Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

КЕЛЕШЕККЕ – КЕҢЕЮ ЖОЛЫМЕН

ТШО мұнай өндіру көлемін арттыруда

Әлемдегі алып мұнай кеніштерінің бірі – Теңізде көмірсутегі шикізатын өндірумен айналысатын Теңізшевройлдың ел экономикасына үлесі жыл санап артып келеді. Ширек ғасыр бұрын осы тереңде жатқан күрделі кенішті игеруге бел буған кәсіпорын бүгінде мұнай-газ нарығында көш бастап, жалпы еліміздегі мұнайдың үштен бірін өндіріп отыр.

Мұнай өнеркәсібіне ерекше серпін берген Теңіз жобасы экономиканың дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына зор ықпал еткені белгілі.

Жоба аясындағы инвести­ция­лардың мультипликативтік әсері Атырау жұртшылығының тұрмыстық ахуалын көтеруде, бизнестің өркендеуінде мол көрініс тапты. Қаржылық-техникалық ресурстарға, адами капиталға бағытталған бірегей салымдар компанияның халықаралық деңгейдегі келбетін қалыптастырды. Бүгінде ТШО өндіріске жетекші технологияларды енгізудің, қауіпсіз еңбек мәдениетін құрудың, сенімді өндірістік процестерді ұйымдастырудың, қоршаған ортаны қорғау ұстанымын орнатудың жарқын үлгісіне айналды. Бірлескен кәсіпорын жоғары корпоративтік мәдениетпен, озық технологиялармен қатар, елімізге инженерлік-техникалық жобалау, жобаларды басқару, құрылыс пен өндіріс саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан бірегей құндылықтарды әкелді. Бұл қадамдар серіктестікке деген салмақты көзқарастың, шынайы қарым-қатынастың табысты, ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ұласуының айшықты мысалы болды.
Бүгінгі таңда TШO іс жүзінде Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші болып саналады. Кәсіпорын құрылғаннан бері ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржы төлемдері 129 миллиард доллардан асты. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында Қазақстанға төленген тікелей төлемдердің көлемі 3 миллиард АҚШ долларына жетті. Бірінші тоқсанда ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 1,5 миллиард доллар шамасында қаржы жұмсады, оның 936 миллион долларынан астамы Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы аясында жұмсалды. Жалпы, 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 25,5 миллиард долларды құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланған. Осылайша компанияның қазақстандық тауарлар мен қызметтерге инвестициялары отандық жабдықтаушылардың тұрақты қорын дамытуға елеулі ықпалын тигізді.
Кәсіпорын өз қызметінің алғашқы сәтінен бастап қоршаған ортаны қорғау шараларына басымдық беріп келеді. 25 жылдан бері ТШО өндіріс көлемін ұлғайта отырып, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-қимылдарды жалғастыруда. Қауіпсіздік техникасы мен айналаны қорғау жөніндегі барлық жұмыстар халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген. Осы мерзімде жабдықтардың сенімділігін арттыру шараларына жұмсалған инвестициялар зауыттардағы техникалық ақаулар санын, жоспардан тыс және технология бойынша шарасыз жағылатын шикі және қышқыл газ көлемін 99%-ке азайтуға мүмкіндік берді. Өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға жіберілген шығарындылардың көлемі 73%-ке азайды. ТШО күрделі жобаларды жүзеге асыру және жабдықтардың сенімділігі­не жасалған инвестициялар нәтижесінде аталған мерзім ішінде жылдық мұнай өндіру көлемін 2,7 есе арттырды. Кәсіпорын өзге де өнімдерді шығаруға екпін қойып, ағымдағы жылдың бірінші жартысында сұйытылған газ сату көлемін шамамен 704 мың тоннадан асырды. Сондай-ақ құрғақ газ сату көлемін 3,9 миллиард текше метр, ал күкірт сату көлемін 1,2 миллион тоннаға жеткізді.
Ширек ғасырлық қызметінде компания өзін әлеуметтік жауапты серіктес ретінде танытты. Бұл тұрғыда Теңіз жобасы мұнай-газ саласының білікті кадрларын даярлап шығаратын шеберханаға айналды. Осы уақытта өндіріс пен бизнестің түрлі саласында он мыңдаған жас мамандар жетіліп шықты. Егер 1993 жылы компаниядағы қазақстандық қызметкерлердің үлесі 50% болса, бұл көрсеткіш қазір 82,2%-ке жетті. ТШО-дағы жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 63,3%-ін құрайды. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде. Қазақстандық мамандар шешуші басшылық және техникалық қызметтерде шетелдік әріптестерін алмастыруда.


Жергілікті қоғамдастықтың қажеттіліктеріне көңіл бөле отырып, компания өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымының қалыптасуына да белсене атсалысуда. ТШО құрылған кезінен бастап 5 жылға арналған инвестиция көлемі 50 млн доллар болатын, Теңіз жобасы бойынша келісімнің бір бөлігі болып табылатын «Атырау бонус қоры» бағдарламасын жүзеге асырды. Атырау облысының әкімдігімен тығыз әрекеттестікте облыс орталығында және кәсіпорын өндірістік қызметін жүргізіп жатқан Жылыой аудандарында медициналық мекемелерді, инфрақұрылымдық нысандарды жақсартуға бағытталған ең өзекті әлеуметтік жобалар іріктелді. Олардың бәрі уақытында қаржыландырылып, табысты аяқталды. Биылғы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион долларды құрап отыр. Аталған қаржының басым бөлігі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалмақ. Сондай-ақ ағымдағы жылы Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсету мақсатында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион доллардан астам қаржы бөлінді. Жалпы, 25 жылда ТШО өңір халқы мен кәсіпорын қызметкерлерінің игілігі үшін Атырау облысының әлеуметтік жобаларына 1,5 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат салды.
Бүгінде компания Теңіз және Королев кен орындарында өндіріп отырған шикі мұнайдың үлесі елімізде шығарылатын жалпы мұнай көлемінің 34%-ін құрайды. Ал өткен жылы ТШО өзінің құрылған уақытынан бері 3 млрд баррель мұнай өндіріп, кәсіпорын тарихындағы ірі белеске қол жеткізгені мәлім. Биылдың алғашқы алты айында компания 14,7 млн тонна – 117,3 млн баррель шикі мұнай өндірді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,75%-ке көбірек. Нақтырақ айтқанда, 2017 жылдың алғашқы жарты жылында шикі мұнай өндірісі 14,59 млн тоннаны – 116 млн баррельді құраған-ды. Жалпы барланған қоры жөнінен Теңіз кенішінде 3,2 миллиард тонна – 25,5 млрд баррель, ал Королев кен алаңында 200 миллион тонна – 1,6 млрд баррель шамасында мұнай бар деп есептелінеді. Теңіз және Королев кен орындарынан қазылып алынатын мұнай қоры 890 миллионнан 1,37 миллиард тоннаға – 7,1-10,9 млрд баррельге дейін жетеді. Теңіз коллекторының ені 20, ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Осындай орасан көлемдегі мұнай қорын игеру ісі өндірістік қуаттылықты арттыруға арналған ауқымды жобаларды жүзеге асырумен қатар жүрді. Соның ішінде Теңіз кен орнында Шикі газ айдау және Екінші буын зауыты іске қосылып, нәтижесінде кәсіпорында мұнай өндірудің тәуліктік көлемі шамамен 75 000 тоннаға немесе 600 000 баррельге, ал табиғи газ 22 миллион текше метрге немесе 750 миллион текше футқа жеткен болатын. Теңіздегі қуат қарқынын арттырудың келесі сатысы – Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды арттыру жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) болды. 2016 жылы Теңізшевройл серіктестері оны қаржыландыру туралы түбегейлі шешім қабылдады. Осы арқылы серіктестер Қазақстанда бүгінгі және келешек ұрпақтың игілігі үшін ТШО өндірісін тұрақты әрі сенімді түрде дамытуға қолдау көрсететін ұстанымын білдірді. Алдыңғы сәтті жүзеге асырылған жобалардың тәжірибесін негізге ала отырып, Келешек кеңею жобасы өндіріс қуатын жылына шамамен 12 миллион тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттыруды, осылайша мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізуді көздеуде. Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетіп, қолданыстағы 6 кешенді технологиялық желінің кіреберісіндегі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнында жұмыс жасайтын зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жоба аясында көптеген жұмыс орындары ашылып, қазақстандық тауарлар мен қызметтер кеңінен пайдаланылатын болады. Экономикамыз үшін басымдыққа ие жобаның аясында 42 мыңнан астам қазақстандықтар ел ішінде жұмысқа тартылды, бұл жобада жалпы қызмет етіп жатқандар санының 92%-ін құрап тұр. Сонымен қатар ТШО қазақстандық жабдықтаушыларды модульдерді жобалау, сатып алу және дайындау саласындағы қызметтерге белсенді түрде жұмылдыруда. Қазіргі күні 2000-нан астам қазақстандық компания алдын-ала іріктеуден өтіп, соның ішінде 300 компаниямен келісімшарт жасалған. ККЖ-ҰЕҚБЖ аяқталған соң компания жергілікті серіктестерге қалыптасқан халықаралық стандарттарға сай техникалық жобаларды орындау үшін ел ішіндегі кеңейтіліп, жетілдірілген ресурстарды қалдырады. Әлемнің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан ККЖ-ҰЕҚБЖ ғаламдық жобасының өндірістік нысандары модульдер арқылы салынады. Мысалы, Маңғыстау облысының «Ерсай» өндірістік алаңында құрама модуль эстакадалары жасалып жатыр. Дайын модульдер шетелдік өндірістік алаңдардан жүк тиеп жөнелту базаларына жеткізіліп, ол жерден әрі қарай тасымалданады. ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберіндегі жаңа жүк тасымалдау бағдары Ресейдің ішкі су жолдары жүйесі арқылы шетелдік өндірістік алаңдардан жеткізілетін модульдерді түсіріп, Теңіз кен орнына әрі қарай жөнелтуге арналған.
Қазіргі уақытта Теңізде ин­фрқұрылым мен өндірістік нысан­дардың құрылысы толық қарқынмен жүргізілуде. Кен ор­нындағы жинау жүйесін айтар­лықтай кеңейтіп, жаңарту аясында тиісті топталған өлшеу қондырғысы және құбыр желісімен бірге, жаңа шоғырланған өндіру және газ айдау ұңғылары пайда болады. Электр тарату жүйе­сінің инфрақұрылымы электр өн­діретін жаңа және қолданыстағы нысандардың арасын байланыстырып, оның құрамына кіші станциялар, әуе электр желілері мен электр тарату құрылғылары кіреді. Үшінші буын зауыты негізгі өңдіріс нысандарын, энергоқұралдар жүйесін, электр қуатын өндіру жүйесін, қышқыл суды тазарту қондырғысын, құбыр эстакадаларын, алау оты мен көмірсутектерді дренаждау жүйелерін қамтиды. Нысанның құрамында қолданыстағы нысандардың кіреберісіндегі қысымды көтеруге арналған жүйе орналасады. ККЖ-ны пайдалану кезінде күкірт өндіру қарастырылмаған. Құрамында күкіртті сутегі бар ілеспе газ қойнау қабатындағы мұнайдың өнімділігін арттыру мақсатында оған кері айдалады. Шикі газ айдаудың үшінші буын нысаны айдау компрессорларының алаңдарын, тиісті энергоқұралдарды және құбыр эстакадаларын қамтымақ. ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберінде оқыту-даярлаудан өткен білікті мамандар, жаңа нысандар, технология трансферті мен жаңартылған инфрақұрылым түріндегі мол мұра қалыптасады. Жобаның келешек ұрпақты әлемдік дәрежедегі көмірсутегі ресурстарымен қамтамасыз етудегі жалпыұлттық маңызы да осында жатыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру