Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Әрбір азамат еңбекке тартылуы керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бейресми жұмыспен қамтылған халықты формализациялау және оларды еліміздің экономикасына тарту жөніндегі жол картасын, сонымен қатар республиканың 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру шаралары қаралды.

Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді заңдастыру бойынша есеп берді. Министр айтып өткендей, қазірде тіркеуді жеңіл және ыңғайлы ету үшін барлық жағдай жасалып, электронды үкімет порталы, xалыққа қызмет көрсету орталықтары мен колл-орталықтар арқылы жұмысты рәсімдеу қызметтері енгізілген. Сондай-ақ әрбір өңірде ашылған тікелей желілер арқылы еңбек шартын рәсімдемеу, жұмысқа мәжбүрлеу, жалақыны конвертпен беру және тағы басқа фактілер жайында xабарлауға болады. Бұрын министрлік азаматтардың мәртебесін нақтылау кезінде үй-үйді аралап, бәрін қолмен тіркеп, ақпараттық жүйеге енгізсе, қазіргі уақытта бұл жұмыстардың барлығын egov.kz, халыққа қызмет көрсету орталықтары, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы автоматты түрде жасауға мүмкіндік бар. Министрдің айтуынша, жылдың басында 2,7 миллион адамның нақты әлеуметтік мәртебесі болмаған. Бүгінгі таңда 1 миллион 385 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Олардың ішінде 548 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. 13 мың кәсіпкер өз қызметін ресми түрде тіркеді. 22 мыңнан астам адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, үй жұмыскері және шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер ретінде анықталды. 17 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелді. 84 мың адам әлеуметтік төлемдерді, ал 19 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алушы ретінде тіркелді. 29 мың әйел жүктілікке байланысты есепке қойылса, 8,7 мың адам үш жасқа дейінгі баласына күтім жасап отыр. Бұдан бөлек, 642,5 мың адам үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, тыс жерлерге кеткен адамдар, 18 жастан асқан мектеп оқушылары ретінде және басқа санаттар бойынша нақтыланды. Сондай-ақ дерекқорларда қайталанатын жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), мерзімі өтіп кеткен құжаттар анықталып, жаңартылды. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің нақты санаттары енгізілді.
Жол картасы аясында атқарылған істер барасын қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бейресми жұмыспен айналысатын адамдарды ел экономикасына тарту жұмысын жалғастыруды, әкімдіктерге осы бағыттағы жұмыс­ты күшейтуді тапсырды. Үкімет басшысы цифрландыру арқылы азаматтардың деректерін анықтаудың ұсынылып отырған жаңа форматы дұрыс әрі уақытылы екенін атап өтті. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп цифрландырудың жаңа арналарын енгізуді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамтуды формализациялау жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыстарды жылдамдатуы қажет.
Жыл басында Мемлекет басшысы елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына қол қойды. Бұл қадам Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне сәйкес келетін адамдардың өмір деңгейін көтеруге қол жеткізетін экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қарастырады. Күн тәр­тібіндегі келесі мәселе бойынша баяндаған ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов осы ретте экономиканың орта есеппен жылына 4,5-5 проценттен кем емес деңгейдегі өсімін қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті. Бұл Қазақстанға 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейін 46 мың долларға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Жоспарланған өсу қарқыны қойылған мақсаттарға қол жеткізудің қажетті шарты болып табылады. Министр ІЖӨ өмір сапасын, азаматтардың нақты әл-ауқатын, деңгейін және қоршаған ортаға келтірілген зиянды толығымен көрсетпейтінін, осыған байланысты 30 дамыған елдің қатарына кіру жолындағы прогресті өлшеу және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін халықтың өмір сапасын және экономиканың даму сапасын көрсететін тиімді ұлттық индикаторлар көзделгенін айтты. Тиімді ұлттық индикаторлар 14 салаға бөлінген және халықаралық рейтингтерді қоса алғанда 37 индикаторды қамтиды.
Қазіргі күні Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының түйінді ұлттық индикаторларына қол жеткізу мақсатында Стратегиялық карта әзірленді. Онда түйінді ұлттық индикаторлар салалар және өңірлер бойынша жыл сайынғы мәндерді көрсете отырып бөлінген. Түйінді ұлттық индикаторларды бөлгенде олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты әр орталық мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның үлесі анықталды. Министрдің атап өтуінше, салалар және өңірлер бойынша «еңбек өнімділігінің өсуі», «негізгі капиталға инвестиция жұмсау» «бақыланбайтын экономика үлесі» сынды үш кешенді индикатор бөлінді. 16 индикатор өңірлер бөлінісінде көрсетілді. 18 индикатор бойынша салалар және өңірлерге бөлінбестен мемлекеттік органдардың тікелей міндеттері айқындалды. Индикаторлардың болжамдары ресми статистикалық, ведомстволық және халықаралық мәлімет көздерінен алынып, қабылданған статистикалық және математикалық әдістемелер негізінде есептелінді, сондай-ақ өңірлердің ерекшеліктері назарға алынды. Осылайша, Стратегиялық картаның барлық индикаторлары бойынша түрлі саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған оң өсім динамикасы байқалады. Жалпы, қабылданған Стратегиялық карта Стратегиялық жоспардың индикаторларына қол жеткізуді қадағалауға және жоспарлы мәндерден ауытқыған жағдайда тиісті шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру