Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Түбегейлі бетбұрыс тұғыры

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңде посткеңестік кеңістікте аса күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық дағдарыс өршіп тұрған еді. Алып империяның құлауы саяси жүйенің кемшіліктеріне, экономика салаларындағы тоқырауға, ұлтаралық қатынастардағы олқылықтарға байланысты орын алды. Осы орайда Мәскеу зиялы­ларының тоқсаныншы жылдар басында Қазақстан болашағына күмәнмен қарап, жеке мемлекет болып қалыптасуына күдік білдірген пікірлері есіме түсіп отыр. Ұлы істің сыншысы – Уақыт. Шүкір, жасампаздық еңбек, тұрақтылық, бірлік пен татулық арқасында дербестігімізді сақтап қалдық, еліміздің атын әлемге әйгіледік.
Тілге тиек етіліп отырған қиын-қыстау жағдайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев саяси сахнаға көтеріліп, халқымызды тарихи тығырықтан алып шыққанына жеке тоқталуымыз керек. Өйткені, ол әлі де өз үстемдігін сақтап тұрған бұрынғы жүйені жақсы білетін, жаңа қалыптаса бастаған либералдық жүйені де терең зерттеген еді.
Қиындықтарды еңсеру үшін Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы елді дамыту бағдарламасын ұсынды. Саяси және экономикалық салаларда негізгі төрт бағыт таңдап алынды. Біріншіден, формальді-құқықтық тәуелсіздіктен нақты тәуелсіздікке ауысу міндеті қойылды. Екіншіден, бұл кезеңде мемлекеттілікті нығайту стратегиялық бағыт ретінде таңдап алынды. Үшіншіден, жүйелі де кең көлемді экономикалық реформалар жасауға бағдар ұсталынды. Төртіншіден, прагматикалық сыртқы саясат жүргізілетін болды. Қазақстан қоғамын жаңғырту жөнінде алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін 1993 жылы қабылданған Конституцияда мемлекеттік егемендіктің саяси-құқықтық негіздері жасалып, қоғамның материалдық және рухани өмірін жаңғыртудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты қағидаттар бекітілді. Міне, биыл еліміз дамуындағы терең өзгерістер кезеңін бастап берген алғашқы Негізгі заңымызға ширек ғасыр толып отыр. Тарихи құжатты түбегейлі бетбұрыс тұғыры деп атайтынымыз сондықтан.
Қазақстан бірінші болып посткеңестік кеңістікте нарықтық экономика институттарын құрумен қатар мемлекеттік басқару және реттеу секілді әлемдік тәжірибеде мойындалған стратегиялық жоспарлауды таңдап алды. Нәтижесінде, аталған стратегияны жүзеге асыру барысында еліміздің басты даму бағыттары анықталып, тәуелсіздігіміздің тұғыры қаланды. Егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ экономиканы жаңа нарықтық үлгіде қалыптастыру қолға алынды. Еліміздің экономикалық саясаты бұрынғы жоспарлы экономиканы түбегейлі реформалау арқылы еркін нарықтық экономикаға қарай бағыт алды. Елбасы экономика салаларын реформалау үшін алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің заңнамалық негіздерін түбірінен өзгерту қажеттілігін айқындады. Осы жылдар ішінде Президенттің заң күші бар 140-тан астам Жарлығы жарияланды. Олардың аясында ең әуелі меншікті жекешелендіру реформасы іске асырылды. Қаржы жүйесі халықаралық стандартқа сай екі деңгейге көшіріліп, жекеменшік коммерциялық банктер қызмет жасай бастады. Банк жұмысын заңды түрде реттейтін экономикалық тетіктер мен құралдар іске қосылды. Ұлттық валюта – теңге айналымға енді, ол экономикамыздың дамуының қозғаушы күші болды, ел тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуші маңызды құрал болып орнықты. Өндірістік нысандарды жекешелендіру арқылы мұнай, газ саласына шетелдік инвестиция тартылды. Жер туралы заңның қабылдануы нәтижесінде экономикасы дамыған елдердегідей жерге жеке меншік заңдастырылды. Жекелендірулер толып жатқан іркілістерімен жүзеге асты. Сонымен қатар достастық елдерінде алғашқы болып жинақтаушы зейнетақы қорларын құру жүзеге асырылды, қаржы нарығында сақтандыру қорлары, ипотекалық несие беру жүйесі қалыптасты. Еліміз халықаралық қаржы институттарына кірді және экономиканың әкімшіл-әміршіл қағидаттарынан түбегейлі бас тартты. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылған шаралар өзінің оң нәтижесін берді. Реформалардың тетіктері жасалып, инфрақұрылымдар дамып, экономиканың барлық салаларын қамтығаннан кейін елдің келешектегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мақсат-мүддесін белгілеп алу қажеттігі туындады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен еліміздің ұзақ мерзімді даму бағдарламасы – «Қазақстан – 2030» стратегиясы жасалды. Аса маңызды бұл құжат ел өмірінің болашақтағы дамуын айқындап берді. Ел ордасын Астанаға көшіру көрші аймақтардың өндірістік дамуына және жеке кәсіпкерлікті ынталандыруға үлкен ықпалын тигізді.
Қазіргі ұрпақ алдындағы ең маңызды міндет – бастауында Елбасымыз тұрған тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, болашақ ұрпақтарға табыстау, татулық пен бірлікті сақтау. Ол үшін сауатты да білікті ұрпақ тәрбиелеп, шежірелі тарих, мәдени мұра және мемлекеттік тіл сияқ­ты отаншылдық сезімді орнықтыратын ұлттық құн­дылықтарымызды санасына сіңіруіміз қажет. Елі­міздің білім ордаларының көшбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы осынау мерейлі күнді лайықты қарсы ала отырып, рухани қазынаға қомақты үлес қосуда. Біз Ұлы көштің басында тұрмыз, алда бағындыратын белестеріміз, алатын асуларымыз көп. Келешегіміздің кемел, болашағымыздың баянды боларына сенім мол.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру