Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Қола жүлдеміз көп

Әзірге алғашқы ондықтамыз

Индонезия астанасы Джакарта мен Палембанг қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеге 18-ші Жазғы Азия ойындарында 7 алтын, 8 күміс, 28 қола (барлығы 43 жүлде) еншілеген Қазақстан құрамасы алғашқы ондыққа кірді. Алғашқы үштікке Қытай (86 алтын, 62 күміс, 43 қола), Жапония (43 алтын, 36 күміс, 57 қола) және Оңтүстік Корея (28 алтын, 36 күміс, 42 қола) Азияның экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттері орналасқан. Индонезия құрамасы 22 алтын, 15 күміс, 27 қола жүлдемен сенсация жасап төртінші орында келе жатыр. Осылайша алаң қожайындары бесінші орында келе жатқан Ираннан (17 алтын, 15 күміс, 15 қола) 5 алтын жүлдемен алда тұр.

Сайыстың велоспорт түрі бойынша сынға түскен Алексей Луценко топтық жарыс кезеңінде әрі жекелей сында да өзін Азиядағы ең мықты велошабандоз екенін дәлелдеді. Ол 40 шақырым жолды 55:37:13 уақыт жүріп өтіп, Азиаданың екінші алтын жүлдесін жеңіп алды. Осылайша, Алексей Луценко Азия ойындарында екі дүркін жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды.
Джиу-джитсу спортының өкілі Дархан Нортаев (62 келі) ел қоржынына төртінші алтын жүлдені салды. Д.Нортаев финалдық айқаста Біріккен араб әмірліктерінің спортшысы Омар әл-Фадлиді жеңіп, джиу-джитсудан қазақ спортшылары арасында тұңғыш Азия ойындарының чемпионы атанды. Себебі джиу-джитсу спорты Азиадаға биыл ғана қосылды. Ал күміс жүлдені Денис Евсеев пен Александр Бублик жеңіп алды.
Каратэші Гузалия Ғафурова Азия ойындарының чемпионы атанды. Финалда қытайлық спортшыны 2:0 есебімен жеңді. Бұл Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы алтыншы алтын медалі еді.
Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы Азия ойындарының чемпионы атанды, ел қоржынына Азиаданың жетінші алтын жүлдесін салды. Бұл сында ел намысын Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова қорғаған болатын. Құрамадағы қыздарымыз 159.850 жалпы ұпай жинап, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды.
Суға жүзуден Қазақстан командасы эстафеталық сында қола жүлдегер атанды. 400 метрге кешенді түрде жарысудан Қазақстан намысын Дмитрий Баландин, Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин мен Александр Варакин қорғаған болатын. Қазақстандық команда 3:35.62 уақыт көрсеткішімен үздік үштікке енді. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония спортшылары иеленді. Сонымен қатар жекелей сында жүзгіш Әділбек Мусин де қола медаль еншіледі. Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзу жарысында 23.73 секунд нәтижемен үздік үштікке ілінді. Алтын медальды сингапурлық Олимпиада чемпионы Джозеф Скулинг иемденді – 23.61. Ал күміс медальды 23.65 секунд нәтижесімен қытайлық Пенг Ван еншіледі. Қазақстандық жүзгіштер осымен екінші рет қола медаль алып отыр. Бұған дейін Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жекелей сында қола жүлдені қанағат тұтқан еді.
Қазақстандық үш боксшы Азия ойындарының ширек финалына шықты. 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев (56 келі) қарсыласы тайлық спортшы, 2015 жылғы Азия чемпионы Чатчай Бутдимен жұдырықтасу кезінде осалдық танытты. Бұл – команданың алғашқы жеңілісі. Тайлық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңімпаз атанып, Ерәлиев финалдың 1/8 кезеңіндегі алғашқы жекпе-жегінен кейін Азиада ойындарынан шеттетілуге мәжбүр болды. Азиададағы Қазақстан құрамасының жалауын көтерген Әділхан Аманқұл (75 келі) төрешілердің бірігіп қабылдаған шешіміне сәйкес, жекпе-жектің үш кезеңінде де басымдық танытып, Таиландтың тағы бір өкілі, қарсыласы Афист Ханхокруеаны 5:0 есебімен тізе бүктірді. Медаль үшін күресте тағы бір жеңіске жеткен қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов (49 келі) болды. Спортшы жапониялық Томоя Цубоиді 3:2 есебімен жеңіп шықты. 1/8 финалда Қазақстан құрамасының жекпе-жектерін Бекдәулет Ибрагимов түйіндеді. Боксшы қытайлық Гуан Ваннан 5:0 есебімен басым болды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру