Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

АУЫЛДА ЖҰМЫС КӨП, МАМАН ЖОҚ

«Білек сыбанып жұмыс істейтін жастар мектепті тәмамдаған соң қалаға қарай кетіп жатыр, ауылда қалғандардың басым бөлігі зейнеткерлер. Егер осылай жалғаса берсе күндердің күнінде ауылдардың жаппай жабылуына әкелмей ме?», «Жастарды ауылда тұрақтандырып, олардың тіршілігі үшін жақсы жағдайларды қарастыру керек қой» дегендей пікірлер соңғы кездері жиі айтыла бастады. Рас, бұл Қазақстанның қай түкпірінде болсын кездесіп отырған жағдай. Әсіресе солтүстік облыстарда жастардың қалаға қарай ағылуы ерекше.

«Серпін» бағдарламасы бой­ынша оңтүстік облыстар­да­ғы мектеп бітірген түлектердің солтүстік, шығыс өңірлердегі жоғары оқу орындарына түсуіне мол мүмкіндік ашылды. Бірақ, олар оқуды тәмамдаған соң сол өңірде қалып жұмыс істеуі қажет. Бұл да жақсы талпыныс. Әйтсе де жастардың көбі өзінің туып-өскен өлкесінен, ата-анасынан алшақ болуды қаламайтындай. Мемлекеттік грант бойынша емес, өзінің туған жеріндегі жоғары оқу орындарында ақылы негізде болса да білім алғанды қош көреді. Ең қиыны – оқуды аяқтаған соң ди­пломын құшақтап жұмыссыз жүреді. Мұндай жастар оңтүстік өңірлерде өте көп. Бір емес, бірнеше дипломы бар жастардың өзі жұмыссыз.
Солтүстік өңірлерде «Ди­плом­мен – ауылға» бағдар­ла­масы да осы көкейкесті мәсе­ленің түйінін толық шеше қойған жоқ. Сонда бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдары мен мүмкіндіктері қандай?
Павлодар облысы Ақсу қаласының құрметті азаматы Жамбыл Айтмағамбетұлы Түсіпбековпен осы жөнінде әңгімелескен едік. Ол бұрын­ғы Ақмола, қазіргі Астана қаласындағы жоғары оқу орнын бітірген соң туған ауылына барып, еңбек жолын қатардағы агрономдықтан бастаған. Кешегі кеңестік кезеңде «Ақжол» кең­шарының директоры болды. Ақсу аудандық халықты жұмыс­пен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасын басқарды. Павлодар облыстық экономика басқармасы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік департаменті басшысының орынбасары, Екібастұз қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары қызмет­терін абыройлы атқарды. Онан кейін Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы іргелі округ – Қалқаман кентінің әкімі болды. Ақсу қаласының құрметті азаматы. Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланың жай-жапсарын жақсы біледі.
Қалқаман Павлодар облы­сының орталығынан 70 ша­қы­рым қашықтықта. Кен­шілер қаласы – Екібастұз да Қалқаманнан алыс емес, отыз шақырым. Бірақ соған қара­мастан, күнкөрістің қамымен жақын қалаларға Қалқаманнан үдере көшіп жатқан халық жоқ. Неге?
– Өйткені, жұмыс істей­мін, табыс табамын деген адамға Қалқаманда да, айна­ласындағы ауылдарда да мүмкіндік мол. Қазір жер-жерде кооперативтерді құруға талпыныс жасалып жатыр ғой. Өте дұрыс қадам. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығында қызмет жасағандықтан, бұл саланың жай-жапсарын бір кісідей бі­лемін. Кооперативтер құрылса, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағаға өт­кізумен бірге жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді Жамбыл Түсіпбеков. – Тағы бір айтарым, Елбасының еңбекті бағалау, еңбек адамының беделін көтеру бағытындағы саясатын толық қолдаймын. Бұл әлеуметтік жаңғырту мақсатындағы жұмыстың нәти­жесі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылып, орта тап қалыптасып, әлеуметтік кепілдемелер кеңейе түсті. Мұның бәрін халық көріп-біліп отыр, олардың санасына сілкініс жасайтыны сөзсіз.
Жамбыл Түсіпбеков әлі де болса ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, аз жұмыс істеп, көп «табыс» табуды ойлайтындар, ауадан ақша жасауды көксейтіндер бар екендігін бүгіп қала алмады. Мұны Елбасы әлеуметтік инфантилизм деген еді.

Осының салдарынан жастардың арасында ауыл шаруашылығындағы ауыр жұмыстардан ат-тонын ала қашатындар көп. Олардың барлығын бірдей күстаналаудың да қажеті жоқ шығар. Қалада тұра ма, ауылда тұра ма, қай жерде жұмыс істеймін десе де әркімнің өз еркі. Тек бұл ретте бір ескеретін нәрсе – мамандық таңдауға байланысты жастармен жұмыс істеу осал. Олардың көзін жеткізіп, жан-жақты ақпарат беріп, лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалса, жастар ауылға бармайды емес, барады. Әңгіме қарапайым еңбек адамдары жайлы.
– Менің ортаншы ұлым Бауыржан Қалқаманның жанындағы «Ақжол» ауылында шаруа қожа­лығының басшысы. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі мемлекеттік қолдауды пайдаланып, кешенді мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап жүр. Ең басты қолбайлау – мал шаруашылығының жай-жапсарын жақсы білетін мамандар тапшы. Ал білікті мамансыз ойлаған ісіңді лайықты жүзеге асыру әсте мүмкін емес. Сондықтан ол барлық жұмысын жиыстырып қойып, басқа ауылдар мен аудандарға шапқылап, мамандарды шақырумен әлек. Керегі – кәдімгі қарапайым малшылар. Еңбекақысы жақсы. Әлеуметтік жағдай толық жасалады. Үй-жай бар. Соның өзінде білек сыбанып келіп жатқан малшылар жоқ. Әлде жұрт бұл мамандықты мәртебелі санамай ма? – деп ой қозғайды Жамбыл Айтмағамбетұлы.
Ойдан ой туындайды. Мектеп оқушылары арасында «Қа­зіргі уақытта Қазақстанда қан­дай мамандық мәртебелі деп ойлайсыңдар?» деген сауалнама жүргізілген кезде көбі баса көрсеткен мамандықтар: аспаз, көлік жөндеу шебері, сәнді шаш үлгісін жасайтын шаштараз, даяшы, электр механигі. Ешқайсысы мал шаруашылығы маманы болуды қаламаған. Рас, бұл бір ғана Астананың жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы. Мүмкін Қазақстанның басқа өңірлерінде мектеп партасында отырған оқу­шылар жоғарыда келтірілген мамандықтардан басқа да кәсіптерді атайтын шығар. Сондықтан тиісті орындар мен білім мекемелері осыны да ойластырғаны артық болмас.

Жамбыл ТҮСІПБЕКОВ,  Ақсу қаласының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы
Жамбыл ТҮСІПБЕКОВ,
Ақсу қаласының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы

Сауалнама ғана емес, күнделікте өмірде байқалатыны – мал шаруашы­лығындағы мамандықтарды мәр­тебелі санайтын жастар аз. Оның сыры неде? Оларға қажетті ақ­параттың жетпей жатқандығынан ба, жоқ әлде ауыр қара жұмысты қаламайтындығынан ба? Әлде мектеп бітіргелі отырған түлектерге қарапайым мамандықтарға байланысты бағыт-бағдар, керекті кеңес бере алмай отырмыз ба? Жалпы, осы саладағы мамандықтарды мақтаныш санап, соны игеруге ұмтылатын жастар қатарының сирек болуының себебі не? Осыны тиісті мамандар саралап, зерттеп көрсе артық болмас еді.
Тағы бір мәселе – ауылдардағы әлеуметтік жағдай. Жас отбасылар балаларын қаладағыдай сапалы білім беретін мектептерде оқытқысы келетіні анық. Тиісті компьютер сыныптары, пән кабинеттері, түрлі үйірмелер болса дейді.
– Бұл ерекше мән беруді қажет ететін мәселе. Оны өз басымнан өткергендіктен жақсы білемін. Мен зейнет демалысына шыққанға дейін Қалқаман кентінің әкімі болдым. Қалқамандықтар мен жақын маңдағы ауыл тұрғындарының ең басты көтерген мәселесі – жаңа мектеп еді. Сол армандарына осыдан екі жыл бұрын жетті. Жайлы да сайлы мектеп салынды. Енді ата-аналардың да, балалардың да көңілі тоқ. Қалқамандағы, округке қарасты ауылдардағы жолдарды жөндеу, абаттандыру, бір сөзбен айтқанда, тұрмыс-тіршілікті жақсарту қолға алынған еді, тұрғындардың көңілі тіпті жайлана түсті. Олар енді басқа жайлы жаққа қоныс аударуды ойлап жүрген жоқ. Жұмыстары, тіршілігі бар, жағдай жасалған, одан артық не керек? Жұртты ауылдық елдімекендерде тұрақтандыру мен олардың тұрмысын түзеудің бір жолы осы, – дейді Жамбыл Түсіпбеков.
Әлеуметтік жаңғырудың нәти­желі болуы адамдардың белсенді іс-қимылына, ақ-адал еңбегі мен әлеуметтің шығармашылық әле­уетінің ашылуына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жаңғыруға бәріміз де белсенді үлесімізді қосуға тиістіміз. Өйткені, мұның бәрі қазақстандықтардың жақсы тұрмыс-тіршілігі үшін жасалып жатқан қадам. Көп ұзамай әлеуметтік жаңғыртудың нәтижесін толық байқайтын боламыз. Оған ешқандай күмән жоқ. Өйткені, әлеуметтік саладағы реформа бойынша Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі. Басқасын айтпағанда, зейнетақы жүйесі, денсаулық сақтау, білім беру салаларын алайықшы. Мақтанышпен айтуға болатын жұмыстар жүзеге асқан жоқ па? Әлемді экономикалық дағдарыс кезіп жүр, ал Қазақстандағы халықтың тұрмысы мен күнкөрісі басқа елдермен салыстырғанда көш ілгері, – дейді Жамбыл Түсіпбеков.
Иә, елімізде әлеуметтік жаңғырту жұмыстарын одан әрі тереңдету бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл үшін, ең алдымен, әлеуметтік заң шығаруды жаңарту белсенді қолға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі және тағы да басқа әлеуметтік маңызды салалар арнайы заңнамалық актілермен реттеле бастады. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін, әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқарудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру бағытында да ауқымды іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл әлеуметтік жаңғырту мақсатындағы нақты қадам екені сөзсіз. Оның бәрі әлеуметтің әлеуетін көтереді. Енді тақырыпқа тамызық болып отырған мәселе – ауыл шаруашылығы саласын қажетті мамандармен қамтамасыз ету, жастарды ауылда тұрақтандыру, олардың тұрмыс-тіршілігі үшін әлеуметтік жағдайларды жақсарту да бірте-бірте толық шешілетін шығар.

ҒАЛЫМ ОМАРХАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру