Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Озық жүйе құруды жеделдету қажет

Елбасының биылғы Жолдауында цифрлық дәуір, технологиялардың дамуы, жалпы төртінші өнеркәсіптік революция аясындағы мемлекет дамуының нақты бағыттары белгіленді. Бұл ретте жалпы экономикаға, мемлекеттік басқару саласына технологияларды енгізіп, дамытуға баса назар аударылып отыр. Демек, жарқын келешекке жасалған нақты бағытта экономиканы дамытуға жаңа инновациялық ізденістер арқылы қол жеткізу, жетістіктер мен озық технологияларды енгізу қажеттігі туындаған. Сондықтан өскелең ұрпақтың білімі мен қабілетіне ерекше көңіл аудару – жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы үшін негізгі міндет.

Бүгінгі күні жастардың техникалық және кәсіптік білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшу арқылы келешекте кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегі қалыптаспақ. Осы орайда мемлекеттің жастар тәрбиесіне, олардың бiлiмді және ақпараттық технологияны жан-жақты меңгерген қабілетті маман болып қалыптасуын дамытуға қойылатын талаптары да жоғары болмақ. Сондықтан әлемдік тәжірибе негізінде және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды ескеру арқылы білім беру бағдарламаларының ғылыми сипаты мен тереңдігін, ғылыми-зерттеу бағыттарының оқыту жүйесін жаңғыртуды айқындап отыр.
Елімізде ғылым мен білімнің ықпалдасу жағдайы ЖОО біріккен қызметінің әртүрлі нысандарымен сипатталады. Бастысы – ғылыми зерттеулер аясындағы ғылыми жобалар мен оқу бағдарламаларын жасап шығару және жүзеге асыру, оқу және өндірістік тәжірибе, шетелдік, ТМД және отандық ғылыми зерттеу институттарының алдыңғы қа­тарлы ғалымдарын дәріс оқуға тарту, студенттердің дипломдық жұмыс­тарына жетекшілік жасау, магистранттар мен докторанттардың зерттеу жұмысын бірігіп дайындау, коммерциализациялау болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, оқытудың инновациялық формаларын оқу үрдісінде пайдалану ғылыми зерттеулердің тиімділігінің артуына ықпалын тигізеді. Бұл тұрғыда еліміздегі ғылым мен білімнің ықпалдасуының бүгінгі күнгі мақсаты – ұлттық инновациялық жүйені және жалпы ел экономикасын бәсекеге қабілетті маманмен қамтамасыз ету. Жоғары оқу орындарында оқыту үрдісін жетілдірудің негізгі әдістерінің бірі – ғылым мен өндірістің ықпалдасуы. Мұндай ықпалдасу синергетикалық әсер беріп, теориялық мазмұндағы дәрістердің, зертханалық немесе практикалық жұмыстардың және жалпы семинарлардың сапасының артуына қарқын береді.
Дегенмен, білім мен ғылымның ықпалдасуын жетілдіру үшін оқу орындарындағы зерттеу жобаларын коммерциализациялау ғылым дамуының мақсатын анықтап бе­руі қажет. Қазіргі кезеңде ғылыми-педагогикалық кадрлардың ел­дің инновациялық дамуына бел­сенділігінің төмен болуы және олардың ғылым, экономиканың нарықтық шынайылығына бейімделуі жағдайдың ерекше шиеленісін тудыруы мүмкін. Оқу орындарының оқыту үрдісінің білім жүйесі негізінен пәндік білімдерді игеруге бағытталған дәстүрлі білім беру моделін жүзеге асырып жатқандықтан, технологиясы дамыған жаңа жағдайлар дайындығындағы болашақ маман ертең қандай сұраныста болатынына бағытталуы керек. Демек, ұлттық экономиканың барлық салалары үшін құзыретті және бәсекеге қабілетті мамандарды кәсіби дайындықпен қамтамасыз етуде Қазақстан Рес­публикасындағы жоғары білім маңызды рөл атқаратындығы анық. Алайда, көптеген жұмыс берушілерді ЖОО түлектерінің дайындық деңгейі қанағаттандырмайды. Білім беру бағдарламалары барлық жағдайда бірдей жұмыс берушілер сұранысына жауап бере алмайды және экономика қажеттіліктеріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан университет қабырғасынан студенттер мен магистранттарға қолдау шараларының жүйесі нақты түрде оның негізгі үш тобының: жоғары курс студенттері, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың ерекшеліктерін ескеруі қажет. Егер студенттерді, магистранттарды және тіпті докторанттарды қызметтің мүмкін болатын саласы ретінде ғылыммен қызықтыру керек болса, онда жас ғалымдарға олардың қызметіне қолдау жасалатын арнайы шаралар жүйесі қажет. Сонымен қатар жеке материалдық көмек олардың дербестігін ынталандыра алатын және ғылыми басқаруды үйренуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық шаралар да маңызды.
Бүгінгі таңда жастарды ғылымда зерттеушілік қызметке баулу мәселесі өткір болуы шарт. Жастарда ғылымға деген қызығушылықтың пайда болып, сақталуы үшін оқытушылардың бір мезгілде белсенді түрде зерттеушілік қызметті оқу процесімен байланыстырып жүргізетіндей болуы шарт. Елімізде бұл мәселеге жеткілікті назар аударылуда. Елбасы ғылымда сабақтастықты сақтауға шындап кірісуге нұсқаулар беріп, еліміздегі ғылымның дамуы мәселесінің маңызды жағы – әлемдік инновациялық трендтерге сай болып келетін ғылыми-инновациялық жұмыстардың мазмұны екендігін баса айтқан болатын.
Білім беруді дамытудың мемле­кеттік бағдарламасында негізгі өл­шемдер мен реформалар кезеңдері айқындалды. Енді білім берудегі басты нысана болашақ түлектердің құзыреттілігі мен дағдыларына бағытталады. Яғни, білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына білім беру сапасы бойынша да, кәсіби біліктілігі жоғары маман даярлау жоспарына да толық көлемде де жауап беруі қажет. Еңбек нарығында басшылыққа алынатын білім беру бағдармаларының деңгейі жоғары білім беру тиімділігі және даярлау сапасының негізгі көрсеткіші болып табылатындықтан, кәсіби білім беру үрдісінің өзгеруін ескере отырып, еңбек нарығының сұранысына нақты әсер етуі керек. Қызметкерлерден құзыреттілікпен қатар қайта оқу қабілеттілігі, әмбебаптық, бейім­делгіштік, әртүлі ұжымда жұмыс істей алу, жаңа технологияларды тез меңгеру талап етіледі. Осыған байланысты оқыту әдістемелері және оқу үрдісін ұйымдастыруда жаңашылдық таныту қажет.
Жұмыс берушілер жоғары оқу орнында мамандарды даярлаудың мақсаттары мен нәтижелерін айқындайтын мүдделі тарап болған­дықтан, білім беру міндеттері мен мазмұнын айқындайтын бағдар­ламалар жасау өзектілігі күшейді. Шын мәнінде алып қарайтын болсақ, білім беруді дамытуға екі тең құқылы тарап қатысуы керек. Бүгінде осы мәселе көтеріліп, жоғары оқу орындары «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жұмыс берушілерді тартумен білім беру бағдарламаларын бағалау жұмысын жүргізуде. Білім беру бағдарламаларын бағалау жұмыс берушілердің талаптары мен салалық ерекшелігі бойынша жоғары білім жүйесімен танысуға, соның ішінде: білім беру бағдарламаларын бағалау негізінде білім алушылар мен жұмыс берушілерге еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру қызметін ұсына алатын мамандықты, оқу орнын таңдауға, білім беру бағдарламаларына деген қажеттілік пен сұранысты ескере отырып, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде шешім қабылдау мүмкіндігін арттыруға, білім беру бағдарламаларын өзектендіру және ЖОО-ның жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситеті – инновациялық бағыттағы элиталық жоғары оқу орны, Қазақстан мен Орталық Азиядағы аграрлық білім саласының көшбасшысы және агроөнеркәсіп саласына мамандар даярлайтын университет болғандықтан, ғылымның заманауи даму негізінде мамандарды ғылым мен білімді, өндірісті ұштастыра отырып даярлауды мақсат етеді. Осы мақсатқа жету үшін оқу жоспары, бағдарламалар жұмыс берушілермен бірге әзірленген. Оған мысал, «Гидротехника, мелиорация және бизнес» факультетіндегі «Есеп, аудит және қаржы» кафедрасы 15 жұмыс беруші орын – банктік мекемелер, қаржылық ұйымдар, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен келісімдер жасап, көзделген шараларды іске асыруда. Сонымен қатар жұмыс берушілер талабына сәйкес оқу бағдарламалары ықшамдалып, студенттердің таңдау пәндеріне аса көңіл бөлінген. Сондықтан орындалып жатқан іс-шаралар жас ұрпақтың игілігіне және агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуына мүмкіндіктерді ашады. Яғни, 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруға кепілдік береді.

Ажар БЕЙСЕНБАЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Құралай ЕЛТАЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
«Гидротехника,
мелиорация және бизнес»
факультетінің аға оқытушылары


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру