Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қажет

Жасыратыны жоқ, қазір вокзалға барсаңыз сергелдеңге түскен жолаушылардан көз сүрінеді. Дені ақшасына билет таппай әлек. Кассаларда билет жоқ болғанымен, жолсерікпен келісуге болады.

Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова жолаушылар пойыздарының басшылары және жолсеріктермен кездесуде осы мәселені талқылап, сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиынға қатысқан көліктік бақылау инспекциясы да, көлік полицейлері де тәртіп орнатуда қауқарсыз екендерін мойындағандай. Жолсеріктер мен пойыз басшыларына қанша жерден шара қолданып жатса да, «баяғы жартас – сол жартас». Кассаларда билет жоқ болғанымен, жолсерікпен келісуге болады, алайда билеттің бағасы аспандап тұр. Қажет десеңіз жолсерік өзінің жатын орны немесе үшінші қабатты да бере салады.
Жиында бұған дейін бірнеше рет «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысы бойынша нақты деректер келтірілді. Ал теміржолшылар заң бұзушылықтар орын алып отырғандығын жоққа шығара алмады.
«Қазақстан темір жолы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы жүк тасымалдау бөлімшесінің басшысы Нәжмедин Ғұбашев қазіргі жағдайдан хабардар екендігін жасырмады. Тұрақты түрде тексерістер жүргізіліп, жолсеріктерге жолаушыларды билетсіз тасымалдамау жөнінде ұдайы ескертілетінін айтып, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады деп сендірді. Сондай-ақ жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары қолға алынғанын айтты.
Ал облыстық көліктік бақылау инспекциясының теміржол және су көлігіндегі бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуандық Аяповтың айтуынша, жыл басынан бері 38 жолаушылар пойыздары тексеріліп, 70 жолаушыны билетсіз тасымалдаған 17 жолсерік әкімшілік жауапкер­шілікке тартылған.
Еліміздің сыбайлас жемқор­лыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Маңғыстау облыстық арнайы мониторнгтік топ төрайымы Рухия Алдоңғарова, жолаушылар пойыздарындағы санитарлық жағдайды сынға алып, вагондарды жаңарту қажеттігін, оның орынбасары Әсет Манов құжатсыз, билетсіз және рәсімделмеген жүктерді тасымалдауға тосқауыл қою керектігін алға тартты. Себебі билетсіз жүргендердің арасында аса ауыр қылмыс жасап тергеуден немесе соттан бой таса­лағандардың, қару тасымалдаушы немесе террористік ұйымдар мүшелерінің жүрмесіне кім кепіл. Бұған бюджетке келтірілетін шығындарды тағы қосыңыз.
Агенттіктің облыстық де­партаментінің басшысы жолаушылар пойыздарының бригадирлері мен жолсеріктерді заңда көр­сетілген талаптарды орындап, тәртіпке бағынуға шақырды. «Біздің көздегеніміз сіздерді жазалау емес, керісінше өздеріңізді заңсыз әрекеттерге бармауға шақыру. Рас, қазіргі жағдай мәз емес, сіздердің үстіңізден шағым айтушылар көп. Ортада жүрген делдалдар да анықтала жатар, ол бойынша тиісті органдар айналысатынына күмән болмасын. Ал бұл жағдай жалғаса беретін болса, қызметіңізден босап қалуыңыз ғажап емес. Сол себепті заңды аттамай, тура жолмен жүргеніңіз дұрыс», – деді Нұргүл Жанназарова.
Дегенмен жолсеріктер өзде­рінің қызметтік міндеттерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін өрескел бұзу фактілерін доғаратын емес. Сол себепті қоғам өкілдері билетсіз жолаушылармен күреске бағытталған шараларды әлі де күшейту керек деген ұстанымда.

ЖҰМАҒАЗЫ ОМАРҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру