Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Бағдарлама аясындағы игі істер

Тамыз айының басында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша 116 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.

«Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты республика тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. Бағдарламаның операторларының бірі – «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ еншілес компаниясы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ.
Кезекте тұрған адамдар үшін жалдау құнының 1 шаршы метрі үшін айына 772,7 теңгені құрайды. Пәтер алғандардың арасында көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар бар.
– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламасының «Сатып алу құқы­ғы­мен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты – ең осал санатқа жататын азаматтар үшін баспана мәселесінің шешімі болып табылады. Бұл жүйенің ашықтығы шын мәнінде мұқтаж адамдарға тұрғын үй алуға кепілдік береді, бастапқы жарна мен артық төлемдердің болмауы отбасының қаржылық жүктемесін азайтады. Сонымен қатар, пәтерлер жалға алушыларға таза әрлеуде беріледі, яғни кезекте тұрған адамдар кілттерді алғаннан кейін бірден қоныстана алады, – дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарушы директоры Арман Мұхатов.
Петропавл қаласының жаңа қо­ныстанушыларына Қазбек Байболов көшесі, 69-үй мекенжайы бойынша тұрғын үйден 36 бір бөлмелі, 58 екі бөлмелі және 22 үш бөлмелі пәтер берілді. Пәтерлердің ауданы 39,5 шаршы метрден бастап 78,5 дейінгі шаршы метрді құрайды. Жаңа тұрғындарға пәтерлерінің кілтін салтанатты тапсыру рәсімін қашандағыдай дәстүрлі түрде жаңа үйдің ауласында өткізе отырып, компания өзінің жалға алушылары арасында тату көршілік саясатын жүзеге асырады.
Салтанатты рәсімде жаңа баспа­наға қоныстанушыларды құттықтап, сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов:
– Құрметті жерлестер, бүгінгі күні осындай тамаша себеппен жиналғанымыз үшін қуаныштымын. Бұл үй еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашылық еткен «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынды. Бүгін кезекте тұрған адамдар қоныс тойын тойлайды, олардың ішінде көп балалы аналар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер бар. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында біздің қаламызда тұрғын үй көптеп салынуда. Былтыр біз 1000 пәтер, биыл 1209 пәтер тапсырдық. «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың арқасында отандастарымыз өз өмірлерін сапалы түрде жақсарта алады, – деп атап өтті.
Жылдың соңына дейін облыс орталығы бойынша кезекте тұрғандар арасында «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша тағы 96 пәтер бөлінеді. Қызылжарда аталған бағытты жүзеге асыру қолға алынғаннан бергі екі жылда компания жалпы ауданы 22 121,3 шаршы метр болатын 410 пәтерді пайдалануға берді.
Биылғы жылы «Қазақстан ипоте­калық компаниясы» ИҰ» АҚ республика бойынша 80 мың шаршы метрден астам жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға береді. Компания алдымыздағы қыр­күйек айында Қарағандыда кезекте тұрған адамдарға 65 пәтер, ал Ақтауда 478 пәтердің кілтін тапсырады.
Биыл бағдарлама бойынша елі­міз­дің Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Өскемен, Алматы және Астана қалаларында пәтерлер таратылатын болады.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру