Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Көшпелі қазақ – көш басында

Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Бактуу-Долоноту ауылындағы Шолпан ата курорттық аймағындағы ипподромда III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бейресми түрде басталды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев аталмыш сайыстың ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты іс-шарада Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан да болды.

Дүбірлі доданың ашылу салтанаты тарихи қойылыммен ерекшеленді. 3D-графикасын қолдана отырып ұсынылған театрландырылған қойылымға мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз және спортшылар қатысты. Олар цирк өнерін, шабандоздық тәсілдерін, отты шоу көрсетіп, акробаттық жаттығулар орындады.
Естен кетпес шараны арнайы шақыртылған қазақ көшбасшысы да тамашалады. Ыстықкөл жағасына ағылған туристер қатары қалың. Себебі жуырда ғана тәуелсіздік күнін тойлаған айырқалпақты ағайын дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатқан дода – қырғыз жерінде қолға алынған ең ауқымды спорттық шаралардың бірі.
Додада бақ сынап жатқан спортшылардың басым бөлігін қырғыз командасы құрайды. 500-ге жуық сайыскер 37 спорт түрінен күш сынасып, ел намысын қорғады. Аламан бәйгеге талайды шаң қаптырған шабандоздар мен белдескеннің белін үзетін балуандар, ата кәсіпті нәсіп еткен құсбегілер ат терлетіп арнайы келген. Биыл көшпенділер ойынында Қазақстан құрама командасының сапында 200-ге жуық спортшы ел намысын қорғайды. Осылайша адам саны бойынша еліміз Ресейден кейін үшінші орынға жайғасты.
Биылғы сайысқа 80 елден 3000-нан астам сайыпқыран келген. Олар 37 этноспорт түрі бойынша сынға түсті. Спортшылар 174 алтын, 173 күміс, 247 қола медальді сынға салды. Ойындардың жалпы қоры – 28 миллион сомды құрап отыр.
Бірнеше күн бойы көшпенді халықтардың киім үлгілерінің фестивалі, фольклорлық топ­тардың концерттері және ат спорты бойынша ерекше көрсетілімдер қойылды. Көне ойындардың бірі Көкпар, Саятшылық пен ұлттық аң аулау кәсібі Салбурын да солардың қатарында. Мұнда садақпен ату спортшыларына арналған дайындық өтті. Көшпенділер ойындарында садақ атудың қырғыз, мажар, корей, түрік тәсілдері бар. Садақшылар салт атпен де ату шеберліктерін сынады. Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт­тық жарыстардың саны айтар­лықтай артып отыр.
Жарыстың алғашқы күні тәжіктің ұлттық спорты – белбеу күресі (Гуштини милли камарбанди), сонымен қатар тоғызқұмалақ, мангала және овари ойындары бойынша сайыстар өтті.
Үшінші рет өтіп отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жиналған сайып­қырандар бірден бірнеше жерде – әсем табиғаты тамсандыратын, тау етегіндегі таңғажайып Қыршын жайлауында, Қырғызстанның курортты қаласы Шолпан Атадағы спорт кешендерінде сынға түсті. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Қырғызстан тарапының бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды шара.
Шолпан Ата қаласындағы Орталық спорт кешенінде күрес­тің түрлері бойынша жарыс­тар өтті. Алыш (алысу-қырғыз күресі) күресі бой­ынша күш сынасуда қазақ­стан­дық палуандардан қыздар жақ­сы көрсеткіштерге ие болды.

Балуандарымыз Тәжік­стан­ның ұлттық спорты – Гуштини милли камарбанди (белбеу күресі) күресінен екі қола жүлде иеленді. 68 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен балуанымыз Мұратхан Берікбол алғашқы қола медальдің иесі атанды. Бұл салмақтың алтыны қырғызстандық ба­луанға бұйырды. Аса ауыр сал­мақта сынға түскен Мақсат Жан­ділдаев жартылай финалда есе жіберіп, қола жүлдені місе тұт­ты. Сондай-ақ 82 келі салмақ дәрежесінде Башқұртстан балуанына тең келер ешкім болмады.
Перизат Жақыпбекова және Арайлым Ханзада күміс, Қайыпхан Ақжол және Ұлжан Дүйсенбаева қола медальдарды қанжығаларына байлады. Ал енді Айдос Құлманбетов 80 келілік салмақ дәрежесінде қола медальға ие болды. Үшін­ші күні қазақстандық спорт­шылар түрлі дәрежедегі 13 медаль иеленді, оның 2-еуі алтын, 2-күміс, 9-қола еншіледі. Қазақ күресінен екі спортшымыз Әбілқайыр Мәуленин (70 келіге дейін) және Ерсұлтан Мұзафаров (90 келіге дейін) финалға шығып, екі алтын медаль иеленді. Нұрдәулет Жарылғапов қола медаль еншіледі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2012 жылы Қырғыз­стан үкіметінің бастамасы бойынша көшпенділер өркениеті мәдеиетін жаңғырту және сақ­тау мақсатында дүниеге келген. Бұл ойындар ұлттық ойындар мен этноспорт қозғалысын дамытуға атсалысуды көздейді.
Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ең алғаш рет 2014 жылы өткізген. 2016 жылы екінші ойындар өтті. Келесі, төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2020 жылы Түркияда өтеді деп жос­парлануда.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру