Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Жаңа мүмкіндіктер алаңы

Алматы облысының Сарқан ауданында іскер әйелдердің алғашқы форумы өтті. Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған жаңа форматтағы жиында бас қосқан бизнес-ханымдар дамудың тың мүмкіндіктерін талқылады.

Сарқан қаласында «Жаңа мүмкін­діктер алаңы» тақырыбымен өткен жиынға алпысқа тарта әйел кәсіпкер қатысты. Форум әйел кәсіпкерлігін ынталандыруға, жеке ісін ашуға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Маңызды шараға Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің басқарма мүшесі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Іскер әйелдер кеңесінің хатшысы, облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков, сонымен қатар «Даму» қоры, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «Coca Cola» АҚ, «Halyk bank» АҚ және жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
Форумның құрметті қонақтары ретінде ауданның тумасы «Aigul Line» компаниясының басшысы Айгүл Жансерікова мен танымал режиссер Жансая Көпбаева шақырылды.
Шараның алдында әйел кәсіпкер­лердің табысты жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
– Бизнес ірі қалалар мен аудан орталықтарында қарқынды дамып келеді. Біздің міндетіміз – шалғай ауылдардағы белсенді әйелдерге өз ісін бастауға жәрдемдесу. Ал белсенді әйелдеріміздің саны аз емес. Оқытып, тиісті кеңес берсек, кез келген үй шаруасындағы әйел кәсіпкерлік саласында жетістікке жетуі әбден мүмкін. Сол үшін бүгін әрбір ауылдық округтерден кәсіпкерлерді жинадық. Олар өз кезегінде басқа да ынталы әйелдерге кәсіпкерлік негіздерін үйретеді, ақыл-кеңестерін айтып барады, – деп атап өтті Сарқан ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Кенжетай Тазабекова.
Сарқандық әйелдерге кооперативке бірігудің тиімділігі жөнінде де түсіндірілді. Әйел кооперациясының мүмкіндіктері мен болашағы туралы Ақсу ауданы Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Бағлан Нарышева кеңірек айтып берді.
Іскер әйелдер форумы барысында даму институттары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысушыларды жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстырып өтті. Соның ішінде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің «Қазақстанның халық банкі» АҚ және Еуразиялық топпен бірлесе жүзеге асыратын әйел кәсіпкерлігі субъектілерін шағын несиелендіруге бағытталған біргей бағдарламасының орны зор. Бағдарлама аясында 5%-дық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік бар.
Форумның маңызды бөлігінің бірі – табысқа жеткен кәсіпкерлердің өз тәжірибелерімен бөлісіп, мақсатқа жету жолындағы табандылық, кездескен қиыншылықтарды жеңе білу туралы ой-пікірлерін ортаға салуы болды. Ұдайы ізденіс пен талпыныс, табанды еңбектің арқасында өз мақсатына қол жеткізген осындай іскер жандардың бірі – Сарқанның тумасы, «Aigul Line» компаниясының басшысы Айгүл Жансерікова. Ол кезінде эколог мамандығын қолөнерге ауыстырып, киіз басумен айналысып кеткен. Кәсіпкердің еңбегі мен талпынысы арқасында бүгінде ол жетекшілік ететін кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге танымал.
– Өзіңе және өз күшіңе сеніп тұрсаң, бұл жеке ісіңді бастауға арналған шақ. Сондықтан тәуекелге барып, жеткен жерден тоқтап қалмау қажет. Бизнес ізденіс пен дамуды, адалдықты талап етеді, – деді Айгүл Жансерікова.
Іскер әйелдер кеңесінің хатшысы, облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева ұйым қызметіндегі стратегиялық бағыттар мен жоспарлар туралы ой бөлісті.
– Іскер әйелдер кеңесі жергілікті жерлерде әлеуметтік мәселелер бойынша негізгі сабағаттық-кеңесші органға айналып, әйелдерге жан-жақты қолдау білдіретін нәтижелі ұйымға айналуы тиіс. Жыл басынан бері түрлі бағыттар бойынша 20-ға жуық семинар-тренинг, шеберлік сабақтарын өткіздік, – деді Алмагүл Оңғарбаева.
Форумда сөз алған Сарқан ауда­нының әкімі Ерғазы Қошанбеков әйел кәсіпкерлерге ауданның дамуы мен жеке кәсіпкерлікті дамытқаны үшін алғысын білдіріп, ұйымдастырылған шараның тәжірибе мен пікір алмасуға арналған тиімді алаң болғанын атап өтті. Қазіргі таңда ауданда 2531 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның 49,3 пайызын нәзікжандылар басқарады екен.
Шара соңында ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуына қо­мақты үлес қосып келе жатқан бизнес-ханымдар алғыс хатпен марапатталды.

ДИАС БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру