Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Техника – табиғи отынға ауысу жолында

Қазақстан ауқымды автошеруге қатысуда 

Қытайдың шығысында орналасқан Жудун қаласында «Моторға газ» атты табиғи газбен жүретін техниканың ең ұзақ халықаралық автошеруі бастау алды. Шара Қытайдың, Қазақстанның және Ресейдің ірі энергетикалық «СNPC», «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Газпром» ААҚ компанияларымен ұйымдастырылып отыр.

Газды-моторлы отынмен жүретін көліктердің автожарысы тарихындағы осынау ең үлкен жарыстың ұзындығы 9 881 шақырымды құрайды. Бұған қоса оның елеулі бөлігі жаңа халықаралық көлік дәлізі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағыты бойынша еліміз аумағы арқылы өтеді. Атап айтсақ, Қытай, Қазақстан және Ресей аумағындағы автошеру бағыты Жудун, Суцянь, Чжэнчжоу, Сиань, Динси, Увэй, Цзяюйгуань, Хами, Тұрфан, Усу, Қорғас жолымен Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Арал, Ақтөбеден өтіп, әрі қарай Орынбор, Альметьевск, Қазан, Нижний Новгород, Владимир, Торжок және Санкт-Петербург қалаларын қамтиды. Осылайша, шеруге қатысушылар 4 қазанда VIII Петербург халықаралық газ форумының ашылуы шеңберінде Санкт-Петербург қаласында мәреге жетпек.
Өз кезегінде ҚазТрансГаз жарыстың қазақстандық бөлі­гінде көліктерге газ толтыруды қамтамасыз ететін болады. Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы – «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді. Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз» АҚ еншілес кәсіпорны «КазТрансГаз Өнімдері» ЖШС елімізде газды мотор отыны ретінде қолдануды дамыту және автогаз құю бекет­терін салу ісімен айналысуда.
Ауқымды шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Рустам Сулейманов мұндай автошеруді өткізу табиғи газды экологиялық таза және үнемді моторлық отын ретінде пайдалануды насихаттау үшін шынайы мүмкіндік екендігін атап өтті.
– Қазір Қазақстанда көліктік секторды жаңғырту және оны дизельді отыннан табиғи газға ауыстыру мәселесі пысықталуда. 2022 жылға көліктік сектордың табиғи газды тұтынуын он есеге ұлғайту болжанып отыр. Бұл үшін автоматты және криогенді газ толтыру станциялары желілерін кеңейту жобалары іске асырылатын болады. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу зиянды шығарындылардың азаюына, жұмыс орындарының көбеюіне және отын шығындауды орасан үнемдеуге елеулі әсер етеді, – деді ҚТГ басшысы.
Автожарыс колоннасы сұйытылған және сығымдалған табиғи газбен жұмыс істейтін 17 жүк және жеңіл автомобильдер мен автобустардан тұрады. Іс-шара шеңберінде «ҚазТрансГаз» АҚ Батыс Еуропа – Батыс Қытай тарнсконтинентальдық көлік бағытының қазақстандық учаскесінде перспективалы газ толтыру инфрақұрылымының локациясын айқындау міндетін қойып отыр. Сонымен қатар автожарыс табиғи газды дәстүрлі отын түрлері арасында моторлы отын ретінде пайдаланудың артықшылығын көрсетуді көздейді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру