Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Инновация ауылға бет бұрды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ауыл дегенде ойымызға қазақтың қара сөзін қайыстай илеген Бейімбет келеді, ал аузымызға алдымен оралатыны ұлы хикаяшының «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген ұрансөзге бергісіз жолдары. Расында да, қазақтың өсуінің, қоң жинауының бірден-бір шарты нақ осы ауылдың гүлденуінде жатыр. Өйткені, қазақ ауылға кіндігінен байланған. Ауыл гүлденсе, қала да көркейеді. Бүгінгі өркендеу кепілі болып отырған инновациялардың ауылға бет бұруының маңызды болатыны сондықтан.
Елбасымыз агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнімдерді экспорттауды 2,5 есеге арттыру міндетін жүктегені белгілі. Бұл мәселені шешу үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сауда нарықтарын кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау тиімділігін арттыру, салық төлемдерін жетілдіру, аграрлық ғылым, білім беру және білім тарату жүйесін реформалау, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, технологияның қолжетімділігі, биологиялық ресурстарды оңтайлы басқару, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру сынды алуан түрлі әдіс-тәсілдер ұсынылды. Агроөнеркәсіптік кешен нысандарын қаржыландыру үшін несиелік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компаниялар тартылып отыр. Сондай-ақ тиімсіз субсидиялар қысқартылып, салық салу жүйесі жетілдірілетін болады, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін саланы техникалық қайта жарақтандыру жүргізіледі. Сауда нарығын кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды дамыту үшін мақсатты өнімдер нарығының тізімі әзірленбек. Сауда нарығына басымдық берілетін шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктерінде ауыл шаруашылығына жауапты атташе-өкіл лауазымын ашу жоспарланып отыр. Көлікті және логистиканы дамыту, органикалық өнімді өндіруді арттыру, ауылшаруашылық ынтымақтастығын арттыру бойынша жұмыс жалғасын табады.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін көтеру шекаралық аудандарда ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бекеттерін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Ішкі нарықты қорғау мақсатында халықаралық талаптарға сәйкес техникалық реттеу жүйесін жаңғырту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін және қадағалануын «фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша жүргізу, ветеринарлық қызметті тігінен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін құру жоспарланып отыр.
Өзгерістер аграрлық ғылымға, білім беруге және білім тарату жүйесіне әсер етеді. Ғылым агро­бизнестің қажеттіліктерін тікелей мемлекеттік қаржыландырудан ғылыми-зерттеулерге арналған кәсіпкерлік бірлестіктердің шығындарын өтеу және жұмыс берушілерді мамандар даярлауға көшу есебінен жүзеге асырады. Аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау, оқу бағдарламаларын жаңарту және агроөнеркәсіптік кешендегі озық тәжірибені тарату және аграрлық мамандықтар бойынша оқыған түлектердің гранттары бойынша ауылдық жерлерде міндетті үш жылдық жұмыс істеуін енгізу жобаланып отыр.
Жаңа технологияларды қолдану және цифрлан­дырудың оң нәтижелерге алып келетіні сөзсіз. Бұған дейінгі тәжірибе көрсетіп отырғанындай, осы арқылы өнімнің шығарылуы артып, тиімділігі арта түседі. Бүгінде сынақ тәртібінде смарт («ақылды») фермалар, электрондық карталар және нақты егіншілік жұмыс жасауда. Алда шығын 25-30 пайыз қысқарып, өнімділік 30-50 пайыз артады деген болжам бар. Цифрландыру аясында А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік алқаптарында нақты егіншіліктегі алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар іске қосылуда. Университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибе шаруашылықтары базасында осы технологиялар пысықталады. Нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін елеулі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге алқаптардың электрондық картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен дерек беруші датчиктер, ғарыштық мониторинг және басқа шешімдер жатады. Мұндай технологияларды іске қосу тыңайтқыштарды және қорғау құралдарын тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын орта есеппен 15 пайызға жоғарылатуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, цифрландыру агроөнеркәсіптік кешенді қаражаттандырудың қол жетімділігі, мемлекеттік бақылау мен қадағалау тиімділігі, су және биоресурстарды тиімді басқару сынды мемлекеттік реттеу бағыттарын жүзеге асырудың басты құралы болып отыр.
Нақты егіншіліктің бір бөлігі болып табылатын алқаптардың электрондық картасын құру аясында 23 млн га жер немесе жалпы егіс алқабының 95,9 пайызына есептеу жүргізілді. Электрондық астық қолхаттарының жүйесіне астық балансының онлайн мониторингі, астық бағасы бойынша статистика, астық қабылдау пункттерінің рейтингі енгізілді. Астық қолхаттарының қолдан жасалуына тосқауыл қойылып, фермерлердің шығыны жылына 700 млн теңгеге дейін төмендеді. Үстіміздегі жылы операциялардың қауіпсіз өтуі мақсатында «блокчейн» технологиясы енгізілді. Бүгінгі таңда көрсетіліп отырған 101 мемлекеттік қызметтің ішіндегі 61 қызмет ішінара және 1 қызмет толық автоматтандырылған. Жыл аяғына дейін 16 мемлекеттік қызметті, ал 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және осы салаға инвестицияны тарта түседі. Бұл үдерістің жалпы экономикалық әсері 2025 жылға дейін 40 млрд теңгені құрамақ.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру