Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Бақ пен бап қатар шапса…

Қоржынымызда 72 медаль бар

Қырғызстанның Шолпан ата қаласында III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 80-нен астам елден 3000-ға жуық спортшысы қатысып, спорттың 37 түрінен бақ сынады. Халықаралық маңызды шарада Қазақстанның намысын 34 спорт түрінен 134 спортшы қорғады.

Бәсекелі жарыста ел құрама­сының нәтижесі көңілге қонарлық болды. 18 алтын, 24 күміс, 30 қола жалпы саны 72 медальға ие болған Қазақстан жалпы есепте екінші орынға жайғасты. Бірінші орынды Қырғызстан құрамасы иеленді. Олар 37 спорт түрінен 40 алтын, 32 күміс, 31 қола, 103 медальді жеңіп алды. 17 алтын, 24 күміс, 27 қола жалпы саны 56 медальмен үздік үштікті Ресей Федерациясы қорытындылады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2012 жылы Қыр­ғызстан үкіметінің бастамасы бойынша көшпенділер өркениеті мәдеиетін жаңғырту және сақтау мақсатында дүниеге келген. Бұл ойындар ұлттық ойындар мен этноспорт қозғалысын дамытуға атсалысуды көздейді.
Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ең алғаш рет 2014 жылы өткізген. 2016 жылы екінші ойындар өтті. Келесі, төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2020 жылы Түркияда өтеді деп жоспарланып отыр.
Қысқа аралықтағы ат жарысы құнан бәйгеде (1600 метр) Әділет Шынайдаровтың сәйгүлігі «Падиша Нури» қоланы қор­жынға түсірді. Ал, 2400 метр қа­шықтықтағы ат жарысынан шабандоз Мерхан Бұлғынов «Дичато» арғымағымен алтын жүлдені иеленді. Қырғыздың орда (асық ату) ойынында қазақстандық асықшылар қола жүлдені иеленді. Жамбы ату спортында Тұлыбеков Абзал күміс, Айкөз Ерланхан қоланы иеленді. Бас жүлде Мажарстан мемлекетінің спортшысына бұйырды. Түріктің аба күресінде 65 келі салмақта Құрбанқұлов Әуесхан алтын медаль жеңіп алды. Тәжіктің гюреш күресінде 80 келі салмақ дәрежесінде қырғыз палуанымен күрескен Алмас Амалбек күміс медальді иеленді. Ал, 60 келі салмақта Әбікенов Елдос қола медальді қанағат тұтты. Көкпаршыларымыз жартылай финалда өзбек спортшыларына жол берді.
Додаға дүние жүзінің 40 елінен 200-ден астам балуан қатысқан екен. 100 келі салмақта белдескен Серік Бердімұратұлы әуелі жергілікті сумошыны жығып, келесі белдесуде грузин балуанымен жолы түйісіпті. Оны да жеңген жас қазақ өз тобының шешуші сынында ресейлік балуаннан айласын асырады. Сөйтіп чемпиондық белдік үшін жапондық балуан, студенттер арасындағы әлем чемпионы Онами Ашихашимен күш сынасып, оны бар-жоғы екі минутта төңкеріп тастаған. Сөйтіп, сумо күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта аты қалды.
Ат үстінде садақ ату сайысында республикалық «Ұлт­тық және ат спорты түр­лері орталығының» жамбы атудан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Елдос Бадашевтің жетекшілігімен Ұлт­тық құраманың сапында өнер көрсеткен Орталықтың тәлім­герлері Айкөз Ералхан үшін­ші орын және Сарыбай Айтбек төртінші орын иеленді. Ал екінші орынды Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Абзал Тұлыбеков қанжығасына байлады.
Сайыстың соңғы күнінде ел қоржынына екі алтын, бір қола медаль түсті. Овари ойынының (африкалық ұлттық ойын) қыздар командасы алтынды иеленсе, Әсел Далиева жекелей есепте де алтын медаль алды. Айта кетейік, бұл Әселдің осы жарыстағы төртінші алтын медалі. Бұған дейін ол мангала, тоғызқұмалақтан жоғары дәрежелі медальді еншілеген болатын. Диана Кенина болса, қола медаль алды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру