Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Тапсырмалар дер кезінде орындалуы тиіс

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ағымдағы егін жинау жұмыстары, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, сондай-ақ алдағы жылыту маусымына және жаңа оқу жылына дайындық жайы пысықталды.

Соңғы күндері толассыз жауған нөсердің салдарынан Астанадағы бірқатар көшелер көлкіген судың астында қалды. Көшедегі қозғалыс қиындап, жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелері зардап шекті, қоғамдық көлік қозғалысы қиында­ды. Жиында күн тәртібінен тыс осы өзекті мәселеге назар аударылып, Б.Сағынтаев бұл жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескертулер айтылғанын еске салды. Қаладағы кәріз жүйесін түпкілікті шешу туралы тиісті тапсырмалар да берілген. Қаладағы төтенше жағдайға дайын болу, қала қызметтері жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ету – әкімдіктің міндеті. Осы ретте орын алған жағдай туралы Астана әкімі Ә.Исекешовтің есебін тыңдай келе, Б.Сағынтаев кәріз жүйесін, су жиналатын құдықтарды дер кезінде тазалау мәселелерін ерекше бақылауға алып, әр жауын жауған сайын су астында қалатын аумақтарда енді қайтып мұндай жағдайды болдырмау үшін кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.
Бұдан кейін Үкімет мүшелері күн тәртібінде жоспарланған тақырыптарды талқылауға көшті. Еліміздегі егін жинау жұмыстары жөнінде баяндаған Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтып өткендей, республикада дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Жалпы, жұмыс штаттық режимде жүріп, қазіргі кезде егін жинау Жамбыл және Түркістан облыстарында аяқталды деуге болады. Аталған өңірлер бойынша орташа түсімділік гектарына 21 центнерді құрады. Егін жинау жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр. Аталған облыстарда дәнді дақылдар жиналатын алқап 3 млн гектарды құрайды, оның 1,1 млн гектары немесе 36,3%-і жиналды. Гектарына 18,1 центнер орташа түсімділікпен 2 млн тонна астық бастырылды. Астықтың жалпы жиналымы 20 млн тонна болады деп болжануда, бұл биылғы қуаңшылық жағдайында елеулі көрсеткіш. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында – қыркүйек айының басында кіріседі. Қазір әкімдіктердің деректері бойынша техникалар егін жинауға 100% дайын. Сонымен қатар егін жинау жұмыстарын кедергісіз атқару үшін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Б.Сағынтаев ауа-райының қолайсыздығына қа­рамастан, өңірлерде егін жинау жұ­мыстары тиісті деңгейде жүргізілуі тиістігін айтты. Осыған байланысты облыстардың әкімдеріне астық жинауды уақытылы жүргізу үшін қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ биылғы астықты қабылдау және өңдеуге арналған элеваторлар мен көкөніс қоймаларын техникалық жабдықтауға ерекше көңіл бөлу қажеттігі нығыздалды.
Отырыста қаралған келесі тақы­рып – алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша Энергетика және Инвестициялық даму министрліктері мәлімет берді. Қ.Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде 4 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталып, 20 қазандық жөнделген. Сондай-ақ 20 турбина немесе жылдық көлемнің 44%-і қайта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда 4 энергоблокта, 31 қазанда және 25 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 21 мың км электр желілері және 497 қосалқы станциялар жөнделді. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 568 қазандықтың 413-ші жөнделген. Сонымен қатар электр станцияларында 2,8 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут қоры әзірленді.
Үкімет басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалпы жүргізіліп жатқанын, алайда жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін айтты. Б.Сағынтаев халықты сапалы көмірмен қажетті көлемде уақытылы қамтамасыз ету және оған баға белгілеуге өңірлердің әкімдері тікелей жауапты екендігін, көмірдің ішкі нарығында өткен жылғыдай жағдайға жол бермеу үшін әкімдер екі апта мерзімде көмірді даярлау және сату пункттерінің жай-күйіне, көмірді жеткізу кестелеріне, көмір бағасының негізділігі мен сапасына тексеру жүргізуі керектігін ескертті.
Жиында инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек қазіргі сәтте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік жаңа жаһандық технологиялық трендтерді есепке ала отырып, 2020-2024 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму тұжырымдамасын әзірлегенін атап өтті. Негізгі қағидалар мен тәсілдер экспортты дамыту және ілгерілетуге екпін қоюмен өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталады. Технологиялар трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға назар аударылатын болады. Бүгінге дейін бағдарламаның іске асырылуы өңдеу секторының тұрақтылығы мен өсімінің динамикасына оң әсерін тигізген.
Тақырыпты түйіндей келе, Б.Са­ғын­таев толық қуатында жұмыс істе­мей тұрған кәсіпорындарды бақы­лауға алуды тапсырды.
Жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы туралы білім және ғылым министрі Е.Сағадиев баяндады. Ол министрлік облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылының басталуына дайындау жұмыстарын жүйелі негізде жүргізіп жатқандығын жеткізді. Республикада 898,4 мың баланы қамтитын 10 311 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 6727-сі – мемлекеттік, 3584-і – жеке меншік. Қазіргі күні 99 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Премьер әкімдерге білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына даярлығын, жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау мәселелерін жеке бақылауға алуды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру