Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Қош бол, Джакарта, армысың, Ханчжоу!

9-шы орынды қанағат тұттық

Индонезия астанасы Джакарта қаласының «Гелора Бунг Карно» стадионында 18-ші Жазғы Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. 440 атлетін апарған Қазақстан құрамасы 15 алтын, 17 күміс, 44 қола (барлығы 76 медаль) жинады. Осылайша жерлестеріміз Қытай (132 алтын, 92 күміс, 65 қола), Жапония (74+56+74), Оңтүстік Корея (49+57+70), Индонезия (31+24+43), Өзбекстан (21+24+25), Иран (20+20+22), Қытайлық Тайбэй (17+19+31), Үндістаннан (15+24+30) кейін жалпыкомандалық есеп бойынша 9-шы орынды қанағат тұтты. Бұл көрсеткіш бұрынғы Азия ойындарындағы жетістіктердің ішіндегі ең төмен нәтиже болып тіркеліп отыр. Тек қола медаль саны бойынша (44) ғана өз рекордымызды жаңарттық.

2022 жылы Ханчжоуда өтетін Азия ойындарының ұйым­дас­тырушылары Джакар­тадағы Азия ойында­рының жабылу салтанатында АОК-тың туын ресми түрде қабылдап алды. Биылғы дүбірлі додаға Азияның 45 елінен ең үздік деген 9700-ден астам спортшы бақ сынаған болатын.
500 метрге байдаркамен сайыста Илья Голендов, Сергей Токарницкий, Алексей Дергунов және Евгений Алексеев төрттігі алтын жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Илья Голендов пен Андрей Ергучев және Тимофей мен Сергей Емельяновтар күміс жүлдеге қол жеткізді. И.Голендов пен Е.Ергучев байдаркада, Т.Емельянов пен С.Емельянов каноэде сынға түскен болатын.
Батутта секіруден Азия ойын­дарының қола жүлдесі қоржынға түсіп, Пірмаммад Алиев финалда үздік үштік қатарынан көрінді.
Дзюдошылар көптен күткен алтынға иелік етті. 81 келіде сынға түскен Дидар Хамза Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Финалда ол ирандық Саид Моллаидан басым түсіп, Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы оныншы алтын жүлдені тарту етті. Еске сала кетейік, дзюдодан Елдос Жұмақанов пен Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдегер атанған болатын. Бұл Дидардың ірі халықаралық жарыстардағы алғашқы жүлдесі. Ал дзюдодан аралас командалық сында Қазақстан командасы күміс жүлдегер атанды. Финалда Жапония құрамасымен кездескен біздің спортшылар 0:4 есебімен қарсыласқа жол берді. Еске сала кетейік, жартылай финалда Қазақстан дзюдошылары Өзбекстанды ұтқан болатын.
Велотрекші Артем Захаров омниум бойынша үздік үштікке енді. Бұл Артемнің биылғы Азия ойындарындағы екінші қоласы.
2012 жылғы Лондон Олим­пиадасының чемпионы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олим­пиадасының қола жүлдегері жеңілатлетші аруымыз Ольга Рыпакова үш қарғып секіруде Азияның ең үздік спортшысы екендігін тағы да дәлелдеді. Атлетіміз екінші мәрте қарғып секіруінде 14 метрді бағындырды. Ал қалған қарсыластарының бірде-бірі мұндай көрсеткіш көрсете алмады. О.Рыпакова үшінші мәрте секіруінде 14,26 метр нәтиже көрсетті. Екінші орын 13,93 метрге секірген таиландық Чумайароенг пен дәл сондай нәтиже көрсеткен вьетнамдық спортшыға бұйырды. Сайыс жолына шыққан тағы бір спортшымыз Ирина Эктова 13,58 метрді бағындырып, 6 орынға тұрақтады. Айта кетерлігі, Ольга Рыпакова осымен төртінші мәрте Азия ойындарының чемпионы атанды. Жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгіру бойынша өткен эстафеталық сайыста Қазақстан әйелдер командасы эстафетада қола жүлдегер атанды.
Самбошы Ділдәш Құрышбаева Азия ойындарында жеңімпаз болып, Қазақстан қоржынына 14-ші алтын медальді сыйлады. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп боз кілемге сынға түскен Д.Құрышбаева финалда Өзбекстанның самбошы қызын 3:0 есебімен жеңді. Еске салайық, бұған дейін қазақстандық самбошы Әлібек Зекенов қола медаль үшін өткен айқаста отандасымыз Айбол Айтбектен басым түскен еді.
Бокстан 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Асланбек Шымбергенов Өзбекстанның өкілі Бобо-Усман Батуровпен ақтық сында жолығып, нәтижесінде финал 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Су добынан Қазақстан ерлер командасы Азия ойындарының чемпионы атанды. Жапония құ­рамасымен өткен аса тартысты кездесуде қазақстандықтар 8:7 есебімен жеңіске жетті. Біздің команда сапынан Михаил Рудай мен Евгений Медведев мергендігімен танылды. Олар тиісінше үш және екі доптан соққан. Ватерполшы жігіттер осылайша Қазақстан қоржынына Азиаданың 15-ші алтынын салып берді.
Биылғы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы өз тарихында ең нашар нәтижені көрсетті. Сайыпқырандарымыз Индонезия жерінде сәтсіз өнер көрсетті деуге толық негіз бар. Допинг дауына байланысты биылғы Азиадаға ауыратлетші спортшыларымыз қатысқан жоқ. Сөз өтті ме, әлде жоқ көз өтті ме белгісіз, Азиада ойындарында үнемі алтын олжалайтын боксшыларымыз биылғы додада алтын олжалай алмады. Финалға шыққан боксшылар көршілес өзбек боксшыларына ұтылумен болды. Бұдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен дүбірлі додада 7 боксшы финалға шығып, соның 6-уы алтын жүлдеге ілініп еді. Биылғы сайыста Өзбекстан құрамасының спортшылары Индонезияның алаңында 5 алтын олжалап, бокс бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға орналасты. Осылайша көршілес мемлекетіміз барлық жағынан бізден алға шықты. Бұрын Азия мемлекеттерінің арасында 4-ші немесе 5-ші орын еншілеп жүргенде, өзбек ағаларымыз бізден кейін әйтеуір алғашқы ондыққа әрең ілініп жүретін. Бұның өзі Өзбекстанда спорт қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетіп отыр емес пе?! Биылғы бәсекеде Өзбекстан емес, Қазақстан құрамасы 5-ші орынды еншілеу керек еді. Азиада экономикасы дамыған Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және алаң қожайындары Индонезияға бәсеке бола алмасымыз белгілі болатұғын.
Тарих беттеріне үңілсек, 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласындағы Жазғы Азия ойындарында – төртінші, 1998 жылы Тайланд астанасы Бангкокте – бесінші, 2002 жылы Оңтүстік Кореяның Пусанда – төртінші, 2006 жылғы Катар астанасы Дохада – төртінші, 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоудағы бәсекеде жалпыкомандалық есепте бесінші орын еншілеген едік. 2014 жылғы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен бай­рақты бәсекеде бұрын соңды болмаған рекордтық 28 алтын олжалап мәртебелі төртінші орынға тұрақтаған едік. Ал, биылғы Азиада ойындарында керісінше антирекорд орнаттық.
2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін 19-шы Жаз­ғы Азия ойындарының бағ­дар­ламасына 2020 жылғы Токио Олимпиадасындағы 33 спорт түрі енеді. Хуанчжоудағы Азия ойындары Қытай тарихында өткізілетін үшінші Азиада болмақ. Бұған дейін 1990 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Гуанчжоуда құрлықтың кішігірім Олимпиадасы өткен болатын.
Төрт жылдан кейін өтетін Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары бұрынғы нәтижені қайталап, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония мемлекеттерінен кейін жалпыкомандалық есепте төртінші орын еншілейді деп сенеміз! Сайыпқыран саңлақтарымызға сәттілік тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру