Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Инфляцияның баяулау мүмкіндігі төмен

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар мен мұнай нарығындағы құбылмалы ахуалдың ықпалын алдымыздағы екі жылда тағы сезінетін боламыз. БАҚ өкілдеріне арналған брифингінде қаржы реттеушісінің басшысы 2019-2020 жылдары инфляция деңгейінің жоғарылап, болжамды дәлізден асып кетуі мүмкін екенін атап өтті. Біріншіден, бұл Ресейге қарсы санкциялармен, екіншіден ұлттық валютаның әлсіреуімен, сондай-ақ мұнай бағасының төмендеуі, әлеуметтік шығындардың және кредиттің өсуімен байланысты.

Ұлттық банк 3 қыркүйекте базалық мөлшерлемені +/-1% деңгейіндегі пайыздық мөлшерлемелердің симме­триялық дәлізімен 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Өтімділікті беру мен алу операциялары бойынша мөлшерлемелер тиісінше 10% және 8% деңгейде қалды. Осы ретте Данияр Ақышев ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің де базалық мөлшерлеме – 9 % деңгейінде сақталғанын атап өтті.
Тамыздың қорытындылары бойынша жылдық инфляция 5-7%-дық нысаналы дәліздің ортасында, 6%-дық деңгейде қалыптасты. Биыл жылдың соңына дейінгі ағымдағы және күтілетін жылдық инфляцияның деңгейі нысаналы дәліздің (5-7%) ішінде сақталады. «Жаңартылған болжамдарға сәйкес, біз инфляцияның төмендеу қарқындарының баяулау тәуекелдерін көріп отырмыз, яғни инфляция баяулайды, бірақ біз бұрын бағалағаннан гөрі баяу. Биыл қалпына келе бастаған ішкі сұраныс және тұтастай алғанда әлемдік экономика көрсеткіштерінің тарапынан проинфляциялық қысым күшеюде», – деді Д. Ақышев.
Осылайша, инфляцияның 2019 жылы 4-6%-дық болжамды дәліздің жоғары шегіне жақын болуы және 2020 жылдың соңында нысаналы бағдардан (4%-дан төмен) асып кету тәуекелдері ұлғаюда. Бұл ресей рублі мен дамушы елдердің валюталары құнсыздануы аясында байқалып отырған ұлттық валюта бағамының әлсіреуімен, Ресейде инфляция өзінің таргеттелетін деңгейінен ықтималды асуына байланысты сыртқы ин­фляциялық аяның нашарлауымен; сыртқы монетарлық жағдайлар қатаңдауымен; қор­лар төмендеуі және әлемдік тұты­нудың ұлғаюы салдарынан дәнді да­қыл­дар бағасының күтіліп отыр­ған өсуіне байланысты болды.

Сонымен қатар, инфляциялық үрдістерді халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында ішкі тұтыну нарығында сұраныстың оң серпіні, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі баға индексінің жоғары деңгейде сақталуы (жылдық мәнде) айқындайтын болады.
Ұлттық банк инфляцияға жа­қын арадағы 1-2 жылда әсер етуі мүмкін көрсеткіштердің серпінін мұқият қадағалай отырып, дәл қазіргі кезеңде түзету шараларын қабылдау қажет деп санамайды. Ал нақты және болжамды инфляциялық қысым күшейген жағдайда ақша-кредит саясатын қатаңдату мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарлары (өткен жылғы желтоқсандағы 6,5%-дан биылғы тамызда 5,1%-ға дейін) мен ақылы қызметтер (есепті кезеңде 5,9%-дан 4,9%-ға дейін) бағасы өсуінің баяулауына қарамастан, азық-түлік емес тауарлар бағасының серпіні (8,2%) жалпы инфляция деңгейінің бұдан әрі төмендеуіне кедергі болуда. Инфляциялық аяның сипаты көбінесе Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына ресми түрде байланысты емес ұсыныс тарапынан болатын факторлармен айқындалып отырғаны атап өтілді. Тұтынушылық ин­фляцияға көбіне өндірушілер, әсіресе өңдеуші өнеркәсіпте, бағасының өсуі, күтпеген ұсыныс жағдайлары, сондай-ақ жиынтық (тұтынушылық және инвестициялық) сұраныстың ұлғаюы ықпал етеді.
Ел экономикасында мем­лекеттік бюджеттен бөлінетін әлеуметтік шығыстар мен ең­бекақының көтерілуінің негі­зінде жылдың басынан қалпына келе бастаған халықтың нақты табысының өсуі, сондай-ақ банктердің халықты тұтыну тауарларына берілетін кредиттермен қамтуы тұтыну нарығындағы сұранысты ынталандыра түсті. Орта мерзімді кезеңде осы фактордың инфляцияға ықпалы экономиканы қаржылық ынталандыруды қысқарту бойынша күтулердің аясында бірте-бірте азаятын болады.
Экономикалық белсенділік жыл­дың басынан бері өсуін жал­ғастырды. Қысқа мерзімді эконо­микалық индикатор биылғы жеті айда экономиканың 4,9%-ға өскенін көрсетіп отыр. Негізгі капиталға инвестициялар осы кезеңде 23,7%-ға өсті және мұнай-газ саласындағы, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыстағы жобаларды іске асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді. Тау-кен өндіруде 5,4%, өңдеу өнеркәсібінде 4,9%, көлік және байланыс салаларында тиісінше 4,9%, 5,2%, саудада 6,1% өсімге қол жеткізілді.
Болжамды бағалауға сәй­кес, 2018-2019 жылдары эконо­микалық өсу қарқыны 3,5%-ды және 2,6%-ды құрайды. Ішкі жалпы өнімнің өсуі бойынша алғышарттар биылғы жылы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Халықтың нақты ақшалай кірістерінің оң өсу қарқынының одан әрі сақталуы болжануда. Тау-кен өндіру саласындағы жобаларды іске асыру және тұрғын үй құрылысына инвестициялардың оң серпіні нәтижесінде инвес­тициялық белсенділіктің оң серпіні сақталады. Қашаған кен орнындағы мұнай өңдеу мен экспорты көлемдерін ұлғайту тауарлар және көрсетілетін қызметтер экспортының жалпы өсуіне әсер ететін болады. Ұлттық банк басшысы ағымдағы және өткен жылдардағы жоғары қор салдарынан 2019 жылы бәсеңдеу ықтималымен экономика өсуінің серпіні одан әрі жалғасатыны күтілетінін атап өтті.


Сыртқы сектордағы тәуекелдер теңгерімінің теріс жаққа қарай жылжуы байқалуда. Мұнайдың әлемдік бағасы салыстырмалы түрде бір баррель үшін 70 АҚШ долларына жуық жоғары деңгейде қалып отыр. Дегенмен бұл әлемнің ірі экономикалары арасындағы қатынастар тұрлаусыздығынан туындаған теріс салдарларды өтей алмайды.
Азық-түліктің әлемдік бағасы­ның индексі шілдеде жылдық көрсеткіш бойынша 3,7 пайызға төмендеді. Жетекші әлемдік агент­тіктер жүргізген бағалау төмен­деудің қысқа мерзімді болатын­дығын көрсетеді. Жер шарында азық-түлік тұтыну көлемінің өсуі тұрақты ұзақ мерзімді үрдіс болып қалып отыр және бұл азық-түліктің әлемдік қорларының төмендеуі негізінде орта- және ұзақ мерзімді келешекте индекстің одан әрі өсуіне ықпал ететін болады.
Ұлттық банк басшысы атап өткендей, негізгі сауда әріптестері елдеріндегі, оның ішінде Ресейдегі ағымдағы инфляция нысаналы көрсеткіштен төмен болып қалыптасты. Бірақ бір жылға дейінгі шекте сыртқы инфляциялық үдерістердің күтулі жеделдеуі Қазақстандағы инфляцияның нысаналы дәліздің жоғары шегінен тыс шығуына ықпал ететін негізгі тәуекел болып табылады. АҚШ жүргізіп отырған экономикалық өсуді қолдау саясаты, сондай-ақ Федералдық резервтік жүйенің негізгі пайыздық мөлшерлемелерді арттыру жөніндегі саясаты дамушы елдерден, оның ішінде Қазақстанның негізгі сауда әріп­тестерінен капиталдың жылыс­тауына және олардың ұлттық валюталарының әлсіреуіне әкелді. Сыртқы монетарлық талаптарды одан әрі қатаңдату дамушы нарықтарға проинфляциялық қысым көрсетуді жалғастырады.
Елде инфляциялық күтулердің бір айдан келесі айға екі жаққа да (ұлғаю мен төмендеу) ауытқуына қарамастан, ұзақ мерзімді төмендеу беталысы байқалады. Шілде айын­дағы бағалау қорытындылары бой­ынша олардың сандық мәні 5,6%-дық деңгейде қалыптасты. Инфляцияны қабылдау жақсаруда. «Соңғы 12 айда тауарлар мен қызметтердің бағасы бұрынғыға қарағанда жылдамырақ өсті» деп санайтын респонденттердің үлесі жылдың басындағы 52,1%-бен салыстырғанда шілдеде 43,5%-ға дейін қысқарған. Дегенмен, оң беталысқа қарамастан, болжанбаған жағдайлар инфля­ция­лық күтулердің серпініне ай­тар­лықтай әсер етуі мүмкін, бұл қысқа мерзімді кезеңде оларды орнықсыз етеді.
Мұнай бағасы бұрынғысынша экономикалық белсенділік сер­пінін айқындайтын маңызды фактор болып табылады. Осы ретте экономикаға әлемдік нарықтағы ахуалдың ықпалы сақталып отыр деп айтуға болады. Мұнайдың бір баррелі үшін 40 АҚШ доллары сценариі іске асқан кезде жылдық инфляция 2018-2019 жылдардағы нысаналы дәліздің жоғарғы шегінен шығу тәуекелі үлкен, бұл ақша-кредит саясаты тарапынан тиісті шаралардың қолданылуын талап етеді.
Тәуекел бағдары геосаяси шие­леніске, дамушы елдерден капи­талдың әкетілуіне және сыртқы инфляцияның жылдам болуына байланысты проинфляциялық тәуекелдерді күшейту аясында нашарлады. Мұның үстіне, ұсыныстар күйзелісі және инфля­циялық күтулердің тұрақсыздығы инфляция болжамы үшін маңызды тәуекелдер болуын жалғастыруда.
Ұлттық банк басшысы елі­міздегі ақша-кредит талаптары бейтарап деңгейге жуық екен­дігін атап өтті. Ақша-кредит сая­сатының ағымдағы сипаты елдегі макроэкономикалық тұрақ­тылықтың сақталуына және эко­номиканың әлеуметтік мәндер деңгейінде өсуіне ықпал етеді. Соған қарамастан, қалыптасқан факторларды ескере отырып, нарықтағы тепе-теңдік әлсіз және орнықты болмай отыр. Данияр Ақышев осыған байланысты Ұлттық банк инфляцияға жақын арадағы 1-2 жылда әсер етуі мүмкін көрсеткіштердің серпінін мұқият қадағалап отырғанын айта келіп, қазіргі кезеңде түзету шараларын қабылдауды қажет деп санамайтындығын атап өтті. Өйткені ахуалды іргелі факторлар қалыптастырады, ал жылдам әрі кездейсоқ сипаттағылардың әсері маңызсыз болып қалуда.
Алайда, соңғы кездері орын алған теңгенің әлсіреуі аясында, сондай-ақ бұрын болжанған деңгейімен салыстырғанда нақты инфля­цияның неғұрлым баяу бәсеңдеуі жөніндегі бағалаулар расталған жағдайда, жағымсыз күтулердің өсуімен байланысты тәуекелдерді азайту мақсатында биыл жылдың соңына дейін ақша-кредиттік талаптардың қатаңдауы да мүмкін.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру