Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Теңге неге сонша төмендеді?

Тек жазғы үш айда ғана ұлттық валюта – теңгеміз евро мен долларға қатысты 10 пайыздан артық әлсіреген. Керісінше, ресейлік рубль аздап болса да қымбаттай түскен. Енді мұның сыры неде екеніне мүмкіндігінше нақтырақ баға беріп, соңғы айлар бедеріндегі теңге құлдырауының ахуалына кеңірек тоқталып өтсек (шолуымыз осы жылдың қыркүйек айының басындағы мәліметтерге негізделіп отыр).

Доллар: 2016 жылдың ақпанынан бергі максимум

Америкалық валютаның ресми бағамы күздің алғашқы күні 363 теңге 43 тиынды құрады. Бұл дегеніміз, үш айда республикамызда доллардың бірден 34,08 теңгеге (немесе 10,3%-ға) қымбаттап, 2016 жылғы ақпан айындағы максимумға жеткенін аңғартады.
Америкалық валюта бағасы бүкіл жаз бойы ұзағынан арта түскен. Маусым айында бағам 11,73 теңгеге өссе, шілдеде – 5,62 теңгеге артқан. Ең айтарлықтай өсім тамызда орын алған – бұл айда доллардың құны 16,73 теңгеге дейін өскен.

Әлсіреудің барлық  факторлары

Теңге әлсіреуінің себептері туралы Ұлттық банк бірнеше мәрте түсініктеме берді.
Ұлттық валютамыздың жазғы әлсіреуі қаражаттарды дамушы нарықтардан шығарумен байланысты: Түркиядағы жағдайға байланысты инвесторлар өз қаржыларын мұндай елдердің экономикасынан алып, оларды сенімдірек құралдарға бағыттайды.
Сондай-ақ республикамыздың басты сауда әріптесі – Ресейдің айналасындағы геосаяси жағдай да (ықпалшаралар аясындағы рубльдің құлдырауы, зейнеткерлік жасты көтеруге байланысты ықтимал ішкі мәселелер, жаздың басым бөлігіндегі жалғасын тапқан валютаны жаппай сатып алулар, тағы да басқа факторлар), Қытай мен Ирандағы жайттар да өз рөлін орындаған сыңайлы.
Реттеушінің растауынша, бағамға халық та әсерін тигізуде: долларға сұраныс еңбек демалыстары кезінде артады. Шілдеде бұл мамырға қатысты 5 есе артқан (475 млн доллар), бірақ бұл бәрібір де 2017 жылдың шарықтау мәндерінен екі есеге жуық төмен (тамызда 876,7 млн доллар).
Күз түсуі және еңбек демалыста­рының аяқталуы доллардың ба­ғамына қалай әсер етер екен (1-инфографика)?
Ұлттық банк өз тарапынан бағамды ұстап тұруға, бірақ та тек «айтарлықтай және тұрақсыздандырғыш қысқа­мерзімді ауытқуларды жұмсартуға» ғана басқыншылыққа даяр. Валютаны тұрақты негізде қолдауға реттеуші құлықты емес.
Айта кету керек, әлсіз теңге, бірін­ші кезекте экспорттаушыларға (және де, сайып келгенде, бюджет пен Ұлттық қорға), сондай-ақ шет елдерге белсенді инвести­циялаушыларға (мысалы, БЖЗҚ) тиімді.
Бірінші кезекте сауда секторы минусқа ұшырайды (шетелдік тауарларға тәуелділік жоғары күйде қалып отыр), алайда барлық импорттаушылар да қысым жағдайында қалады.
• Ең төменгі бағам – 329,35 теңге (1 маусым).
• Ең жоғарғы бағам 363,43 теңге (30 тамыз).
• 3 айдағы өсім – 34,08 теңге немесе 10,3%.
• 3 айдағы орташа бағам – 345,7 теңге.

Евро: тарихи максимум

Қазақстанда евроның бағам құ­рауы долларға қарағанда күрделірек. Қазақстан қор биржасында еуропалық валютамен сауда жүргізілмеуі салдарынан оның құны доллардың теңгеге шаққандағы бағамын доллардың евроға бағамына көбейту арқылы айқындалады.
Сондықтан еуропалық валюта­ның құбылмалылығы америкалыққа қарағанда жоғарырақ: оған теңгенің долларға бағамын айқындайтын факторлардың бәрі де, бұған қоса Еуроодақтағы экономикада, саясатта және басқа салалардағы жағдайлар да, ЕО-ның әлемнің басқа елдерімен өзара қарым-қатынасы да есепке алынады.
Жазда евроның бағамына Дональд Трамп мейлінше әсер еткен. АҚШ президенті біресе еуропалық елдерді ықпалшара­лар­мен қорқытса, біресе оның үшінші бір елдер бойынша шешім­дерін қолдауды ұсынды, енді бірде маңызды бірлескен жобалар жайында әңгімеледі. Трамп­тың мінез-құлқы мен риторикасы әсерлерінен евроға қатынас та құбылып отырды: ол біресе әлсіреп, біресе күшейді.
Бірақ жаздың соңындағы «еуро­палық» бағамының «америкалыққа» қатысты өсуі тікелей Еуропамен байланысты емес: Трамп ФРЖ-ге доллардың тым мықтылығы үшін қадап айтты: соның нәтижесінде нарық оның бағамын көтеріп, америкалықты еуропалық валютаға (соның ішінде) тез айырбастай бастады.
Қорытындысында: Қазақстанда евро жазда 38,82 теңгеге (немесе 10,1%-ға) қымбаттады. Шілденің басында 400 теңге деңгейінен асып, еуропалық валюта жаздың аяғына 425 теңгеге жақын таяп қалды: ресми бағам күздің алғашқы күні 424,16 теңгені құрады.
Евроның теңгеге бағамының тарихи максимумы тамыздың соңғы онкүндігінде 4 рет жаңарды және тағы әбден мүмкін, таяу уақытта 430 теңге деңгейі еңсерілмек (2-инфографика).
• Ең төменгі бағам – 385,34 теңге (1 маусым).
• Ең жоғарғы бағам – 324,16 теңге (30 тамыз).
• 3 айдағы өсім – 38,82 теңге немесе 10,1%.
• 3 айдағы орташа бағам – 401,8 теңге.

Рубль: құлағанға  қарамай өсу

Ұлттық банк дамушы елдердің валюталары бойынша талдауларында еріксіз мынаған назар аударады: теңге әлемдік валюталарға шаққанда басқа елдердің валюталарындай соншалықты мықты әлсіремейді.
Олардың арасында ресейлік рубль де бар. Расында да таңқаларлықтай, кезекті рет ықпалшараға ұшыраған және өзіне бұрынғыдан да қаталырақ қысым төзген елдің валютасы, сол елмен сауда жасасатын елдің валютасынан баяуырақ әлсіреуде. Шындығында, дәл солай: рубльдің бағамы жаз бойы шамамен 9%-ға құласа, теңгенің бағамы – 10,3%-ға төмендеген.
Нәтижесінде әлсіреген ресей­лік рубльдің күйі Қазақстанда айтарлықтай тұрақты болып шықты. Мұның үстіне ол жазда біршама нығайды: 1 маусымдағы 5,31 теңгеден 30 тамыздағы 5,35 теңгеге дейін. Аз да болса, көңіл аударарлықтай, оған қоса, жаздың басым бөлігінде рубль 5,40 теңге белгісінен жоғары сатылып келген, кейде тіпті 5,50 теңгеден де жоғары болған (3-инфографика).


Рубльдің әлсіреген жалғыз айы тамызда – оның бағамы 21 тиынға төмендеген немесе 3,8% (маусымда өсім 13, шілдеде – 12 тиын) құраған. Сөйтіп, теңге рубльге қарағанда – оның басына айтарлықтай мәселелер төнгенде, ал ішкі талық­сытпасына сыртқы әсерлері (химия және металлургия компанияларынан қаржыларын алып қою туралы ұсыныстар тәрізді) қосыла титықтатқанда – күштірек болып шықты.
• Ең төменгі бағам – 5,25 теңге (24 тамыз).
• Ең жоғарғы бағам – 5,56 теңге (1 тамыз).
• 3 айдағы өсім – 0,04 теңге немесе 0,8%.
• 3 айдағы орташа бағамы – 5,4 теңге.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру