Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

ЕЛІМІЗ ӘЛЕМГЕ АЛТЫН АСТЫҒЫМЕН ДЕ ТАНЫМАЛ

Мақсат – сол астықты шашпай-төкпей жинап алу

Әлемге жер қойнауы байлығымен ғана емес, жайқалтып егін өсірген еліміз алтын астығымен де танымал. Қара күз бен қыс-көктем жер баптап, дән сіңіріп, жаз тілеуі көктеген егіннің үстінде болған диқан қауымы бүгінде толысып, піскен егістікке орақ салды.

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің мәліметтеріне сәй­кес, дәнді дақылдар жинауға шілденің ортасынан кіріскен оңтүстік өңірлерде қазіргі күні егін орағы аяқталуға жақын. Егіннің 95 пайыздан астамын жинап алған Жамбыл және Түркістан облыстарында орташа өнім шығымдылығы гектарына 21 центнерден айналды.
Егін шаруашылығының экспортқа шығарылатын басты өнімі – қатты сұрыпты бидай өсіретін еліміздің негізгі астықты өңірлерінің диқандары жаңа егінге күз туа орақ салып, ауа райының қолайлы жағдайында қазан ортасына жеткізбей аяқтауды жоспарлап отыр. Сейсенбідегі үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл өңірлерде егін орағына түсетін техника сақадай сай тұрғанын атап өтті. Бұл күнде егін жинау науқаны Орталық өңірлерде, Батыс және Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында өріс алды. Осыған дейін егін жиналған алқаптардың әр гектарынан 18,1 центнерден өнім алынып, екі миллион тонна астық бастырылған.
Биыл республика бойын­ша 15 миллион гектар дәнді дақылдар егістігінен 20 мил­лион тонна көлемінде ас­­тық жиналады деп болжануда. Әрине, бұл ылғал мардымсыз болған биылғы жыл үшін жақсы көрсеткіш. Дегенмен маңдай термен өсірілген астықтың дер уақытында жиналмай, қар астында қалып қойған кездері әлі ұмытыла қойған жоқ. Осындай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін алтын астықты жауын-шашынға ұшыратпай, барынша қысқа мерзімде ысырапсыз жинап алудың маңызды шарты – диқан қауымының қолында дизелдік отынның жеткілікті болуы. Өнім ысырабына жол бермеудегі тағы бір маңызды мәселе – астық сақтау орын­дарының талапқа сай тех­никалық жарақтандырылуы. Осы ретте биылғы шілде-қазан аралығындағы жиын-терім жұмыстарына 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінген. Шілде айына бөлінген көлем өңірлерге толығымен жеткізіліп, тамыз айына арналған жанар-жағар май үшін (110 мың тонна) ақы төленген. Павлодар облысын­да егін жинау жұмыстары­на арналған арзандатылған жанар-жағар майды электрон­ды бөлу және өткізу бойынша қанатқақты жоба іске асы­рылған. Мұнда көлемдер айқын, кезек тәртібімен, танаптардың электрондық картасына және егістіктердің ғарыштық мониторингіне байланысты бөлінуде.
Еліміздегі жалпы астық сақтау сыйымдылығы 26,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық сақтау кәсіпорындарында – 13,7 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде – 13 млн тонна. Өткен жылдардан қалған астықты ескере отырып, бұл болжанған өнімді сақтауға жеткілікті екендігі айтылды. Яғни жаңа егіннің астығын жинап, қабылдауға дайындық тас-түйін. Ендігі мәселе – алтын дәннің алқаптан қыр­манға, қырманнан қам­баға дейін кідіріссіз жетіп, жауап­ты науқанның жұмылған жұ­дырықтай ұйымшылдықпен атқарылуында.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру