұрғыда стандарттардың барлығын әзірледік. Заңнамалық тұрғыда лифтілерді ауыстыру үшін үй тұрғындарына салмақ салмайтындай қаржылық мүмкіндіктерге жол ашып отырмыз, – деді Қ.Өскенбаев.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру