Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Өз баспанаңа қол жеткізудің жақсы мүмкіндігі

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің бір миллионнан астам шаршы метрі пайдалануға берілді. Осыған орай 17 тамызда Алматы қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағытын іске асыру және миллионыншы шаршы метр баспананы пайдалануға беруге арналған баспасөз брифингі өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге жолдама алған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аса қажетті және әлеуметтік маңызды бағыттарының бірі – сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыс барысы мен нәтижелері туралы аталмыш бағыттың операторы ретінде «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ жұртшылықты тұрақты негізде таныстырып отырады. Осы мақсатта өткен журналистермен кезекті кездесуге «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айсұлтан Акчурин, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарушы директоры Еркін Сыздықов қатысып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарушы директоры Еркін Сатыбалдыұлы компания өз қызметінің тұтас кезеңінде бес мемлекеттік және салалық бағдарламаны іске асыруға қатысқанын атап өтті. Осының нәтижесінде шамамен отыз бес мыңға тарта қазақстандық меншікті баспанамен қамтамасыз етілді.
– Нұрлы жер» бағдарламасы­ның («Қолжетімді баспана – 2020», Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағ­дарламасы «Нұрлы жер» бағдар­ламасына біріктірілген) негізгі операторларының бірі ретінде Қазақстан ипотекалық компаниясы бүгінгі таңда сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін тұрғын үйдің 1 миллионнан астам шаршы метрін пайдалануға берді (жоспар бойынша биылғы жылдың соңына дейін 972 мың шаршы метр). Бағдарлама тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы мақсатынан бөлек, республикамыздың құрылыс саласын дамытудың драйверіне айналды. Біз қазақстандық қамтуды шамамен 100 пайызға жеткіздік деп айта аламыз. Құрылыс, инже­нерлік және әрлеу жұмыстары кезінде негізінен қазақстандық өндірушілердің материалдары қолданылды. Жалпы алғанда, еліміз бойынша 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. «Сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жаңа қалалық аумақтарды инфра­құрылымдық дамытуға да себеп­ші болды, қалалықтар мен жер­гілікті муниципалдық билік­тің ынтымақтастығының жаңа мүмкін­дік­терін айқындады, – деді Еркін Сыздықов.
«Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдар­ламасы көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасылар мен жетім балаларды, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, оралмандарға, 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігін жасауға арналған. Бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынған күннен бастап бүгінгі таңға дейінгі уақыт ішінде жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, бүкіл еліміз бойынша 17 мыңнан астам кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үй бөлінді. Бұл отбасы мүшелерін қоса алғанда 50 мыңнан астам адам баспанаға ие болды деген сөз. Компанияның өндірістік жоспарларына сәйкес биылғы жылдың соңына дейін Қостанай, Қарағанды, Өскемен және Орал қалаларында 41 мың шаршы метрден астам тұрғын үй (703 пәтер) пайдалануға беріледі.
Сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін тұрғын үй – халыққа қажетті мемлекеттік бағдарлама. Сатып алу құқығымен жалдау мерзімі – 20 жылға дейін. Жалдау мерзімі өткеннен кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді. Бағдарламада мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Барлық пәтерлер кезекте тұрғандарға әрленген күйінде ұсынылады. Әлеуметтік бағдарланған ипотекалық өнім­дермен салыстырғанда, аталмыш бағдарлама бастапқы жарна үшін ірі жеке жинақтарды талап етпейді. Сондықтан халықтың әлеуметтік осал топтарына теңестірілген көптеген азаматтар үшін – бұл өз баспанасына қол жеткізудің жалғыз мүмкіндігі болып табылады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру