Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Қазақстанның сүт өнеркәсібі бәсекелесттікке қаншалықты дайын?

Қазақстанның стратегиялық тұрғыда тиімді аумақта орналасуы мен табиғи ресурстарға байлығы сүт өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай әлеует береді.

Ал көршілес елдерде сүт және сүт өнімдерін тұтыну көлемі арта түсуде. Мәселен, Қытайда ол 7,6%-ға, Үндістанда 3,3%-ға, АҚШ-та 2,7%-ға, Оңтүстік Африка Республикасында 8,2%-ға, Еуропалық Одақта 1,8%-ға өскен.
Әлемде құрамындағы табиғи май (>4%) мен белок (>3.3%) мөлшері жоғары сүтке деген сұраныс артып келеді. Өнім өндірушілер сондай-ақ, лактозасыз сүт секілді инновациялық өнімдермен барынша жоғары пайда тауып отыр.
Ал дүниежүзіндегі көлемі жағынан 9-шы орындағы алып аумақты алып жатқан, көшпенді мал шаруашылығы ата дәстүрі болған Қазақстан қазір сүт өндірістерін шикізатпен толық қамтамасыз ете алмайтын күйге жетті. Өндірілген шикі сүттің небәрі 20 пайызы ғана Кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес келеді. Батыстың стандарттары туралы айтудың өзі артық.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақ­станда қазір жылына 5,3 млн тонна шикі сүт өндіріледі. Сүт зауыт­тарының сұранысы 2 млн тонна. Елдегі 150-ден астам сүт өңдеуші кәсіпорын жалпы қуаттылығының 70 пайызын ғана пайдаланып отыр. Сүттің 80 пайызға жуығы, нақты айтсақ, 4,1 млн тоннасы жеке шаруа қожалықтарының өнімі. Ал дүниежүзілік орташа көрсеткіш бойынша жалпы өндірілген сүттің 62 пайызы өңдеуге жіберілетін болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 27%.
Сүт өңдеу кәсіпорындары мынадай қиындықтарға душар болуда: 1. аса өткір шикізат тапшылығы; 2. шикізат үшін бейресми сектормен бәсекелесуге мәжбүрлік; 3. шикізат сапасының төмендігі; 4. шикізат жеткізушілердің тым көптігі (ұсақ тауарлылық); 5. маман тапшылығы; 6. отандық және импорттық өнімдер үшін орталық референттік зертхананың жоқтығы; 7. сүтті өңдеуші кәсіпорындарға жеткізу үшін жүздегем шақырымға сапасыз жолдармен жүруге мәжбүр болу; 8. сүт өнеркәсібін дамыту стратегиясының жоқтығы; 9. тұтынушыларға дұрыс ақпараттың жеткізілмеуі.
Қазақстанда шикізаттың 40 пайызы корпоративтік емес жолмен алынады. Фермерлердің арасында ірі өнім өндірушілер саусақпен санарлық. Ірі сүт өндіруші фермалардың көпшілігі маман тапшылығы, субсидия есептеу әдістемесінің айқын болмауы, жер мен суға қолжетімсіздік, құбылмалы ауа райының әсері секілді проблемаларға тап болады. Ұсақ және орташа деңгейдегі фермалар жергілікті асыл тұқымды мал түлігіне қол жеткізе алмайды. Ал жеке шаруа қожалықтарында ақпарат көздеріне, кейбір ауылдарда жайылымға және сапалы жемге қолжетімсіздік, өздерін қосалқы құн тізбегіне қатысушымыз деп санамауға байланысты сенімсіздік тәрізді проблемалар бар.
Ал сүт алыпсатарларының көбі­сінде арнаулы білімсіз, ақпаратқа қолжетімсіздік, Кедендік одақтың техникалық регламенті дегеннің не екенінен мүлдем бейхабарлық, оны білуге деген құштарлықтың болмауы, ауқымды айналым капиталына деген сұраныс, әрбір шаруа қожалығымен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлік тау­қыметтері ұшырасады.
Осындай жағдайда мал және ауыл шаруашылығы ата кәсібі болған Қазақстан сүт және сүт өнімдерін шетелдерден импорттауға мәжбүр. Ел ішінде тұтынылатын сүт мөлшері 5,8 млн тоннаны құрайды. Тұтынымның 11,8 пайызы импорттың үлесінде.
2016 жылы Қазақстанға құрғақ сүт, ірімшік және сары май импортталған. Импорттың жалпы көлемі 126 мың тоннаны, жалпы құны 207 млн долларды құраған. Өнімдер негізінен РФ (42%), Украина, ЕО және Беларусь (әрқайсысы 20%-дан) елдерінен жеткізілген. Сондай-ақ, 16 млн долларға 24 мың тонна мөлшеріндегі ашытылған сүт өнімдері мен сұйық сүт экспортталған. Ақшалай есептегенде сүт өнімдері импортының құрылымы мынадай: қантты сүт, қаймақ және қойылтылған сүт – 41%, ірімшік – 27%, қаймақ майы – 13%, ашытылған сүт өнімдері 11%, қантсыз сүт, қаймақ және қойылтылған сүт – 5%, сүт сарысуы – 3%.
Әлемдік нарықтағы сүт бағасы 2014 жылғы 40 АҚШ долларынан төменгі деңгейге дейін күрт төмендеуден кейін қазір өсе бастады. 2017 жылғы тамыздағы жағдаймен сүттің бағасы 38,6 долларды құрады. Бағаға барынша әсер ететін факторлар: жұмыс күші мен жемнің бағасы; табиғи зілзалалар мен ауылшаруашылық саясаты болып табылады. Сүт пен жем бағасының барынша құбылмалылығы – сүт бизнесіне әсер етуші шешуші факторлар.
Елдегі сүт өңдеуші кәсіпорындар­дың басым бөлігінің тиімділігі төмен, олар өзіндік құнды оңтайландыруы қажет. Өзіндік құнның құрамындағы жемнің алатын үлесі Европа елдерінде 40-60%, аридті елдерде 70-90% құрайды. Қазақстанда жайылымдарды пайдалану төмен бағаға дәмді әрі қауіпсіз өнім өндіруге жәрдемдесуде.
«Өкінішке орай, Қазақстанға кейінгі жылдары шетелдерден көп мал импортталды. Олар, әрине, жайылымдарға жіберілмейді. Жайылымдар пайдаланылмаса, жарамсыз болып қалады. Ал биологиялық түрлілікті сақтамасаң, генетикалық база құрдымға кетеді. Екінші жағынан, жайылым пайдаланылған жағдайда, мал өрістетілетін маусымда жемге жұмсалатын шығындар кем дегенде 2 есе азаяды. Біз сол себепті жайылымды пайдаланудың жағындамыз. Бірақ жайылымды да күтіп-баптау қажет. Жайылымдық айналымды арттыратын қарқынды тәсілдер бар. Ал Қазақстанда мұнымен қазір ешкім айналыспайды. Елдің бәрі кооперативтер мен гольштейндерге жаппай лап қойды», – дейді БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы (ФАО) Инвестициялық орталығының агробизнес жөніндегі жетекшісі Инна Пунда.
Сүттің өзіндік құны мен оның сапасы – саланың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Қазақстанда сүттің өзіндік құны 100 литрі үшін 18 долларды құрайды. Бұл Еуропа, солтүстік және оңтүстік Америка елдерімен салыстырғанда біршама төмен. Сүт – нарықтағы игерілмеген өнімге жатпайтындықтан, арзан болған сайын жақсы. Тиімділікке қол жеткізуге малды дұрыс жемдеу мен ауқым әсері септігін тигізеді. Өндірілген сүттің 80 пайызы үлестеріне тиетін жеке шаруа қожалықтары малды тек ұнтақталған арпа және кебекпен жемдейді. Жоңышқаның шөбі, төп, жом секілді жем түрлерін олардың қалтасы көтермейді. Фермалардың барлығы бірдей мал жемінің азықтық сұраныстарын қамтамасыз ете алмайды. Жем қоймасын салу үшін жер және инвестиция қажет, ал бұған фермерлердің көбісінің шамасы жете бермейді. Сол себепті сүт зауыттарына шикізат жеткізушілерді келешек сүттің есебінен құрама жеммен қамтамасыз ету бойынша жылдық шарт бекіту ұсынылып отыр.
«Фермерлердің басым бөлігі жемнің рациондық теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін көп ақша жұмсайды. Бұл – жемге қатысты тағы бір проблема. Бұл іс жүзінде анау айтқандай күрделі шаруа емес, адамдар өздерінің де шамасы жететін дүниеге ақша жұмсап отыр деген сөз. Ол үшін үкіметтен субсидия сұрайды. Ал субсидия ерте ме, кеш пе, таусылады, оны алғандар бейнебір зомби секілді. Субсидиялар мүлдем тиімсіз. Біз әрине, ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидияларды алып таста деп айта алмаймыз. Бірақ оны белгілі бір межеден асқан нәтижелі шаруашылықтарға беру керек деп ойлаймыз. Мәселен, егер мал шығынға ұшырамаса, субсидия беріп, ал егер шығын шықса, «барып біліміңді жетілдір» деп кері қайтару қажет. Келешекте мұндай субсидиялардың болмайтыны және мемлекетке осындай субсидиясыз-ақ, бәсекеге қабілетті болудың қажеттігі түсінікті. Олай болмағанда, бұл мүлдем бәсекеге қабілеттілік емес»,- дейді ФАО өкілі.
Сарапшылар Кедендік одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын нарық қатысушыларының барлығына қатысты қолдануды ұсынады. Ол үшін кезең-кезеңмен стандарт талаптарына сәйкестікке көшу жоспарын жасау, бұл ақпаратты нарық қатысушыларының барлығына жаппай жеткізу, жағдайды бақылауға алу қажет. Сапа стандарттарын қолдану сүт өндірушілерді өзара бірі­гуге алып келеді, деп санайды сарапшылар.
Талдаушылар атап отырған тағы бір саланың проблемасы – дұрыс шешім қабылдауға көмек болатын шынайы ақпараттың барынша жетімсіздігі. Қай жерде қанша сүт өндірілетіндігі, оның сапасы қандай екендігі, жер телімдерін пайдалануға қатысты жағдайға, жайылымдардың, топырақ қабатының жағдайына, ауылшаруашылығы зиянкестерінің таралуына, жергілікті метеорологиялық ахуалға қатысты ақпараттар өте аз. Ал ертеңгі күнді білмейінше, фермер инвестиция сала алмайды. Инвестиция салмаса – шикізат базасы дамымайды. Шикізат жоқ жерде өнеркәсіп те жоқ.
Осыған байланысты шикізат өндірушілердің орналасқан жерлерінің нақты картасын жасау, сүт бойынша орталық референттік зертхананы нақты айқындау, сүттің сапасына қатысты мәліметтер қорын жасақтау, әрбір инвесторды жердің пайдаланылуына (өңірдің даму жоспарына) қатысты ақпаратқа қолжетімділікпен қамтамасыз ету, жерді пайдалану, жайылымдар мен ауыл шаруашылығы зиянкестерінің таралуына қатысты ақпаратты сандық жүйеге көшіру қажеттігі туындап отыр. Шикізат өндіру көлемі мен тиімділігін анықтау үшін бөлінетін субсидияларға байланысты ақпаратты ашу талап етіліп отыр.
Нарық қатысушыларының бар­лы­ғы бірдей сапа стандарттарына сәйкес жұмыс істеуде. Корпоративтік емес арна дамыған және алақол өнім өңдеушілер ауырған малдан алынған және құрамында антибиотик бар сүтті өңдеуге қабылдап алады. Ал мемлекеттік органдар мұндай әрекеттерді анықтауға және жолын кесуге әрекет жасап отырған жоқ. Сапасыз әрі қауіпті шикізат ныраққа шығу арқылы халықтың денсаулығына нұқсан келтіруде. Ал сапа стандарты – саланың даму негізі.
«Қазақстанның сүт өндірушілерінің одағы» заңды тұлғалары бірлестігінің сарапшысы Лидия Михееваның айтуынша, әрбір сүт тапсырушы сүттің сапасын сақтағаны үшін қосымша сыйақы алып, ынталандырылған жағдайда ғана сүттің сапасын жақсарту бағытында ілгерілеушілікті байқауға болады. Сүт қабылдау пункттерінің функциялары қазіргі сүт тек көлеміне қарай ғана қабылданып, бір ыдысқа жаппай құйылатын және сүт тапсырушылардың барлығы бірдей баға алатын сүт жинаушы жеке кәсіпкердің функциясы деңгейінде ғана шектеліп қалмауға тиіс. Сүт қабылдау пункттерінің субсидия берілетін құрал-жабдықтарының тізбесіне сүттің сапасын анықтау құралының енгізілуі кездейсоқ оқиға болмаса керек.
Елде кооперативтер мен олардың мүшелері үшін кепілсіз және бастапқы жарнасыз сүт тасу көліктері мен тазарту, тоңазыту, сүтті есепке алу құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған модульдық сүт қабылдау пункттерін сатып алу схемасы қолданылады. Алайда, мұндай шаралар мен шығындардың барлығы кәсіби білікті көзқарас және адами фактормен нығайтыла түспеген жағдайда күткен нәтиже мен тиімділікке алып келмейді. Бұған сүт өңдеу кәсіпорындары да біршама ықпалын тигізе алады. Олар бұл үдеріске өзара тиімді негізде келісім-шарттық міндеттемелер жүктеп алу арқылы қатыса алады. Сонда ғана өнім өңдеуші жоғары сапалы сүт, ал кооператив жоғары сапалы сүт үшін жоғарырақ құнға қол жеткізе алмақ. Бұл ретте сатып алу бағасы сүттің құрамындағы майдың, белоктың салмақтық үлесіне және басқа да физикалық-химиялық, микробиологиялық көр­сеткіштеріне қарай міндетті түрде түрліше белгіленуге тиіс және жеткізілім шартының мазмұнын ауыл шар­уашылығы кооперативтерінің жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып дәйектеп толықтырудың маңызы зор, дейді одақ маманы.
Сүт өңдеушілердің алдында органикалық сүт шикізаты болған жағдайда органикалық өнім өндіруге дайын болу, мал шаруашылығы мамандарын органикалық сапалы сүт өндіріп жеткізуге және сондай өнім шығаруға септігін тигізуге материалдық тұрғыда ынталандыру механизмдерін ойластыру міндеттері тұр.
Саладағы тағы бір өткір проблема­лардың бірі – агрономдар, мал дәрігерлері, селекция мамандары, ферма басқарушылары секілді жергілікті мамандардың барынша тапшылығы.
Бұған қоса фермерлерге қолдау көрсету қызметтерін құру қажеттігі туындап отыр. Ол үшін алып пайдаланатын үздік халықаралық тәжірибе мен жергілікті шешімдер жетерлік.
Ол үшін жоғарғы білікті жергілікті мамандардан команда жасақтап, аграрлық сүйемелдеу орталықтарын құру қажеттігі артып отыр. Өйткені, фермен не істеймін, нені және қайдан сатып аламын деп әр нәрсеге басын қатырмай таза фермерлікпен шұғылдануға тиіс. Сол себепті зауыттардан бастау алатын пилоттық жобаларды жүзеге асыру және зауыттардың төңірегінде кластерлерді дамыту Қазақстан үшін аса өзекті.

Жанбота ТӨЛЕГЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру