Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Біртұтас қуат жүйесінің қарымы мен қарекеті

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Халық шаруашылығының тамырына қан жүгіртіп, бойына нәр, тәніне қайрат беретін бірден-бір сала – энергетика. Айтқандай-ақ, бүгінде ел экономикасының алуан салаларын қамтитын ұланғайыр жобалардың, алып құрылыстардың қай қайсысы да электр қуатына «аузын ашып отыратыны» ақиқат. Тауды тесіп, тасты жаратын темірдей тегеурінді бұрғыдан бастап кез келген мектеп оқушысының қолындағы замануи тілдесерге дейінгі құрылғының «күні» сым темірлердің бойымен сынаптай сырғыған осынау ғажайып күшке тәуелді.
Иә, бейнелеп айтқанда энергия көздеріне бай елдер­дің көрген күні жарық. Бұл орайда қойнауы «экономика наны» саналатын таскөмірге, мұнай мен газға толы біздің еліміздің айдарынан жел есіп тұр деуге болады. Теңізге төнген жартасынан басқа байлығы жоқ Жапония сияқты пайдалы қазбаларға кедей жұрттар электр стансаларына қажетті шикізаттардың бәрін айшылық алыс елдерден тасып жеткізіп, қыруар қаржы жұмсап жатқанын ескерсек, аршындап дамуымызға негіз қалайтын алғышарттардың барлығы Алтай мен Атырауға дейінгі ұланғайыр өлкемізде шоғырланғандығы көкейге үміт ұялатады. Сондай-ақ былтырғы жылы бас қаламыз Астанада дүбірлеп өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің шапағаты тиетін күн де алыс емес. Мыңдаған жылдар бойы желдей жүйрік ақбөкендер сағыммен жарысқан Сарыарқаның сайын даласында, Бетпақтың бұйра құмында табиғатқа заласыз «жасыл қуат» – күн және жел энергиясын өндіру жоспарлануда. Осынау игілікті іске жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері де жаппай жұмылдырылған. Мәселен, ұлттық ғылым мен білімнің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі емес көздерден электр қуатын алу жөніндегі теориялық және тәжірибелік жұмыстар қарқынмен жүргізілуде.
Таяу болашақтың шаруасынан бүгінгі күннің қам-қарекетіне оралайық. Еліміз экономикасының кез келген саласы сияқты энергетикалық шаруашылық та белгілі бір жүйеге, тәртіпке бағынады. Бұл орайда Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі құрылып, ол тиісті техникалық, экономикалық талаптарға, нормативтер мен стандарттарға орай жұмыс істеп жатқандығын айтуға тиіспіз. Бұл жүйе жалпы жұмыс режіміне бағына отырып, жедел диспетчерлік қызметті біртұтас орталықтан басқару, тосын оқиғалардың алдын алу, саланы дамытуды және техникалық саясатты кезең-кезеңмен жоспарлау, күнделікті тыныс-тіршілікті нормативтік-технологиялық және құқықтық реттеу сияқты толғағы жеткен түйткілдердің түйіндерін тарқатып отыратын бірыңғай кешен болып табылады. Қандай да бір шаруашылық ағза сияқты аталған кешеннің де электр желілері мен электр стансаларының тізбегінен тұратыны өзінен-өзі түсінікті. Деректерге сәйкес, еліміздің электр энергетикасының өндіруші секторы әртүрлі меншік нысанындағы электр стансаларынан тұрады.
Ұлттық электр торабына энергия қуатын беретін, кернеуі 220кВ және одан да жоғары, жекешелендіруге жатпайтын қосалқы стансалардың, тарату құрылғы­ларының, өңіраралық және мемлекетаралық электр жеткізу желілері мен электр жеткізу желілерінің жиынтығы жатады. Қазіргі таңда энергия тарату қызметін атқаратын өңірлік деңгейдегі электр желілері өңірлік компаниялардың теңгерімінде әрі пайдалануында тұрғанын атап өтуіміз керек. Бұл орайда әртүрлі меншік нысанындағы 20 өңірлік электр компаниялары жұмыс істеп жатқандығын айтқанымыз жөн. Өңірлік тұрғыдан алғанда елімізде 3 энергетикалық аймақ құрылған. Мұның алғашқысы – Солтүстік аймақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарын, елордамыз – Астананы қамтиды. Тілге тиек етіліп отырған осы Солтүстік аймақ еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесін қалыптастыратын орталық болып табылады. Мұнда өндіргіш қуаттың басым бөлігі – 70 пайыздайы шоғырланған. Қазақстан мен Ресей энергетика желілерін байланыстыратын дамыған электр тораптары осында. Аталған аймақта энергия көлемі көп, соның арқасында аймақтағы электр станцияларының өндірген қуаты есебінен республиканың оңтүстік өңірінің тапшылықтарын жауып, Ресейге электр энергиясын жеткізу қамтамасыз етіліп отыр. Келесі бөлік – Оңтүстік аймақ Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарын, Алматы қаласы мен Байқоңыр өңірін қамтиды. Қолжетімді әрі жеткілікті бастапқы отын-энергетикалық ресурстарының және соған орай өндіргіш қуаттарының болмауы салдарынан Оңтүстік аймақтың энергетикалық теңгерімі тапшылықпен құралады. Тапшылықты жабу Қазақстанның Солтүстік-оңтүстік транзиті бойынша жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Батыс аймақ құрамына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді. Республика аумағы бойынша біртұтас энергетика желісімен электрлік аймақтың байланысы жоқ, сондықтан өңірдің электр энергиясына қажеттілігінің бір бөлігі Ресейден алынатын импорт есебінен жабылады. Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары тізбекті транзитпен өзара біріктірілген. Атырау энергия торабы Ресейдің Астрахань энергия торабымен, Батыс Қазақстан облысы Орта Волга энергия желісімен байланыстырылған. Ресей және басқа мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмысты біртұтас энергетика желісінде оқшау орны бар «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» – «KEGOC» акционерлік қоғамы жүзеге асырып отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру