Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Журналистер шахмат тақтасында бақ сынады

Шахмат – өмір айнасы 

Ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар Одағында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Ақиқат» ұлттық, қоғамдық-саяси журналы журналистер арасында дәстүрлі шахмат турнирін өткізді. 2013 жылдан бері ұйымдастырылған биылғы сайысқа Тәкен Әлімқұловтың отбасы демеушілік көрсетті.

Турнир швейцариялық жүйе­мен (ФИДЕ Кодексіне сай) өт­кізілген сайысқа Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларынан келген барлығы 22 спортшы журналистер қатысты. Жарыс барысында шахматтан спорт шебері, жекеменшік шахмат мектебінің басшысы Дәулет Иманберлинов төрелік етті.
Шахмат турнирінің ашылу рәсімінде «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Ләззат Ноғайбаева қа­тысушыларға сәттілік тілей отырып, жарысты салтанатты түрде ашты. ҚР Мемлекеттік Сый­лығының лауреаты, ақын Есенғали Раушанов, жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы жи­налған қауыммен Тәкен Әлім­құлов туралы жүрекжарды есте­лік­термен бөлісті.
Барлығы ойынға құлшына кірісіп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Дегенмен, ойынның аты ойын, онда жеңімпаз да болады, жеңілген де болады. Шахматтың бір қиын жері – мың түрлі нұсқадан тек бір ғана жүрістің таңдап алынатыны ғой. Сол жүріс бүкіл ойынның тағдырын шешіп кетуі ғажап емес. Ойын барысында жүрістен жаңылып, «әттеген-ай» дегендер де болды, қиыннан қиыстырып, сәтті шешім таба білген ойыншылар да болды.
Тартысты өткен шахмат сайы­сының қорытындысында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси, жастарға арналған «Үркер» журна­лының бөлім меңгерушісі Нұрлан Құмар жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды Зейнел Жекейұлы иеленсе, үшінші орынға – Тілек Абдрахимов ие болды.
Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтарға Данияр Сейсенбаев, Ғабит Қарабаев және ардагер қатысушы Тәжібай Жақаев лайық деп танылды. Наурызбай ауданы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Ернар Айдаров өз тарапынан турнирде белсенділік танытып, қатысқан жас журналистерге алғыс хаттар табыс етті. Шараға жиналған журналистер қауымы зейінділік пен жылдам ойлауға негізделген логикалық ойынның оларға жат емес екенін, ақ қағаз бен көк қалам ғана емес, шахмат тақтасы соғысының да белсенді жауынгерлері екенін дәлелдеді. Турнир соңында «Қазақ газет­тері» серіктестігі төреші Дәулет Иманберлиновке, турнирдің дайын­дық жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Б.Сарыбайға және Т.Әлімқұловтың үйіндегі жеңгей Есімкүл Болысбайқызына алғыс хаттар табыс етті.
Міне, шахмат осындай керемет ойын әрі өмірдің дәл өзі. Неше жүрістен кейін, қай жерде, қалай, қай фигурамен мат қылатыны алдын-ала есептеледі. Бұл жоспарсыз ойнауға болмайтын саяси ойын. Шахмат ежелде Үндістан жерінде пайда болып, кейін Парсы, Араб, Еуропа және Азия елдеріне кеңінен тараған деседі. Бірақ, атауы парсы тілінде сақталған. «Шах-мат», қазақша «Хан-өлді» деген мағынаны білдіреді. Аты жақсы емес. Әйтсе де, ойын­ның адамның ойлау жүйесіне әсері зор. Әр түрлі фигуралар, олардың дәрежелері, атқаратын қызметі, қимыл-қозғалысы, өз жерін қорғаудағы белсенділігі, қарсыласқа қауіптілігі, бәрі де шебер ұйымдастырылған. Осындай күрделі ойын қаламгерлерге жат емес. Өйткені шахмат бір жағынан спорт болса, екінші жағынан творчествоға негізделген.
Осылайша, Тәкен Әлімқұлов­тың отбасы демеушілік жасап, республикалық «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында бесінші рет өткізілген шахмат турнирі де өз мәресіне жетті. Қалам мен сөзді қару еткен журналистер қауымы, шахматтан да осал емес екендіктерін байқатты. Биыл ұта алмағандары келесі жылғы жарыста міндетті түрде жеңіске жетеміз деп жігерленіп қайтты. Қалай десек те, спорт – мереке. Ал осы мерекенің бел ортасында жүрген ойыншылар, яғни журналистер қауымы интеллектуалдар ойынының жарқын үлгісін танытты. Аталмыш жарыс дәстүрге айналмақ. Келесі жылы да қаламгерлер арасында ой спортынан жарыс өтеді. Шахмат жарысы тек Алматыда ғана емес, еліміздің басқа да қалаларында өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Айнұр Бақдәулетқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру