Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Ұлттық банк: Теңге бағамы толығымен еркіндікте

Ұлттық банкте «Қазақстанның ақша-кредит саясаты» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына қатысты соңғы үш жыл ішіндегі жұмысы қорытындыланып, валюта және ақша нарығындағы жағдай, банк секторы және экономиканы кредиттеу мәселелері талқыланған жиынға бас банктің бөлімшелері басшылары, белгілі экономис­тер, қаржы мамандары мен сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин қатысушыларды дөңгелек үстел отырысына арқау болған тақырып аясында атқарылған қаржы реттеушісінің жұмыстарымен кеңінен таныстырып өтті. Ел эко­номикасының орнықты өсуін және халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етудің маңызды шарты ең алдымен инфляция деңгейінің төмен болуы екендігіне тоқталды. Осыған байланысты инфляцияның тұрақты төмен деңгейін сақтап қалу кез келген елдің орталық банкі тарапынан экономиканың орнықты дамуы жолындағы іске қосылар негізгі үлес болып табылады.
– Инфляция бойынша белгі­ленген мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жүргізіп, 2015 жылдан бері инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстанып келеді. Инфляциялық таргеттеу режімі инфляцияның ғана емес, оның құбылмалылығы деңгейін де төмендетуді тиімді қамтамасыз ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді, – деп атап өтті В.Тутушкин.
Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы базалық мөлшерлеме болып табылады. Базалық мөлшерлеменің деңгейі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің ағымдағы, нысаналы және болжамды серпініне, экономикадағы және сыртқы нарықтардағы ахуалға байланысты белгіленеді және инфляция бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізуге көмектеседі. Ақша-кредит саясатының ағымдағы режімі экономиканың тұрақты әрі теңгерімді өсуіне ықпал етеді. 2013-2016 жылдардағы дағдарыс барысында орын алған өсу қарқынының біртіндеп төмендеуінен кейін соңғы уақытта экономика орнықты өсу аймағына өтуде.
– Ақша нарығында жолға қой­ылған құралдардың арқасында ақша нарығындағы TONIA мөл­шер­ле­месінің операциялық таргетінің база­лық мөлшерлеменің белгіленген дәлі­зіне ілесуіне қол жеткізілді. Осылайша, валюта және ақша нарықтарын тұрақтандырып, қаржы нарығының болжамдылығын арттыра алдық. Ұлттық банктің күш-жігері біршама төмендей түскенімен, әлі де болса жоғары болып отырған долларлану деңгейін шектеуде. Депозиттердің долларлану деңгейінің төмендеуі 2016 жылғы қаңтардағы ең жоғарғы 70 пайыздан биыл шілденің қорытындысы бойынша 45 пайызға дейін 24,5 п.т. құрады, – деп атап өтті В.Тутушкин
Ұлттық банк өкілі Қазақстан­ның қазіргі тарихи даму кезеңінде инфля­ция­лық таргеттеу теңгенің еркін өз­гермелі айырбастау бағамымен бірге объективті түрде ақша-кредит саясатының анағұрлым қолайлы режімі болып табылатынын атап өтті.
Отырыс барысында Ұлттық банк­тің монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова еркін өзгермелі айырбастау бағамы­ның қағидаттарын ұстанудың арқасында теңге құнының ішкі және сыртқы түбегейлі фактор­ларға сәйкес келуі қамтамасыз еті­летіндігін атап өтті. Бұл айырбастау бағамының сыртқы күй­зелістерді сіңіріп, экономикада теңгерімсіздіктің жинақтал­мауы­на мүмкіндік береді. Еркін өзгермелі айырбастау бағамына өту төлем балансындағы ахуалдың жақ­саруына мүмкіндік берді. Ағымдағы шот теріс аймақта болғаннан кейін қазір ол іс жүзінде баланста тұр.
– Белгіленген валюта бағамы саясаты сыртқы күйзелістердің әсері нәтижесінде экономикада теңгерімсіздіктерге әкелді. Еліміз Ұлттық банкінің халықаралық резервтерді жұмсай отырып, теңгенің айырбастау бағамын қорғауына тура келді, бұл мәжбүрлі түрде девальвацияға әкелді. 2014 және 2015 жылдары өктемдіктер кезінде тиісінше 22 және 17,7 миллиард АҚШ доллары жұмсалды, – деді өз сөзінде Әлия Молдабекова.


Ол қазіргі уақытта теңге баға­мының толығымен еркін өзгермелі болып табылатындығын, Ұлттық банк өктемдіктер жүргізбейтіндігін атап өтті. Валюта нарығында жүр­гізілген операциялар жөніндегі деректер ай сайын жарияланып тұрады. Өзгермелі айырбастау бағамы жағдайында Қа­зақ­станның әлемдік экономикамен ықпалдасуы сыртқы факторларға, оның ішінде дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуіне байланысты біршама құбылмалы болды. Дамушы елдерде байқалған валюталардың жалпы әлсіреуі АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынастың шиеленісуімен, санкциялармен, Федералды резервтік жүйенің монетарлық саясатымен түсіндіріледі.
– Ұлттық банк Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының валюталық операцияларында пассивті рөл атқарады: Ұлттық қордан трансферттер бөлу бойынша өтінімдер түскен кезде және теңгемен шотта қаржы жеткіліксіз болған жағдайда Ұлттық банк Ұлттық қордың валю­талық активтерін қайта конвертациялайды. Мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасын ескере отырып, биылғы жылы түсімдерде және Ұлттық қордан алынған қаражаттың теңгерімділігі күтіледі. БЖЗҚ-ның валюталық операциялары теңге бағамын белгілеуге айтарлықтай әсер етпейді, – деп түйіндеді сөзін Ә.Молдабекова.
Ұлттық банк өкілдерінің таныс­тыру рәсімінен кейін сарап­тамалық қоғамдастық және БАҚ өкілдерімен пікір алмасу барысында қаржы реттеушісінің нарықпен және жұртшылықпен тұрақты байланысын қолдау мақсатында осындай үнқатысу алаңы – дөңгелек үстел басында мәслихаттар өткізудің маңыз­дылығы атап өтілді.
Өз кезегінде қоғам қайраткері Қ.Домбай құбылмалы айырбастау бағамы қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатының жалғыз дұрыс режімі болып табылатындығын атап өтті. «Соңғы жылдардағы өзгермелілік халықтың ұлттық валютаға деген сенімінен шықпады. Алайда бұл мәселе реттеушінің экономикалық іс-әрекеттері емес, сыртқы саяси ықпалдың факторы», – деп атап өтті ол.
Өзінің де еркін валюта бағамы саясатын қолдайтынын атап өткен экономист А.Наурызбаев, сонымен қатар Ұлттық банк теңгемен номинирленген ұзақмерзімді қаржы құралдарын әзірлеуі қажеттігін айтты.
Қазақстан қаржыгерлері қауым­дастығының өкілі П.Афанасьев өз кезегінде монетарлық және фискалдық саясатты жүргізуге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын тығыз үйлестіру керек­тігін атап өтті.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру