Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Тәуекелшіл инвестициялар нарығы

Қазір іске аспаса, ертең кеш болады

«Өз бизнесіңді құр», «Стартаптар сайысы», Startup Bolashak – бұл соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан көптеген стартап-байқаулардың тізіміндегі бірқатары ғана. Бұлардың әрқайсысында жас кәсіпкерлер жаңа жобаларын дамытуға гранттар алады, алайда көбінесе стартаптар идеядан іске асыруға дейін, қосымша қаржыландыру болмағасын немесе бизнеске жаңадан келуі себепті тәжірибесіздігінен жете алмай жатады.

Таяуда, міне, нақ осындай олқылықтарды болдырмау үшін, стартаптардың экожүйесін ретке келтіру мақсатында Қазақстанға шетелдік венчурлық инвесторларды қалай тарту және жергілікті жобаларға бә­секелестік артықшылықтар беру туралы жан-жақты әңгіме болған шара ұйымдастырылды.
Алматыда өткен GoViral екінші халықаралық ин­новациялық идеялар фести­валіне танымал экономистер мен сарапшылар шақырылып, өз ойларын ортаға салды. Мақаламызда солардың ішіндегі бірқатар жекелеген тұлғалар өз ой-пікірлерін оқырманмен бөліседі.
Жалпы алғанда венчурлық, яғни «тәуекелшіл бизнес» дегеніміз не? Осыған жауап бере кетсек.

Бұл – әлі практикада сыналмаған техникалық және технологиялық жаңалықтарды, ғылыми жетістіктердің нәтижелерін іс жүзінде пайдалануға бағдарланған бизнес түрі. Оны іске асыру үшін экономикалық даму үдерісінде нақты факторлар орындалғаны абзал.

Тиянақты тірек қажет

Бұл ретте Сингапурдан келген портфолиосын жыл сайын жоқ дегенде жаңадан 5 стартаппен толықтыратын IdeaWaveLabs венчурлық қорының серіктесі Крис Джордж былай дейді:
– Стартаптардың экожүйесі жұмыс істеп кетуі үшін екі фактор қажет. Бірінші – талантты жігіттердің жарқын идеялары, екінші – ақшалы адамдар. Әлбетте, ықтимал инвесторлар өз елдеріңізде де, одан тысқары жерлерде де табылады. Бірақ та ынталы шетелдіктерді мемлекет тек қарапайым және түсінікті заңдық база көмегімен ғана тарта алады. Сондықтан да мен заңның – жоғарыда аталғанның бәрінің негізі екендігін сеніммен айта аламын.
Бизнесменнің пікірі бойынша, үкіметтері венчурлық инвестициялау және бизнес-періштелерді инвестициялау, сондай-ақ оларға артықшылықтар беру сияқты қар­жылық институттарды заңдас­тырған Индия мен Сингапур жақсы үлгі бола алады.
– 2000 жылы Үндістан үкіметі IT-қызметтер индустриясындағы экспорттың жоғары үлесін байқайды. Сол кезде бағдарламалық қамтамасыз етуді экспорттайтын барлық компанияларды 17 жыл мерзімге салықтар төлеуден уақытша босатуға шешім қабылданады. Нәтижесінде фирмалар сол капиталды қайта инвестициялай алды, сөйтіп, бүгінде мәлім болып отырғанындай, осы елдің IT-саласы өте дамыған, – деп мысал келтіреді Джордж. – Стартаптар экожүйесінде де дәл осылай болды. Қазір мұнда өзіңізді инвестор деп тез тіркеп, бизнесіңізді де дәл солай жедел ашып-жаба аласыз. Егер стартаптың нарықтық құнының бағасы жедел өссе, ол мемлекеттен барлық мүмкіндіктерді ала алады.
Шын мәнінде, білікті маман айтқандай, Үндістанның нарығы осының нәтижесінде алдыңғы қатарлы әлемдік компаниялардың назарын өзіне аударды. Мәселен, 2018 жылдың мамырында әлемдегі аса ірі Walmart жаппай және бөлшек сауда жүйесі, Үндістандағы электрондық коммерцияның басты ойыншысы Flipkart-тың 77 пайыз акциясын 16 миллиард АҚШ долларына сатып алды. Мұнан басқа, америкалық бөл­шек сауда компаниясының техни­калық директорының айтуынша, Walmart Labs-дың машиналық оқыту және мерчандайзинг саласындағы технологиялық бөлімшесі аталғандар­дан ұсақтау индиялық стартаптарға да көз тігуде екен.
– Walmart – өте консервативті компания, сондықтан да оның Үндістан нарығына шығуы көп нәрсені аңғартады, – деп түйіндейді ойын Джордж мырза.
Сингапурге қатысты тоқталсақ, мұнда 2010 жылдан бастап маңызды бағдарлама жұмыс жасауда, соған сәйкес елдің ішіндегі инновацияға және зерттеулерге қаржы құюшы компаниялар мемлекеттен 60 пайыздық кэшбек алады. Ең бастысы – интеллектуалдық меншікті Сингапурде тіркеу.
– Салықтық заңдылықты ор­­нықтыру кезінде оның тек іс үстін­дегі кәсіпкерлерге әсерін ғана ескеріп қоймай, енді солардың қата­рына қосылатын адамдардың экономикалық санатын да қаперге алу қажет, – деп ой сабақтайды Shark Tank стартаптарын іздестіру бойынша америкалық бағдарламаның кастинг-директоры, АҚШ Сенатының технологиялар және бизнес жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Брэндон Эндрюс.
Оның айтуынша, бүгін тұрақты табысы және қордаланған бос капиталы бар адамдар болашақта өздерінің жеке бизнестерін құру туралы ойланатын болады. Мемлекеттің рөлі – ықтимал кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар даярлау.
– Сенатта жұмыс істеп жүрген кезде мен кейіннен JOBS Act-қа (жеке компаниялардың акцияларын көпшілікке ұсынуға тосқауылды алып тастаған, 2012 жылы қабылданған заң – ред.) айналған құжатты жасауға қатыстым. Ол АҚШ-та краудинвестингті авторластырды, соған сай 18-ден асқан кез-келген адам IPO алдында стартапқа инвестор бола алады, – деп түсіндіреді Эндрюс.
Сарапшының есептеуінше, бұл инновациялар экономикасына ынталандырады және халықтың инвестициялар мәселелеріндегі сауаттылық деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа ол халықтың жалпы әл-ауқатын жақсартуға да мүмкіншілік бермек.
– Әрине, кез-келген инвестиция тәуекелге бел бууды аңғартады, ал краудинвестингпен қарапайым адамдар пайда табу мүмкіндігіне ие болады, – дейді Б. Эндрюс. – Мен осыдан біраз бұрынырақ қазақстандық қыздар (/flash командасы және QamCare қосымшасы – ред.) командасының Technovation байқауында жеңіске жеткенін білемін. Олар жобамен жұмыстарын одан әрі жалғастыруда, егерде краудинвестинг науқанын іске қосқанда, бұдан да ілгерірек озған болар еді. Қазақстандықтар талантты отандас жеткіншектерін қолдайтындығына сенімдімін.
Шындығында да, мектепті енді бітірген қыздардың ойлап тапқан қосымшалары әркім үшін маңыз­ды – өзінің жақын адамдарына қамқорлықты көздейтін таптырмас технологиялық құрылғы. QamCare атауы ұғымы бірдей екі сөздің қосындысы: қазақша Qamqor және ағылшынша Care. Идея­ның мәні смартфон иесі қысқа мер­зімде жақындарын хабардар ету: оның қауіпсіздігі қыл үстінде тұр. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы өзінің бағдарын құрайтын картаға қол жеткізеді. Құрылғыны жасаушылар бөлек Family Circle қосымша парағын да ескерген, оған 10 байланысқа дейін жүктеуге болады екен. Мұның соңғы жылдары белең алып бара жатқан балалар ғана емес, тіпті ересек адамдардың да із-түссіз жоғалып кету фактілерінің жолын кесуге қаншалықты көмегі тиер құрылғы болуымен ғана маңызды екені айтпасақ та түсінікті.
Қазақстаннан сарапшы ретінде сөйлеген Халықаралық бағдарламалар («Болашақ» бағдарламасы) орта­лығының экс-президенті Нұрбек Саясат заңдық реформалардың маңыздылығымен келіседі, алайда ол жетілдірілмеген білім беру жүйесін басты проблема деп санайды.
– Заңды өзгертуге болады, «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағыл­шындық құқықты енгізе отырып, осы бағытта жұмыс жүргізуде. Формальді нәрселерді өзгертуге болар, бірақ нақты мәселе мынада, біздегі білім беру жүйесі көнерген және бұдан 20 жыл бұрын-ақ. Біз күн сайын Финляндиядан олардың мектептерінде тәжірибе жүргізіп жатқанын, мін­детті пәндердің санын қысқартып жатқандарын естиміз. Илон Маск инновациялық Ad Astra мектебін ашты. Институттар, заңдылықтар да жәрдемдеседі, бірақ мәселе адами әлеуетте. Егер сіз таланттарды дамыта алсаңыз, ақша өзі келеді, – дейді Нұрбек Саясат. – Индияда, мәселен, бағдарламалау (программирование – ред.) мен ағылшын тілін білетін мамандар өте көп болды. Бұл – зәру жиын. Мұнда екінші ұрпақта Сундар Пичаилар (Google Inc. CEO бас директоры), Сатья Наделла (Microsoft CEO-сы) өмірге келіп жатыр.

Өз бетімен білім алу

Бұл жерде қоғамымыздағы білікті мамандардың өз бетімен білім алуға ынта қойып, көңіл бөлуі қуантады. Сондай-ақ нақты мамандық иеленумен ғана шектеліп қалмай, жаңа технологияларды игеруге ниеттену де өз жемісін берер қадам. Бұған жоғарыда айтқан жас қыздарымыздың табысы да айқын дәлел бола алады.
– Инвестиция тақырыбына арналған түрлі шараларға қатыса жүріп, мен көптеген жергілікті инвесторлардың бір-бірімен араласпайтынын байқадым, – деп атап көрсетті, мемлекеттің қызметіне қатысы жоқ, қазақстандық стартап-экожүйе мәселелері туралы талқылай келіп, Джордж мырза. – Сондықтан шетелдік инвесторларды тартпас бұрын, алдымен елдің өзінде инвестициялауды дұрыс түсінетініне көз жеткізіп алу керек. Мысалы, мен мынаны жиі байқаймын, инвесторлар компанияда үлестің ең үлкенін алғысы келеді, әйтсе де мұндай құқық стартапты құрушының өзіне тиесілі болуы тиіс.
Жалпы мұндай ұстаным да­­му­шы нарықтардағы тәжірибесіз ин­­вес­­торларға тән, деп есептейді 2014 жылы іске қосылған кезінен есебінде 20 елден 43 стартапы бар Brinc технологиялық стартап-акелераторының теңқұрушысы Бэй Маклафлин. Сарапшының айтуынша, дамушы елдердің компанияларымен жұмыс кезінде уақыттың басым бөлігі бастапқы инвестициялардың түйінін шешуге арналады екен.
Бүгінгі тақырыпқа өзек болған мәселені қорыта келе айтарымыз, 20 миллионға жетпейтін халқы бар Қазақстан – БҰҰ болжамына сәйкес 2030 жылға қарай, халқының саны 80 миллионнан асатын Орталық Азия дамушы нарығының орталығына айналатынын сарапшылар атап көрсетуде. Ал, ол үшін тәуекелшіл инвестициялар нарығын жетілдіруге мейлінше көңіл бөліп, экономиканы дамытудың жетекші факторына айналдыруға күш жұмылдыру қажет.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Амина
    03.09.2018 at 7:44 pm

    Мұндай форумдар өткізілгенде қуана қатысамын! Жалпы, елімізде осындай үлкен, пайдалы және қызықты шаралар көп болады. Жастар үшін бұл өте маңызды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру